in

MindShield: дерттi дереу танитын білезік

Бүгінде Паркинсон ауруына тым кеш диагноз қойылады. Ауру асқы­нып, адамдардың күйзеліске түсетіні де содан. Соның ықпа­лы­нан па­циент­тер қымбат операция­ларға түсуге мәжбүр болады. MindShield деп аталатын мобильді қо­­­сымша мен білезік Паркинсон ау­руын ерте диагностикалай ала­ды. Ақылды жүйе қол қимылдары ар­қылы ауру­дың алғашқы бел­гілерін анықтау үшін нейрондық желілер мен ком­пьютерлік көруді пайдаланады. 

Тосыннан келген идея

MindShield идеясы жайдан-жай туған жоқ. Команда мүше­ле­рінің бірінің атасы осы дертке шалдыққан екен. Отбасы аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде аңғара алмай, дәрігерге кеш жү­гінген. Бұл оқиға жас зерттеуші­лер­дің дертті жеңуге деген құлшы­нысын ашады.

– Бұл идея біз үшін маңызды оқиғадан туындады. Команда мү­шелерінің бірінің атасы Пар­кин­сон ауруына шалдықты. Өкінішке қарай, отбасы мүшелері алғашқы Паркинсон белгілеріне (қолдың дірілдеуі, сөйлеу қиындығы) кеш назар аударып, дәрігерге тым кеш жүгінген. Жүрек ауруына байла­нысты операция жасау мүмкін бол­мады. Атасы өмірінің соңғы жыл­дарында сөйлеуі бұзылып, күн­делікті іс-әрекеттерді жасау қиынға соқты. Бұл оқиға біздің ко­манданы терең толғандырды. Осындай жағдай қайталанбауы үшін мамандармен кеңесіп, жағ­дайды талдай келе, ерте диагнос­тика бағытында жұмыс істеу нағыз тиімді шешім екеніне көзіміз жет­ті, – дейді жобаның дата-са­рап­шысы және бағдарламалаушысы Аружан Серғалиева.

MindShield қалай жұмыс істейді?

Команда мүшелерінің айтуын­ша, қосымшаны қолдану үшін па­циент жай ғана қысқа видео тү­сіреді. Видео кезінде саусақтары­мен бір-біріне соғып, қол қимы­лын көрсетеді. Бұл тест арқылы жүйе адамның қимылын талдап, Паркинсон белгілерінің ықтимал­дығын пайызбен шығарады. Бұл бейнені жасанды интеллект тал­дап, қозғалыс дәлдігі мен тремор деңгейін есептейді. Тиісінше, жүйе 93% дәлдікпен ауру бар-жоғын көр­сетеді. Ал білезік ше? Ол – жү­йенің екінші деңгейі. 

– Біздің прототип – бұл Пар­кинсон ауруына шалдыққан адам­дарға қолдағы треморды дәрі-дәр­мексіз жеңілдетуге көмек­те­сетін анти-треморлық білезік. Ол Arduino Pro Mini арқылы жұмыс іс­тей­ді және тремор қозғалыстарын анықтап, талдау үшін MPU6050 сенсорын пайдаланады. Пайда­ла­нушы батырманы басқанда, білезік 15 секунд бойы қозғалыс дерек­­терін жинайды, содан кейін ор­натыл­ған алгоритмдер арқылы тре­мордың жиілігі мен күшін есеп­тейді. Осы деректерге сүйене оты­рып, білезік білекте орналасқан шағын моторға қаншалықты күшті вибрация беру керегін есептейді. Бұл дәл бағытталған қарсы виб­рациялар треморды бәсеңдетуге көмектеседі. Білезік қолдың сыр­тына тағылады және USB-C ар­қылы қуатталады, – дейді Аружан Серғалиева.

MindShield білезігі күнделікті қолдануға ыңғайлы болу үшін арнайы жасалған. Ол Паркинсон ауруына шалдыққан адамдарға ар­налып, ұсақ моторикасы нашар­лаған адамдарға да оңай тағылатын үш белдікті жүйемен жабдықт­ал­ған. Құрылғы қолда берік ұсталып, күнделікті әрекеттерге кедергі кел­тірмейді, ал салмағы жеңіл және қуаты бірнеше күнге жететі­ні – оны ұзақмерзімді әрі тұрақты қолдануға мүмкіндік береді. Алайда осындай күрделі құрыл­ғыны жасау оңай болмаған. 

– Жобаны іске асыру ба­ры­сында ең үлкен қиындықтардың бірі –  нейрондық желіні оқыту үшін қажетті медициналық мәлі­меттердің жеткіліксіздігі болды. Себебі мектеп оқушылары ретінде бізде медициналық ұйымдардың жабық деректер базасына қол жет­кізу мүмкіндігі болмады. Сондық­тан біз тек ашық дереккөздердегі мәліметтермен шектелуге мәжбүр болдық, – дейді команда мүшелері.

Үлкен сынақтан өткен құрылғы

MindShield жобасы – тек идея емес, нақты сыналған құрылғы. 15 пациентке тестілік сынақ жүргі­зі­ліп, оң нәтиже көрсетілген. Жоба ENACTUS чемпионатында 2-орын, MedTech байқауында 1-орын ие­леніп, Pizza Pitch фина­лына жолда­ма алған. Оған қоса, 250 мың тең­ге­ден астам инвести­ция тартылған.

– Қазір MindShield жобасы жабық бета-тестілеу кезеңінде тұр. Біз алғашқы пайдаланушылармен жұмыс жүргізіп, нақты деректерді тексеру арқылы жасанды интел­лект моделінің дәлдігін арттыру­дамыз. Жобаға 5 ай көлемінде қар­қынды жұмыс жүргізілді. Жа­қын болашақта қосымшаны App Store мен Google Play платформа­ларында ресми түрде жариялау жоспарланып отыр. Жобаның ресми нарыққа шығуы алдағы 3-4 айда жоспарланып отыр, – дейді команда мүшелері.

Олардың ендігі мақсаты – MindShield қосымшасының мүм­кіндіктерін кеңейту. Жоба автор­лары жүйені тек Паркинсон ау­руы­мен шектемей, оның әртүрлі кезеңін анықтап қана қоймай, эссенциалды тремор сияқты өзге де нейродегенеративті аурулардан ажырата алатындай деңгейге жет­кізуді көздейді. Сонымен қатар бо­лашақта MindShield медици­на­лық жасанды интеллект платфор­ма­ларымен және электронды медициналық карталар жүйесімен біріктіріліп, науқас жайлы дерек­тер автоматты түрде дәрігерге жі­берілуі жоспарланған. Бұл өз ке­зе­гінде диагноз қою процесін жыл­дам әрі дәлірек етеді.

Жоба авторлары ғылыми-зерт­теу институттары, университеттер мен клиникалармен тығыз әріп­тестік орнатуға ниетті. Бұл ғылыми қолдауға ие болып, MindShield-ты кең ауқымда қолдануға жол ашпақ. Болашақта бұл жүйе Альцгеймер, деменция, инсульттің салдары, церебралды паралич немесе жара­қатқа байланысты қозғалыс бұзы­лыстары бар адамдарға да көмек көрсетуге бағытталмақ. Қо­сым­шада сондай-ақ пайдаланушылар арасында тәжірибе алмасуға, қол­дау көрсетуге арналған онлайн қа­уымдастық құру да жоспарда бар.

Әсет ҚАЛИ