Жоба аясында ауылдық жерлерде медициналық насандар салуды, ауыл халқы үшін медициналық қызметтерді қолжетімді етуді тапсырған-ды. Президенттің осы тапсырмасы аясында БҚО-да 50 медициналық нысан салу жоспарланған еді.
Президент тапсырмасына сай медициналық нысандар алдымен алыс ауылдармен шалғай жатқан елді мекендерге салынып жатыр. Жоғарыда аталған 50 медициналық нысан ішінде 11 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 18 медициналық пункт салынады деп күтіліп отыр. Осының ішінде соңғы екі жылда 36 нысан пайдалануға берілсе, биылғы жылға жоспарланған 14 нысанның 11-і пайдалануға беріліп үлгерді. Сондай қуанышты жаңалық Сырым ауданына қарасты Шағырлыой ауылдық округінде болды. Ауыл халқына арналып жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді.
Осы күні ауыл халқының қуанышына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады. Қызыл лентаны ауыл ақсақалы Сағидоқас Бақтығалиев пен өңір басшысы бірге қиып, батасын берді.
– Президентіміз Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт денсаулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын. Бүгін Сырым ауданының Шағырлыой ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы – баршамыз үшін қуанышты оқиға. Енді ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл нысан аналар мен балалардың, жалпы ауыл тұрғындарының саулығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында ашылып отырған осы нысан ауылдықтардың көптен күткен қуанышы. Бұрын әбден ескірген ғимаратта қызмет алып келген ауыл тұрғындары үшін заманауи жарқыраған кең медициналық пункт хан сарайындай көрінеді.
600-ге жуық тұрғыны бар Шағырлыой аудан орталығынан шамамен 20 шақырымдай жерде орналасқан. Жас балалар мен босану жасындағы әйелдер санының көптігі алғашқы медициналық көмектің сапалы әрі қолжетімді болуын айрықша қажет ететінін көрсетеді. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін жаңа ФАП-тың ашылуы көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Ауыл тұрғындарынан бұрын ауылда қызмет атқаратын медицина саласының мамандары қуанып жатыр.
Фельдшерлік пунктке Айымкүл Аққайырова жетекшілік етеді. Туған ауылында 1990 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне шын берілген, тәжірибелі маман.
– Ауыл тұрғындары үшін де, біз үшін де заманауи орында қызмет көрсету – үлкен қуаныш. Бұрын ескі ғимаратта да халықты қабылдап жүрдік. Ал енді осы жерде қажетті анализдерді алып, аудан орталығына апарып тапсырып отырамыз. Жүкті әйелдер мен балаларды да қабылдайтын жағдайымыз бар. Ауыл адамдары ауданға шаппай, қажетті көмекті өзімізден ала алатыны қуантады, – дейді Айымкүл Аққайырова.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылысы былтыр басталған нысан биыл сәтімен аяқталып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеп жатыр. Медициналық пункт 15-20 адамды қабылдай алады. Ғимарат ішінде фельдшердің қабылдау бөлмесі, ем-шара, екпе егу, физиотерапия, акушерлік қарау бөлмелері мен залалсыздандыруға арналған арнайы бөлмелер толық қамтылған. Қазір бұл жерде екі медицина қызметкері, бір кіші қызметкер және бір жүргізуші қызмет етеді.
Жаңа медициналық нысанның ашылуына орай ауыл тұрғындары да жылы лебізін білдіріп, алғысын жаудырды. Соның бірі – Байболатовтар отбасы.
«Адам жанының арашасы болған жандардың еңбегі өлшеусіз. Айымкүлдей абзал жанның шипалы қолы талай жанға медет болды. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген облыс, аудан басшылығына алғысымыз шексіз. Жаңа ФАП – ауылымыз үшін үлкен серпін», – деді олар.
Жалпы, 2023-2025 жылдары БҚО бойынша 37 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Тек биылдың өзінде бес нысанға күрделі жөндеу жүргізу жоспары тұр. Атап айтсақ, бұл – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық онкологиялық диспансердің радиология бөлімшесі, Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасы және Қаратөбе ауданының екі дәрігерлік амбулаториясы. Сондай-ақ 8 модульдік медициналық ғимарат сатып алынып, қолданысқа берілді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы