Бұл туралы бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толкын Киличев мәлім етті. Ол аталған мәлімдемесін Бангкокта жасөспірімдер мен жастар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
«Өзбекстан бокста өзінің нөмір бірінші екенін дәлелдеп келеді. Құдай қаласа, World Boxing ұйымы аясында өтетін жарыстарда да бірінші орынға шығамыз. Бұйыртса, Сәкен Жетібайұлы World Boxing-тің президенті болады», – деп ашық мәлімдеме жасады Киличев.
Айта кетейік, өзбекстандық маман айтып отырған Сәкен Полатов – 1975 жылы Ташкент облысында дүниеге келген этникалық қазақ.
2002 жылы Ташкент мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Алайда спортқа деген қызығушылығы медицинадан басым түсіп, өмірін спорт саласына арнады. Бүгінде ол Өзбекстандағы жетекші спорт менеджерлерінің бірі саналады. 2019 жылдан бастап ҰОК төрағасының орынбасары және елдегі бокс федерациясы басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді. Ал 2021 жылы Азия бокс конфедерациясының вице-президенті болып сайланған еді. Ал мамыр айында Азия бокс конфедерациясының вице-президенті қызметіне сайланды.
Сәкен Полатовтың өзбек бокс мектебін әлемдегі жетекші деңгейге көтерудегі еңбегі зор. Сонымен қатар ол футбол менеджменті саласында да мол тәжірибе жинақтаған. Атап айтқанда, оның басшылығымен «Локомотив» футбол клубы үш мәрте ел чемпионы атанып, тағы үш рет Өзбекстан кубогын иеленді.
Ескеретін жайт, World Boxing – 2023 жылдың сәуірінде құрылған Халықаралық бокс федерациясы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.