Мәселен, Еуропа елдерінде, Оңтүстік Кореяда түрлі шаруашылық жұмыстар істеп, тер төгіп жүрген отандастарымыз жайлы жиі естиміз. Нәпақасын шетелден табу қалыпты жағдайға айналғаны да рас. Қынжылтатыны – жоғары білімді азаматтар дипломын сандыққа салып, екі қолға шетелдің бір күрегін ұстап жүргені.
Шетелге азаматтар көбіне маусымдық жұмыс кезінде аттанады. Яғни, климатқа, ауыл шаруашылығының кезеңдік ерекшеліктеріне және туризмнің белсенді уақытына байланысты белгілі бір уақыт аралығында 3-6 айға ауыл шаруашылығы, өндірістегі қаптама жұмысы, құрылыс және жөндеу жұмыстары және т.б. жалданады. Қазақстандықтар маусымдық жұмысқа Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Чехия сияқты елдерге жиі барады. Қазақстан азаматтары үшін осындай маусымдық жұмыс үшін шетел асу деректері соңғы уақытта едәуір артқан. Қарапайым мысал, 150 мыңға жуық қазақстандық қазір шетелде қара жұмыс істеп жүр.
Маусымдық миллионерлер
Кейіпкеріміз Жарас Қаппарұлы – айлық табысының аздығынан Шотландияға жұмыс істеуге барғандардың бірі. Инже-нер-электрик мамандығын игерген 26 жастағы азамат Ұлыбританияға қатарынан екі жыл барыпты. Айтуынша, қолына алатын қаражаты қомақты.
– Шотландияда саңырауқұлақ өсіретін фермада істеймін. Аптасына 300-350 мың теңге көлемінде аламын. Есептесеңіз айлық еңбекақымыз миллионның үстіне шығады. Ангарда өсіп тұрған саңырауқұлақты баппен теріп, пластикалық қаптамаларға орналастырамыз. Жұмыс уақыты таңғы 7-де басталып, 16:00-де аяқталады. Ферма бізге тек пәтер тауып береді, оны өзіміз төлейміз. Шетелде жұмыс істеудің қиындығы жоқ, тек алғаш келгендер үшін климатқа сіңу қиын болады. Фермада ТМД елдерінен келген азаматтар көп. Жұмыс маусымы біткенде елге барып қайтамын. Әзірге жұмысымды ауыстыру ойымда жоқ. Өйткені мұнда жақсы табыс тапқан соң, елге барып төмен жалақыға жұмыс істегім келмейді, – дейді кейіпкеріміз.
Ол бұл жұмысты әлеуметтік желіден тапқан. Өтінім расталғаннан кейін жуық арада виза дайындап, жұмысқа қарай бағыт алды.
Ал Әділхан Сұлтан – Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық. Мамандығы «Алғашқы әскери дайындық» пәні мұғалімі болғанымен, педагогтік қызметті атқармай, табысын шетелден іздеген. Өйткені оның да айтып отырғаны сол – табыс көзінің аздығы. Темір өндіру зауытында жұмыс істеп жүрген кейіпкеріміз шетелде жұмыс істеудің қиын екенін жасырмады.
– Кореяға келгеніме 4 жылдан асты. Елімізде де жұмыс табылады. Бірақ істемедім. «Неге?» дейсіз ғой. Жұмысқа тұруым үшін бәлен ақша керек, оны өтеу үшін тағы 2-3 жыл тегін істеймін бе? Нар тәуекел дедім де, Кореяға келдім. Темір өндіреміз. Жұмыс қауырт. Бір жақсысы, мұнда қазақтар көп. Дегенмен мұндағы қазақтарға бәрі оңай емес. Қазақстан азаматтары заңсыз жүреді. Көп жерде құқығы қорғалмайды. Бір жерің ауырып ауруханаға барсаң, сақтандыру жоқ болған соң удай бағаға емделу керек. Кейде көшелерде иммиграциялық рейдтер жүреді. Соған ілініп қалсаң, елге қайтарып жібереді. Сөйтіп, ұсталмауға, сақтанып жүруге тырысасың. Бұрын шетелге шықпаған соң гастербайтер өмірін түсінбеуші едік. Қазір соның күйін кешіп жүрміз. Әсіресе, тіл мәселесі қиындық тудырады. Егер тіл білмеген жағдайда кәрістер жұмыстан оп-оңай шығара салады, – дейді ақтарылған азамат.
Елден жұмыс іздеп шыққандар көп баратын көш бастап тұрған елдің қатарында Англия да бар. Ресми тіркелгендердің ішінде 6 мың азамат Англияға кеткен. Барлығы дерлік өсімдік өсірумен шұғылданады.
– Бұрын 300 мың теңге табу үшін екі жұмыста қатар қызмет етіп, тырмысып жүретін едім. Ал Англияға келгеніме 3 апта болса да, алғашқы аптадағы табысым 300 мыңнан жоғары болды. Бұл елге 6 айлық маусымдық келісімшартпен келдім. Ньюпент (Newent) қаласында өсімдік өсірумен айналысатын фермада жұмыс істеймін. Шетелде қызмет етудің қиындығы да, артықшылығы да бар. Байқағаным, бұл жерде адамның уақыты бағаланады. Жұмыстың әр сағатына ақы төленеді. Таңертеңнен түске дейін тоқтаусыз жұмыс істейміз, бірақ жүйе мен тәртіпке қарап, еңбекке деген ынта артады. Білуімше, елден кеткен көп жас қара жұмыспен айналысады: зауыт, құрылыс, басқа да өндіріс компанияларында. Мұнда Орталық Азиядан келген азаматтар бірден көзге түсеміз, – деді Ислам Айдарханұлы.
«Қалтаны да, құқықты да ойлау керек»
Бүгінде табысын сырттан іздейтіндер үшін арнайы жеке компаниялар да құрылған. Олар: «Айлық табысы жоғары елдерден жұмыс тауып береміз, елге қалтаны қалыңдатып қайтасыздар», – деп жалған үмітке сендіреді. Мұндай сенімге арбалғандар да бар. Жақында Англияға жұмыс істеуге шақырған жеке компанияға 600 мыңнан 1 миллионға теңгеге дейін ақша берген 6 облыстың бір топ адамы сан соғып қалған. Бұл қаражат – олардың ұйымдастыру жұмысы мен анкета толтырауына жұмсалған. Заңнамаға сәйкес, шетелге жұмыс күшін жіберу құқығы жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктеріне берілген. Қазір Қазақстанда ресми тіркелген 60-тан астам агенттік бар. Заңгер Эльнура Кішкенебаеваның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әр азамат еңбек етуге және жұмыс орнын еркін таңдауға құқылы. Бұл құқық шетелде де сақталады. Алайда заңсыз делдалдар арқылы жұмысқа орналасқанда түрлі қауіп туындайды.
– Шетелге жұмысқа бармас бұрын, әр азамат бірқатар маңызды жайтты есте сақтаған жөн. Ең алдымен, жіберуші компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркелгенін және оның ресми лицензиясы мен заңды еңбек шарты бар-жоғын анықтап алуы керек. Ал азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау мәселесімен консулдар, яғни Сыртқы істер министрлігі айналысады. Жалпы, азаматтар шетелге шыққанда жекеменшік агенттіктер де оларды елге қайтару міндетін өз мойнына алады. Заңды түрде шыққан азаматтарға Еңбек кодексінің нормалары қолданылады. ЕАЭО елдерінде еңбек етуге жеңілдетілген тәртіп те бар, – дейді заңгер Э.Кішкенебаева.
Еліміздегі негізгі еңбек күші – жастар. Алайда соңғы жылдары шетелге ағылып жатқан жастардың саны артып жатқаны елдегі жұмыссыздық мәселесінің қылаң беріп тұрғанымен сәйкес келеді. Яғни, жұмыссыз жүрген жастар белді буып, шекараның ар жағындағы елге бас сұғуда. Экономист Бекнұр Қисықов бұл құбылысты иммиграциялық процесс екен түсіндіріп берді.
– Азаматтарымыздың шетелде жұмыс істеуі – мәселе емес, мүмкіндік. Бұлай деуімнің себебі бар. «Жұмыс күші кетіп қалды, бұл экономикаға әсер етеді» деген пікір шындыққа сәл тура келмейді. Біріншіден, біздің экономикалық қорымыз соншалықты үлкен емес, екіншіден, Қазақстанға келген иммигранттар кеткендердің орнын басады. Әсіресе, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, тіпті Үндістан мен Африкадан келіп жұмыс істеп жүргендер саны артып келеді. Демек, бұл – табиғи процесс. Естуімше, бізден кеткен азаматтардың көбі АҚШ-қа, Кореяға, Албанияға барып жұмыс істейді. Негізі, экономикалық жағдайы жағынан топ 10 елге кіретін елдерге барып жүрген жастарымыз жақсы табыс тауып келеді, – дейді Бекнұр Қисықов.
Шетелде қара жұмыстың қамытын киіп жүргендер көп. Қалтасы қалыңдаған сайын, атамекеніне де сағынышы арта береді. Күнкөрістің қамымен алыс кеткендердің мақсаты бір, әрине – жақсы табысқа кенелу. Алайда шетел асу – табысты арттырудың жалғыз жолы емес.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗ