in

Электрвелосипед – урбанизация талабы

Оған басты себеп – жаңа заңның күшіне енуі. Осыған дейін тиісті орган өкілдері мопедтің тіркеу нөмірі болуы қажет екенін міндеттеген еді. Ереже қолданысқа енгелі бері біршама курьер мопедті тастап, электрвелосипедке ауысқан. 

Басқару жеңіл әрі құны арзан

Бүгінде қалада электрвелосипедке сұраныстың артқаны байқалады. Әсіре­се, курьерлердің аталған көлік түріне ауыса бастауының да өзіндік себебі бар. Өйткені электрвелосипедтің бағасы са­лыс­тырмалы түрде арзан әрі құжат рәсім­деу­ді қажет етпейді. Осыған байланысты біз де көлік түрін сатумен айналысатын бір­қатар дүкенге хабарласып көрдік. Олар кө­лік жүргізушілері арасында электр­ве­ло­сипедке деген сұраныс көбейгенін рас­тады. 

– Бізге жалға алу немесе сатып алу бойын­ша жүгінетіндердің көбі – дәл осы ку­рьерлік қызметте істейтін жастар. Ра­сын­да, заңнамалық өзгерістерден кейін мо­педке деген сұраныс біршама төмендеді. Ал электрвелосипедті басқару жеңіл әрі са­тып алу құны да арзан, – деп жауап берді дүкен сатушыларының бірі. 

Қазір Алматыдағы электр­ве­ло­си­пед­тердің бағасы шамамен 75 мың тең­геден бас­талады. Бір ескеретін жайт, бұл – OLX сай­тында жарияланған ұсыныстардың ең тө­менгі көрсеткіші. Бұл қатарға кіретін электр­велосипедтер көбіне осыған дейін қолданыста болған немесе кейбір бөліктері қайта ауыстыруды қажет етеді. Ал жаңа, сенімді брендтердің орташа бағасы 300 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін барады. Олардың арасында премиум үлгілер мен жиналмалы жаңа модельдер де бар. 

15 мыңнан астам мопед тіркелген

Жаңа талап енгізілгелі бері бір айға жуық уақыт ішінде Алматы қа­ла­сында мопед жүргізушілеріне қатысты 2 600-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. Онымен қоса, 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айып­пұл тұрағына қойылыпты. 

Алматы қаласы Полиция депар­та­мен­ті­нің берген мәліметіне сүйенсек, қазір қа­лада мопед тізгіндеушілердің 90 пайызға жуы­ғы тіркеуден өткен, яғни 15 мыңнан ас­там мопед заңды түрде пайдаланылады. Мамандардың сөзінше, мопед санының азайып, электрвелосипедшілердің артуы жол апаты көрсеткішінің төмендеуіне әсер еткен. Урбанистер де қала ішінде элект­р­ве­лосипедпен жүру ыңғайлы әрі эколо­гия­лық тұрғыда тиімді екенін айтып отыр.

– Иә, мопед жүргізушілерінің саны Алма­ты қаласында едәуір азайды. Бұл – біз­дің бастамамызбен заңға енгізілген мін­детті тіркеу жөніндегі өзгерістердің нақ­ты нәтижесі. Осы өзгерістер күшіне ен­­­­­геннен кейін көп курьер электрвелоси­пед­ке ауысты. Бұл тенденция қаладағы қоз­ғалысты ретке келтірді. Бұрынғыдай бей­берекет жол ережесін жиі бұзатын мо­пед ағыны төмендеді. Қала көшелеріндегі ахуалға қарап, мопедтер айтарлықтай азайғанын және қозғалыстың біршама қауіп­сіз бола түскенін байқауға болады. Сәй­кесінше, жол-көлік оқиғаларының жал­пы саны мен ауырлығы да төмендей бас­тады. Бұл – мопед иелерінің азаюымен қа­тар, тіркеу мен бақылау күшеюінің оң әсе­рі. Қалалық ортада осындай жеңіл әрі қауіп­сіз көлік түрлерінің көбеюі – қазіргі ур­банизация мен мобильділіктің тиімді ба­ғыты, – деді урбанист Гүлмира Байға­бұлова.

Тиісті инфрақұрылым қажет

Дегенмен курьерлер электрвелосипедке ауыс­қанымен, қалада инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Бұл жағдай жолдағы қауіпсіздік мәселесін ше­шу­дің орнына жаңа проблема туындатпай па? Маманнан сұрап көрдік.

– Электрвелосипед саны артқанымен, олар­ға арналған инфрақұрылым, соның ішін­де веложолақтар, қауіпсіз тұрақтар, ар­найы белгілер әлі де жеткіліксіз. Сон­дық­тан электрвелосипед жүргізушілері кө­лік немесе жаяу жүргіншілер жолымен жү­руге мәжбүр. Дегенмен бұл мәселені ше­шуге болады және қазірдің өзінде ал­ғашқы қадамдар жасалып жатыр. Атап айт­қанда, қала әкімдігі велоинфра­құры­лымды дамыту бағытында жұмыс жүргізіп ке­­леді. Жаңа веложолақтар салынып, қол­­даныстағы жол кеңейтіліп жатыр. Әри­не, қазіргі жағдайда инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз болғанымен, бұл шешімін та­батын мәселе деп ойлаймын, – деді ол.

Электрвелосипедке сұраныстың ар­туы урбанистикалық тұрғыда жаңа шешімдер мен инфрақұрылымдық өз­герістерді талап етеді. Оның бір себебі –  аталған көлік түрін ресми түрде тіркеудің қа­жеті жоқ. Сондықтан жауапты органдар ал­дында енді электрвелосипед қозғалысын реттеу мәселесі тұр.

– Электрвелосипедке деген сұраныс тек көлік құралы ретінде емес, сонымен қа­тар қоғамдық денсаулық пен өмір са­па­сына әсер ететін фактор ретінде қаралуы тиіс. Бұл көлік – адамдарды физикалық бел­сенділікке итермелейтін денсаулыққа пай­далы қозғалыс түрі. Қала тұрғын­дары­ның көбірек қозғалып, белсенді болуына мүмкіндік береді. Сол себепті бұл – тек ло­гистикалық емес, әлеуметтік тұрғыда маңыз­ды шешім. Бұл тенденция урбанис­тика­лық тұрғыда бірқатар нақты өзгерісті талап етеді. Атап айтсам, қауіпсіз әрі ың­ғайлы велоинфрақұрылым, қоғамдық жә­не жеке электрвелосипедтерге арналған тұрақтар, зарядтау нүктелері, сондай-ақ мектеп пен жұмыс орындарына дейінгі мар­шруттарды ыңғайлы ету мәселесін қа­растыру керек, – деді Г. Байғабұлова.

Ресми дерекке сүйенсек, биыл қаңтар айы­­нан сәуір айына дейінгі аралықта мо­­пед­терге қатысты 233 жол апаты тір­ке­ліп, оның салдарынан 243 адам зардап шек­кен. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы