Абайтану мен қазіргі қазақ әдебиетін зерттеуге 30 жыл ғұмырын арнаған қаламгер осы уақыт ішінде ғылыми мақалалар жазып, елдің рухани кеңістігіне сүбелі үлес қосты. «Абай ілімі: Ұлттық кодымыз», «Абай поэзиясындағы ақын бейнесі» сынды зерттеулері мен академик Уәлихан Қалижанмен бірлесіп жазған «Ұлы Абай» атты сұхбаты –соның айғағы. Абайдың туған топырағына сапар шегіп, ұлы ақын туралы тебірене жазған өлеңдері де бар. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай сол жүректен шыққан жырлардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ КАИРДЕ
Ризамын, бас иемін Тәңірге,
Бір Аллама бас иесің бәрің де!
Ұлы Абай ескерткіші қойылды,
Мысыр елі астанасы Каирде!
Египеттей ежелгі ел – көне елді,
Көрсетуге: «Ұлы Абай», – деп бөгелді,
Мысырдағы Қазақстан елшісі,
Арман мырза бастап ала жөнелді.
Ақындықтан биік тартып өр кеудем,
Бала-шаға, көріп қарт та еңкейген,
«Еркіндік, достық» сая бағында,
Тас мүсіні – ұлы Абайдың көркейген.
Мысыр елі орналасқан орман боп,
Таңқалатын тоғысатын жолдар көп,
Ескерткішке алып барды елшіміз,
Ұлы Абайдың әруағы қолдар деп.
Елші Арман ой-санадан өткізді,
Алып барды аялдатпай көп бізді,
Каирге өзі жолаушылап жеткен жоқ,
Ұлы Абайдың жыр-өлеңі жеткізді.
Бүгінгі күн атқандайын таң ғажап,
Ұрпақтарды солай елге жалғамақ,
Ұлы Абайдың ескеркіші маңында,
Жиналғандай рухыменен бар қазақ!
Ғажайыпты көрмегендей мынадай,
Тас мүсін боп тұрып қапты тірі Абай,
Ұланғайыр астанасы Мысырдың,
Ұлы Каир қаласында ұлы Абай!
Астанадан басталар жолдар басы,
Қолдаумен қойылған ордам басы,
Бұл мүсін – Хсейн Әль Шафидың қаражаты,
Скульптор Усама Эл-Сердейдің қолтаңбасы.
Ұлы Абайдың ескерткіші дем бердің,
Неміс елі, Үнді елінен көргенмін,
Әлемдегі Ніл өзені толқытқан,
Перғауындар елінде алғаш мен көрдім.
Дана ақынға айта алады қой деп кім,
Жіп тізгендей айтатұғын ойды өткір,
Фараондар мекенінде мәңгілік,
Ұлы Абайдың ескерткіші сөйлеп тұр!
Қазағымның қайғысына төзсең де,
Ақын жүрек қалай қарай кезсең де,
Ескерткішің мәртебесі қазақтың,
Сөйле, Абай! сөйле әлемге, сөз сенде!
БЕРЛИНДЕ КӨШЕСІ БАР ҰЛЫ АБАЙДЫҢ
Тағдырдан үлкен даңғыл сұрамаймын,
Көзіндей сұлу әсем құралайдың,
Түп-түзу атқан оқтай, әрі шағын,
Берлинде көшесі бар ұлы Абайдың.
Біреу сеніп, ал бұған, сенбесе де,
Бұл жерді болатындай ел десе де,
Қарсы қарап үйлер тұр екі бірдей,
Ұлы Абай атындағы сол көшеде.
Екі үйдің бойында жоқ кемшілігі,
Қандай жақсы дүние кеңшілігі,
Бір үйде желбіреген Көк байрағы,
Еңселі Қазақстан Елшілігі.
Елшілік – өз үйім ғой төрлегенім,
Ерекше сағыныш қой Ел дегенің,
Екінші үй – күйеу балам тұратын үй,
Сол үйге Алатаудан мен келемін.
Осы үйде шертем жырмен толғауымды,
Ойлаймын шетте жүріп ел қамыңды,
Сол үйде жыр жазамын күні-түні,
Еске алып өткен-кеткен жолдарымды.
Жырыммен көзбен көрген анықты айттым,
Құстай ұшып көгімде қалықтайт күн,
Рахымжан Қошқарбаев ағамды еске ап,
Мен бүгін Рейхстагқа барып қайттым!
Тәуелсіз боп қазағым жасың тидың,
Қоңыр үні естілер асыл күйдің,
Мұстафа Шоқаевтың қабіріне,
Мен бүгін оқып бата басымды идім.
Ақ бұлттың пердесінде Күн арайлым,
Түседі-ау Алатаудан шырадай күн,
Бұл да бір қазағымның бақыты ғой,
Берлинде көшесі бар ұлы Абайдың!..
ГЕТЕ – ЛЕРМОНТОВ – АБАЙ
1978 жылы жазушы Қалмұқан Исабаев неміс қаласы Ильменаудағы В.Гетенің музейіне ескерткіш тақта орнатты. Мрамор тақтада «Қараңғы түнде тау қалғып» атты Абай тәржімалаған Гете өлеңі қазақ тілінде жазылған. Бұл әлемге сапар шеккен Абай жырларының бір ғасырдан астам уақыттан кейін ақынның туған еліне тұңғыш оралуы еді.
Өлең болып өркеш-өркеш шыңдары,
Танытам деп таудай биік тұлғаны.
Ақын Гете осы жырды, әйтеуір,
Өз халқының жүрегімен жырлады.
Жылдар өтті, ғасыр жатты сан алда,
Жорық жасап алынбайтын қамалға,
Қылыш, найза, семсер алмай, жүрекпен
Гете өлеңі сапар шекті ғаламға.
Оң сапарын өлеңінің оңғарып,
Гете ақынның перзент жырын қолға алып,
Лермонтов та өз ұлындай көтерді,
Әз халқының жүрегімен толғанып.
Россиядан тура тартып бұрылмай,
Сахараға шауып жеткен құлындай,
Абай өлең айдарынан сипады,
Қара көзді қазағымның ұлындай,
Қайран қазақ иманындай, сырындай.
Бір иісе шабыт деген саулар бұлт,
Бар қазақтың жаз жүрегін баурар ғып,
Гетені Абай ана тілде сөйлетті:
«Қараңғы түнде…
Қараңғы түнде тау қалғып…».
х х х
Осылайша сезімді өлең, ойлы өлең,
Сан қамалды, шекараны жойды өлең,
Орыстарда Лермонтов боп сөз алып,
Қазағымда Абай болып сөйлеген!
Өтеді, Уақыт өтеді,
Келеді толқын, кетеді.
Адамзаттың екі елі
Маңдайына жаралған,
Жұмыр Жер ғой мекені.
Жанады жұлдыз, жанады!
Атады алда таң әлі.
Батады күн де сан әлі.
Біздерге дейін, бізден де
Қалады, өмір, қалады.
Өмірмен бірге қалды де,
Теңізге тамшы тамды де,
Жұлдызы жарық жанды де,
Жүрекке жетсе баурар ғып.
Мәңгілік қалар мәңгіге:
«Қараңғы түнде тау қалғып…
Қараңғы түнде тау қалғып»…
КҮН МЕН ТҮН
Баллада
Түн мен күннің арасын
Жалғадым осы жырменен.
Қөздің ақ пен қарасын
Бөліп алған нұрлы әлем.
Түн мен Күннің бірінде,
Бір жағына тұрса ауар.
Абай ақын: – Ұлым, – деп
Ұлына қойған бір сауал:
– Ұйқы менен ояудың
Жағады, – депті – қайсысы?
Ақ пен қара бояудың,
Бағалы, депті – қайсысы?
Дәлелдеп бәрін толғанып,
Ойланып барып тап, – депті.
Баласы бір күн ойланып,
– Бағалы бояу – ақ, – депті.
Бұл сөзі ұлдың ұнамай,
– Дәлелсіз айту – жаманы.
Меніңше, – депті ұлы Абай, –
Қара бояу бағалы…
Түн түн болып толғаса,
Ойға батпас шақтар аз.
Қара бояу болмаса
Түк айтпайды ақ қағаз.
Адамға әсем, сымбатты,
Тұратын бояу жарасып.
Дүниеде қымбатты
Көзде емес пе қарашық?
Айтса да сөзін ояудың,
– Меніңше, – депті баласы –
Ақ пен қара бояудың,
Жер мен көктей арасы.
Ақынның ұлы саналы,
Ақылдан басын имепті:
– Ақ бояу қымбат болары,
Ақ емес пе Мый? – депті.
АБАЙ ҚАБІРІ БАСЫНДА ТУҒАН ОЙ
Бір Алатау жерленгенге ұқсады,
Халқым тауын қалай ғана қиды екен?
Жұмыр жерді орап алған құшағы,
Тар қабірге қалай ғана сыйды екен?
Қайран ұлын халқына да қимаған,
Құшағына алып жатыр от мекен.
Бар қазақтың маңдайына сыймаған,
Бір табытқа қалай сыйып кетті екен?
Ескерткіш боп, нәзік жанын ұрлатып,
Ақын шексіз сырға батқан сияқты.
Бар әлемді жүрегімен тыңдатып,
Өзі жайлы тыңдап жатқан сияқты.
Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері