in

Көлік – экономиканың қозғаушы күші

Президент, ең алдымен, көлік са­ла­сы қызметкерлерін кәсіби мереке­сімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.

– Мемлекет үшін көлік саласы­ның стратегиялық маңызы айрықша. Бұл – айқын нәрсе. Көлік жүйесі – әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары – эко­номиканың қозғаушы күші, өсіп-өр­кендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті бірегей деуге болады. Қазақ­стан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халық­аралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика ор­та­лы­ғын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асыр­дық. Бұл қадам халықаралық жүк та­сымалын арттыруға септігін ти­гізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфра­құрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын айтты.

– Логистика орталықтары және қоймалар салынуда. Теміржол құры­лысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айна­лымын ұлғайтуға мүмкіндік бере­ді, экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Биыл «Достық – Мо­йын­ты» теміржолының екінші желісі салынып бітеді. Соның арқасында жүк көлемі бес есе артады. Осы ау­қым­ды жобаны, не­гізінен, өз жұмыс­шыларымыз жү­зеге асырып жатқа­нын да атап өту қа­жет. Сондай-ақ жыл соңында Ал­маты бекетін ай­налып өтетін теміржол іске қосылады. Нәтижесінде, жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқар­мақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті бо­л­уы керек. Сол себепті алдағы уақытта еліміздегі теміржолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаң­ғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тап­сыр­маммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кірін­ше, тағы бір маңызды бағыт – машина жасау секторы. Әлемнің ең озық ком­панияларын тарта отырып, жергілікті өндірісті дамыту өзекті.

– Қазір Қазақстанда шетелдік үздік компаниялар жұмыс істейді. Мен жыл басында Астанадағы электровоз құрастыру кәсіпорнына бардым. Онда жүк және жолау­шылар тасымалдайтын электровоз бен қосалқы бөлшектер шығарылып жатыр. Ең бастысы, осындай маңызды жұмысты өз мамандары­мыз атқаруда. Мемлекет мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсете бермек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әуе­қатынас­тарын дамыту көлік сая­сатындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Бүкіл ел бойынша авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр Алматы, Шым­кент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Қатонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салы­нып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолау­шылар нөпірін көбейтіп қана қой­майды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатыр­мыз. Қазір Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуеқатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа ай­налдыру.

– Үкімет ұлттық жүк тасымал­даушы әуекомпаниясын құру ту­ралы жоспарын мәлімдеді. Жалпы, еліміздегі азаматтық авиация мен әуе арқылы жүк тасымалын дамыту мәселесі тек көлік қызметі ретінде қарастырылмайды. Оның ауқымы одан әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің экономикалық өсіміне, халық­аралық аренадағы орнына және егемендігіне тікелей әсер ететін стратегиялық вектор, – деді Пре­зидент.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы автокөлік жолдарының сапа­сын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– Былтыр 7 мың шақырым ав­то­көлік жолы пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан бағытындағы күрежолдар жаңғыртылды. Жергілікті автокөлік жолдары да жөнделіп жатыр. Мұн­дай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет іске асатын болды. Бұдан бөлек, басқа да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтыр халық көптен күткен Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осы өткел екі облысты және жеті ауданды байланыстырады, сондай-ақ Қытай мен Ресейді жалғайды. Шақпақ баба асуында еліміздегі ең алғашқы туннель іске қосылды. Шын мәнінде, «Жол – тіршілік көзі, жол бар жерде қайнаған өмір бар» деп бекер айтылмаған. Осы нысандардың игілігін ең алдымен халық көреді. Сапалы жол азамат­тардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызмет­керлеріне шынайы ризашылығым­ды білдіремін. Біз бір ел болып заң мен тәртіпке бағынатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды жұмыс, оны міндетті түрде орындауымыз керек. Көлік саласы мамандары өз міндеттерін мінсіз атқарып, мемлекеттік маңы­зы бар іске белсенді түрде атсалысып келеді. Алдағы уақытта да ел игі­лігіне қызмет етесіздер деп сенемін. «Еңбек еткен елден ырыс кетпейді» дейді халқымыз. Еңбекқорлық пен кәсібилік – өркениетті қоғамға тән қасиеттер. Еңбек адамы ең жоғары марапатқа лайықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында еліміздің көлік саласын дамытуға, қатынас жолдарының инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңғыртуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақстан темір жолы» компания­сының ардагері Қалтай Сәмбетовке берілді. Ол 66 жыл үздіксіз жұмыс істеп, теміржол саласын және көлік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосқан. Ең жоғары мемлекеттік награда көлік саласының өкіліне алғаш рет табысталып отыр.

Сондай-ақ былтыр мемлекеттік награда­лар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Соның бірі – «Қазақстанның көлік сала­сының еңбек сіңірген қайраткері». Бүгін бұл құрметті атақ еңбек ардагерлері – Борис Исинамановқа, Владимир Аверкинге, Қанат Шайминге және Андрей Горватқа берілді.

Жиында сала ардагері, «Қазақ­станның Еңбек Ері» Қалтай Сәм­бетов, «Гидро­техникалық құры­лыстар» филиалы Бұқтырма шлю­зі­нің «Тайфун» сүңгуір стансасының капитаны – жоғары санатты механигі Владимир Авер­кин, «Шымкент әуежайы» АҚ ұшу аппараттарын жуушы Нұрзейнеп Пірманова сөз сөйледі.

Б.МАРАТҚЫЗЫ