in

Абай елі – өнер кеніші

Елдің рухани тұтастығын паш ететін ерекше ша­ра­лар легі көрерменге ерекше көңіл күй сый­лап, ұлы ақынның шығармаларын насихат­тап отыр. Соның бірі – Семей қаласындағы Абай алаңында мерейтой аясында өткен «Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының облыстық концерті.

Мерекелік шара Абай елі рет­інде танылған өңірдің мәдени-ру­хани әлеуетін паш етіп, аудандық деңгейдегі талантты өнерпаздарға өз өнерін кең ауқымда танытуға мүм­кіндік берді. Облыстың әр түк­пірінен жиналған өнер ұжымдары ұлттық мәдениеттің үздік үлгілерін сахнаға шығарып, көрерменді рухани бай мұрамен сусындатты. 

Концертте дәстүрлі ән мен күй, терме мен би, театрландырылған көріністер мен заманауи өнер туын­дылары орындалып, көрер­мен назарына жергілікті мәден­иеттің байлығы мен алуан түрлі­лігі ұсынылды. Шара – өнердің са­бақ­тастығын, халық шығарма­шылығының өміршеңдігін айқын­даған мазмұнды кеш болды.

Кеш барысында Көкпекті, Жарма, Үржар, Бесқарағай, Аягөз, Ақсуат және жаңа Семей аудан­дарынан келген өнерпаздар ән шырқады. Олар  сахнада бірлік пен татулықтың көрінісін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі күй сыйлады. Шараға Абай облысының 10 аудан­ынан 150-ге жуық өнерпаз сахнада өнер көрсетті. Олар ән айтып, би билеп, күмбірлеген күйлерін тарт­ты. Айта кетерлігі, маусым айында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында жүлдегер атанған үздік ұжымдар осы кештің сәнін кіргізді. Бірінші орынды жеңіп алған Абай ауданының өнерпаздары, сондай-ақ Аягөз бен Үржар аудандарының ұжымдары өздерінің ең жарқын нөмірлерін сахнада қайта жаң­ғыртты.

«Бұл концерт жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар халық өнерін қолдау жолындағы маңызды қадам болды. Дәл осын­дай шаралар арқылы жаңа есімдер ашылып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық нығайып, рухани құн­дылықтар жалғасады деп сенеміз», – деп атап өтті Абай облысы­ның Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері.

Көптің ықыласына бөленген концерт ел ішіндегі өнер иелері­не қолдау көрсетіп, өңірлік мәден­иетті дамытуға серпін берген ма­ңыз­ды мәдени оқиға ретінде есте қалды.

«Абай елі – өнер кеніші» атты аудан өнерпаздарының концерті­мен қорытындыланды. Қала қон­ақ­тары мен тұрғындары ерекше кештің куәсі болып, бір серпіліп қайтты.

С. БЕГІМБАЙ