in

Қазақ, Алаш, Абай – біртұтас ұғымдар

Аталған даңқты һәм танымал тұлғалардың қай-қайсысы да өзіндік бағыт-салалары бойынша ерен еңбек етіп, соңында қалған мұра-мирастарында елдік ұстанымға берік, білім-ғылым ісіне адал да тұрақты болды. Бастысы, әрине ақыл-парасат, жүрек ісі арқылы жасаған жалпыадамзаттық құндылықтары жер-жаһанға тарап, адам мен оның өміріне, еңбек болмысына, дәстүр мен дүниетаным арналарына, даму үрдістеріне сүбелі үлес қосты.

Осы реттен алғанда, Абайдың әлемдік даңқы да назар аудар­та­ды. Абай мұраты мен мұрасы – әлем халықтарына да таныс. Абай­­­дың әлемдік даңқы – жер-жаһандағы 193 мемлекеттің ба­сым көпшілігіне жетті. Осы ор­ай­да «тарихты – халық жасай­ды, тұлғалар – елді танытады» деген тәмсілге табан тіресек, Қазақ, Алаш, Абай атаулары бір­тұтас ұғымға айналды…

2020 жылы Абайдың мерей­тойы ЮНЕСКО деңгейінде өтті. Ақынның 175 жылдығы тұсында: «Абай. Шығармаларының акаде­миялық толық жинағы. Үш том­дық жарық көрді. Ақын мұрасы әлемнің 10 тіліне аударылды. Аудар­ма жинақтарына: ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі енді. Олар 3 мың данамен тара­ды. Ресей баспаларынан «Қара­сөз­дері мен өлеңдері» жарық көрді (2019). «Халықаралық Абай клубы» ақынның мерей­тойы­на арналған 10 томдық шы­ғар­малар жинағын шығарды. Олар: ағылшын, француз, неміс тілдерінде басылды. Орта Азия елдерінде де ақын мұрасы жүйелі түрде жарық көріп келеді. 

Ақынның әлемдегі ескерт­кіш­тері, даңғылдар мен көшелер жүйесі де жетерлік. «Абай» жур­налы 1992 жылдан Семей қала­сын­да шығып тұрады. «Абай» телеарнасы жұмыс істейді…

Алыптар тоғысының бір ба­ғыты, кең арнасы Абай Құнан­бай­ұлының шығармашылық мұра­сынан да кеңінен көрініс бе­реді. Әсіресе, ондағы елдік мүд­де, ұлт мұраты, адалдық пен әділдік, бірлік пен береке, білім мен ғылым, дәстүр мен дін, жас­тық пен достық, парыз бен қа­рыз, қанағат пен иман, рахым мен сабыр, сенім мен сезім иір­ім­дері даму арнасын, жасампаз­дық жолын, өмір сүру фило­со­фиясын да айқын аңғартады. Маңыздысы, әділетті қоғам мән­ін, ежелгі тарихи һәм мәдени құндылықтардың қыр-сырын тану, ұлттың жаңа сапасын арт­тыру бағытындағы ойлар мен толғаныстарынан терең таны­лады. Ал құндылықтар негізі – адам мен оның еңбегі арқылы көрініп, жарасымды жалғасын табатыны, қоғамдық дамуға әсерінен көрінетіні де жүйелі жеткізіледі. Оның басты белгісі мен негізгі шарты – ел мүддесі мен ұлт мұратына қызмет етуден көрінеді. Оның мәнісі, батыр Бауыржан Момышұлы айтқан­дай: «…елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып халыққа қызмет ету керек». Таратып айтсақ, Пай­ғамбардың өзі: «Мен көркем мін­ез­ді толықтыру үшін келдім», – десе, Хакім Абай: «Адам бала­сы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» екенін баса айтады. «Ақыл, қай­рат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адам мұратын айқындап, ақыл-парасат таразысын алға тартып, өмір өрімі мен өлшеміне басымдық береді. Мұның бәрі қоғам дамуына, заман шынды­ғына, адам әлеміне, өмір өрімі мен өнегесіне ден қойып, елдің ұлттық болмысын айқындауға бағытталған саналы әрекеттің ұнамды үлгісі.

Осы орайда Хакім Абайдың өлең өнері мен «Қара сөздер» мұ­ра­сын қатар сөз етіп, елдік мүдде мен ұлт мұратының асыл арна­лары­на, мәдени-рухани һәм тан­ымдық-тағылымдық сипат­тары­на ден қоюдың маңызы ерекше. Ақиқатында, Абай поэзиясының тұтас мазмұнынан қоғамдық құ­бы­лыстар, кезең көріністері, за­ман шындығы, адам өмірі мен ең­бегі, тұрмыс-тіршілігі кеңінен көрінеді. Айталық, «Сап, сап, көң­і­лім, сап, көңілім» деген өлеңі кө­лем жағынан ғана емес, мазмұн жүйесі һәм жеткізу жолдарымен де мәнді әсер етеді. Өлеңнің әрбір бөлігінің бастапқы тұсында «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деген қайталаулар негізінде адам өмірі, жастық кезең мәні, ғашықтық сипаты айқын көрінеді. Албырт шақ, асау жүрек, көңіл толқын­дары­ның тебіреністі-тербелісті тұстары да терең танылады. «Са­быр түбі – сары алтын» деген хал­ық­тық қағидатты берік ұстаным етеді. «Дүние даяр өтерге, Ажал даяр жетерге» дегенді де негізгі наз­арда ұстайды. «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» екенін жан-жүректің таразысы, темірқазығы етеді. Ақыл, иман, дәулеттің бәсін биік қояды. 

Ал «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңде оқу-білім мәні кең орын алады. Ғылым ісі­нің маңызы да әр қырынан ашыла­ды. Жастай алған білім-ғылымның мәні мен нәрі, елдік сипаты, ұлт­тық құндылығы, рухани байлығы, көркемдік көкжиегі де кең түрде танылады. 

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, 

– деген бастапқы мақсатын, ақ адал ісін, түпкі ойын да бүкпесіз жет­­кізеді. Оқу-білімнің мәні, ғылымның – қуат-күші, адамның өсіп-есеюі мен ел дамуы үрдістер­ін­дегі орны да жан-жақты айқын­далады. Немесе: «Қартайдық, қай­ғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңде ел өмірі мен тынысы терең көрініс береді. Адам мұраты мен борышы, өмір кезеңдері, кәрілік орны, жастыққа тән сипаттар са­ра­ланады. Бұдан басқа, ел ішіндегі келеңсіз көрініс, кереғар жайттар, атқамінерлердің ұр да жық әрекет­тері, ақылды мен ақылсыздың өзара қатынас айырмасы, арзан мадақ пен салмақсыз даңқтың сиқы, еріншек пен өтірік, бос мыл­жың мен құр қылжақ, арам­дық пен жамандық, ұрлық пен қулық-сұмдық сипаттары да мәнді беріледі. «Қартайдық, қайрат қайт­ты, ұлғайды арман» атты өлең­нен ел іші, атқамінерлер тобы, еңбексіз табыс табу жолы­ның мың сан үлгі-үрдісі көрініс бе­реді. Әсіресе, бай-бағландар си­паты, би-болыс сиқы, жарлы мен дос мәні, сұм-сұрқияның құ­лық-сұмдықтары ел өмірімен бай­ланыстырылады. «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып», ел үстінен күнелткен «алармандардың сұм-сұрқия» сиқы, арзан мадақ, қул­ық-сұмдықтары әшкереленеді. Бұдан басқа, «Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез», «Ғылым да жоқ, ми да жоқ», «Құйрығы шаян, беті адам», «Сұм-сұрқия, қу заман» сиқы да өмір тәжірибесі мен тағылымдары арқылы телқа­быс беріледі. Қанағатпен көңіл тоғайтқан қалың жұрттың орын-үлесі де көрсетіледі. Ал «Көңілім қайтты, достан да, дұшпаннан да» өлеңінен қоғамдық құбылыстар мәні айқындалып, алыс-жақын­дағы жақсы-жаман көріністер, әдет-дағды, кәсіптегі жат та теріс жағдаяттардың сыр-сипаттары кең орын алады. Бай мен саудагердің пайда, табыс жолындағы ардан аттап, мал қызығына түсіп, ұрлық-қарлыққа «батыл қадам» жасағаны, көп тентектің ел ісінен аулақ жүр­уі, қылмысқа жазаның сай бол­мауы да сын-мін ретінде атала­ды. Бастысы, болыс сайлауы тұсында­ғы әрқилы келеңсіз-кереғар жайт­тар, елдің бірлік-берекесін кетір­ген атқамінерлер әрекеті, ру тар­тысы, ағайын арасындағы алау­ыздық мәні мен сиқы, қысқасы қо­ғам мәні, заман шындығы, уа­қыт рухы бар қырынан жан-жақты ашылады. 

Ақынның бірқатар өлеңдерінде «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Бір дәурен келеді күн­ге – бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп өмірден көрген-түйген тәлімді тәжірибе­лер, ел көріністері, ондағы артық-кем тұстар сын садағына ілінеді. Еңбексіз өмір мәні, адалдық пен әділетті іс, жалқау мен еріншек, сұм-сұрқия, сұғанақ сиқы бар қы­ры­нан көрсетіледі. Басында миы, алдында малы, үйінде берекесі жоқ кейбірінің шектен тыс кеуде керіп, кербез күйге еніп, кердең қаққан қуыс кеуделері де көпке күлкілі көрсетіліп, әр қырынан әжуә етіледі. Ақын бастапқы тұста:

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ,

– десе, «Бір дәурен кемді күн­ге – бозбалалық» өлеңінде адам­дық борыш, адал еңбек, жастық мәні, еңбек сипаты, ақсақалдық жол, өнер орны, таным көкжиегі, тәрбие арналары кең түрде ашы­лады:

Ақын мұраты анық: адамдық бор­ыш, адал еңбек, әділ іс, бірлік-береке мәні. Алайда қоғамдағы ке­ре­ғар жайттар, адамдар арасын­дағы келеңсіз көріністер, берекесіз тірлік, тұрмыстағы жүдеу тіршілік, тайыз сана, ұрлық-қарлық, сұм-сұрқия сиқының кері әсері жіті танылады. Елдік мүдде айқындал­ып, «Ақсақал жолы» мен мәні кең түрде ашылады.

Ақынның «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды өлең­дері тақырыптық мәні, маз­мұн жүйесі, сөз мәні, ой өзегі тұрғ­ысынан өз ара жақын, үндес кел­еді. Білім мәні, ғылым ісі – ел бо­ла­­шағы мен даму үрдістерімен қатар беріледі. Ақын алғашқы тұста:

Интернатта оқып жүр,

Талай қазақ баласы –

Жаңа өспірім, көкөрім,

 Бейне қолдың саласы,

– деп көз бен көңіл қуанышын қатар білдірсе, кейінгі кезекте ата-ана орны, шариғат ісі, оның мән-маңызы ашылады. Бос мақтан, даңқ пен дақпырттың кедергі-кесірі, жат-теріс сиқы сыналады. Керісінше, «Талапты ерге нұр жау­ар», «Адал жүріп, адал тұр» сынды бағыт-бағдар беріліп, ақ жол көр­сетіледі. Адамдық борыш, адал ең­бек, өмір өрнегі алға шығады. Сондай-ақ «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Сабырсыз, арсыз, ер­ін­шек» сынды өлеңдерде қоғам­дық жағдаят, заман шындығы, уақыт рухына қатысты ортақ мұрат, мәнді сипаттар бар. 

Бұдан басқа, «Ішім өлген, сырт­ым сау», «Болыс болдым, міне­ки», «Мәз болады болысың», «Біреуден біреу артылса», «Сәулең болса кеудеңде», «Тұлпардан тұ­ғыр озбас шабылса да», «Асқа, той­ға баратұ­ғын», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқан­мын» сынды өлең­дерден де ел-жер жайы, адам өмірі мен еңбегі, бақи мен фәни дүние, баянсыз тірлік, тағдыр тал­қысы, балалық пен жастық шақ, жігіттік пен кәрілік мәні, әдет-дағды, дәстүр, мінез құбылысы, жан-жүрек, көңіл толқындары, дос-дұшпан сипаты, ақыл-парасат, ар-намыс, жалған­дық пен надан­дық, бос мақтан, негізсіз дақпырт, бейқамдық нақты да нанымды беріледі.

«Сегіз аяқ» – тақырыбы бөлек, жүйе-түрі ерек, мағынасы мен маз­мұны терең, көлемді де көркем өлеңдердің бірі. Әрбір шумағы сегіз жолдан тұратын туындының ой-сөз жүйесі мәнді, мазмұн-түй­іні нәрлі болып келеді. Ақын мұра­ты айқын: көрген-түйген тәжіри­бесі негізінде қоғам құбылысын, заман шындығын, адам өмірі мен еңбегінің әрқилы сәттерін жан-жүректен толғап, көңіл толқын­ында тербеп, осы арқылы қорда­лы ойлары мен толғаныстарын еркін айтып, мәнді өрістетіп, көркем дамытып, жүйелі жеткізеді. «Тол­ғауы тоқсан қызыл тіл» мүм­кін­дігі алыс-жақынға жетіп, жан-жүректі тербеп, бойға жайылады. Көңілді кернеп, ой-сезімді қозғай­ды. Алыс­тан тартып, қиядан шалып, бойды билеп, ерікті алып та сөз жүйесі кең өріс алады. «Өт­кір­дің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмасын» да анық аң­ғару­ға болады. «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» екені де терең танылады. Жұрт жадындағы надан жанның: «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ» еріксіз сиқын, мәнсіз тірлігін «күл­­кішіл кердең» сипа­тында бер­еді. Арсыз, ұятсыз кейпі де көрі­неді. «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көр­генде» дей­тіні де содан. «Байлаусыз ақыл», «Күпілдек мақтан» мәні де ашы­лады. Ақын поэзиясынан аң­ғарылатын: «Бір кісі емес жазған­ым, жалпақ жұрт қой» екені терең танылады. «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүн­дей сабап» сынды ойлар мен тол­ғаныстарынан дәуір дидары мен заман шындығы, адам мұраты, еңбек болмысы кеңінен көрініс береді. Елдік сана, ерлік дәстүр, адам мұраты, өмір өрімі, еңбек болмысы, дәстүр тағылымы, ар-иман ісі де кең орын алады.

Ақын өлеңдерінің бір шоғы­ры – жастық, достық, махаббат тақырыбын кеңінен қозғап, жан-жүректің жырын, көңіл толқын­дарының нұрлы, сырлы сәттерін бүкпесіз баяндайды. Жалын жас­тық пен достық сыры – мөлдір ма­хаббаттың негізін құрайды. Ойға алсақ, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің тақыры­бынан танылатынындай, бойжет­кен қыз­дың бүтін болмысы, ішкі-сыртқы көріністері, тұтас мүсіннің жарасы­мы кең түрде суреттеледі. Алғашқы тұстан-ақ жас сұлудың кең маңдай­лы келбеті, нұрлы жүзі, қара көзі өзі­не тартып, баурап алады. Ақша жүзін айдай қара қасы, алқызыл түске енген ажар-көркі де барынша кең түрде ашып, шуақ-сәулесімен нұрландыра түс­кені де анық. 

Сонымен қатар Абай өлеңдері арасында жыл мезгілдерін, табиғат көріністерін кең көлемде көрсе­тетін туындылары да бар. Аталған өлеңдер жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын әр қырынан ашып, мәнді ой қозғап, айнала-әлемнің көркем суреттерінен сыр шертеді. Әр алуан ізденіс, көрініс-суреттер, өзара салыстыру, салғастыру тұс­тары­нан қоғамдық құбылыстар, адам әлемі, өмір кезеңдері, еңбек мұраты ақиқат жайттарымен назар аудартады. Образбен ойлау жүйесі, бейнелі құралдар мәні, әрқилы салыстыру сипаттары да нанымды өріс алады. Адам әлемін, өмір та­ғылымын, табиғат ғажайыптарын, уақыт рухын бейнелі көрініс-суреттер, шынайы шындықтар арқылы жеткізу мұраттары айқын.

«Қара сөздер» мұрасында хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүдде мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің өмір-тұр­мыс, кәсіп-дағдыларына, дәстүр­лері­не ден қояды. Олардың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, содан алға озып, ілгер­легені үлгі етіледі. 

 Ал надандық пен жалқаулық, еңбексіз бен жылпостық, залым­дық пен зұлымдық, ұрлық пен бұза­қылық сыры былай беріледі: «…ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақ­тан­ғыш келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әр­бір ақылсыз – надан, арсыз кел­еді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйым­сыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағ­ды, дәстүрден өзге, еңбек мұра­ты басым бағыттарға ие болады. Ар ісін, ақиқат ілімін, жан-жүректің нұры мен сәулесін бәрінен жоғары қояды. 

«Қара сөздердің» асыл арқауы мен басты бағыттары – адам әлем­ін ашуға арналады. Адам мұра­ты мен адамшылық жолы, ар мен ұят­тың маңыз-мәні кең орын ала­ды. Хакім Абай білім-ғылымға, өнерге сергек қарайды. Оны оқып-білу, үйрену керектігіне көп көңіл бөледі. Оған қатысты: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғы­лымның өзі де мейірленеді, тезі­рек қолға түседі», – дейді. Одан кейінгі жерде: «…ғылымды, ақылды сақ­тайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқы­зарлықпен, жеңілдікпен, я біреу­дің орынсыз сөзіне, я бір кез кел­ген қызыққа шайқалып қала бер­сең, мінездің беріктігі бұзыла­ды. Одан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ бол­ған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде аз­ғыр­ылмайтын ақылды, арды ақ­тарлық беріктігі, қайраты бар бол­сын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» дегенді анық айта­ды. Ақыл-парасат, ар-намыс, жүрек ісі жоғары қойылады. «Хақ­тың бір аты – Алла, ғылым – Алла­ның бір сипаты» дегенді баса көр­сетеді. Иман ісін алға шы­ғарады. Білім-білікті, дін-дәстүрді, өмір тағылымын үлгі етеді.

Абайдың «Қара сөздер» атты прозалық мұрасы жанрлық жағы­нан дәстүрлі әдеби туынды немесе әңгіме, естелік, мемуар үлгісі емес. Сондай-ақ, оқиғалы-сюжетті, толғам-толғаныс, нақыл-өсиет сөздер жиынтығына да жатпайды. Біздіңше, Абай әлемінің өн бой­ынан берік орын алған арғы-бергі кезең шындықтары, өз дәуірінің көріністері, ақиқат жайттардың жиынтығы басым бағыттарға ие болады. «Қара сөздер» қазынасы қоғам мен адам қарым-қатынасы­ның берік байланысын, уақыт ты­ны­сы­ның белгі-ерекшеліктерін бедерлі бейнелеген жан-жүрек пен көңіл толқынының көркем шежі­ре­сі. Тақырыптық-жанрлық ерек­шелігі бар, болмысы бөлек, маз­мұны ерек, тілдік мәнері, стильдік құбылысы өзгеше қазыналы биік. Өмір тағылымының, тарих пен танымның өрнекті өнегесі, үздік үлгісі. Абай әлемінің асқақ даңқы, биік тұғыры, көркемдік кеңістігі, мәдени-рухани айнасы.

Хакім Абайдың «өз сөзім-өзім­дікі» екенін анық аңғартар – «Қара ­сөздер» мұрасының тұтас табиғаты мен тағылымынан: өмір тәжірибесі мен өнер өлкесіндегі көрген-білген, танып-түйген жайт­­тары ұлттық тұрғыдан байып­ты сараланып, ақыл-парасат арна­сы, білім-білік көрінісі, талғам та­разысы уақыт бедерімен байлан­ыс-сабақтастықта өріс алып, одан елдік-қоғамшыл қасиеттері кең көлемде танылатын­дықтан, ұлт мұраты мен рухания­тының арналы бастаулары мен қазыналы қайнар­лары, мәдени-рухани Һәм көркем­дік-эстетикалық құндылықтары айқын аңғарылады. Демек, хакім Абайдың «Қара сөз­дер» атты қазы­налы кеңістігі – халқы­мыз­дың арғы-бергі кезеңдер­дегі жемісті жетістіктерін, келеңсіз кем­ші­лік­терін қатар көрсеткен, сондай-ақ адам мұратын, өмірі мен еңбегін, ақыл-парасат нұрын, білім-ғылым жүйесін, дін мен дәстүрді, тарих пен танымды, мәдениет пен тілді тағы сол сияқты жүрек әмірі мен көңіл таразысына тартылып, тә­жірибе тәлімімен байланыста баяндалатын парасат-пайымы мол тағылымды туынды.

Жинақтап айтқанда, хакім Абайдың шығармашылық қазы­насы – әлемдік даму үдерістермен сабақтасып, тақырыптық ерекше­лігі­мен, мазмұн-құрылым жүйесі­мен тұтастық сипат құрап, көркем­дік кеңістігімен ұштасып, мә­­­де­ни-рухани Һәм эстетикалық құн­дылықтарымен жалғастық тұрғы­сынан байып-толығып тұр­ғаны айқын аңғарылады. Әлем­дік құ­былыс, даму үрдістерімен үндес­тік тауып, сабақтастық желі-жүйе­сі­мен тамырластық сипат алуы – планетарлық тұлғаға тән ерекшелік екені анық. Ендеше хакім Абай­дың мұра-мирастары – планет­ар­лық тұлғаның биік болмысын, ерен еңбегін, көзқарасы мен қол­таңба­сын, қиял қанаты мен қалам қуат­ын айқындап, дарын даралығы мен талант табиғаты­ның асқақ ай­бынын, біртұтас бедерін, даңқты тұғырын, теле­гей құбылысын терең танытады.

Анығында, Абайдың әлемдік даңқы – жалпыадамзаттық мәсе­ле­лер­ге жіті назар аударып, тақыр­ып әралуандылығы мен ерекше­лі­­гіне орай дарын дара­лығын асқақ дауысымен, биік болмыс, ерен ең­бек, талант қуа­ты­мен терең та­ны­тады. Абайдың мұра-мирасын­да елдік мүдде мен ұлттық көзқа­рас, дәстүр мен дүниетаным арна­лары, ақыл мен парасат, білім мен ғы­лым ісі, тарих пен таным тоғысы, тәлім-тәрбие иірімдері алғашқы кезең­де көрініс береді. Ал плане­тар­лық тұлғасы – әлемдік ақыл-ой алыптарымен тең дәре­жеде кө­рін­іп, жер-жаһанның аман да бүтін, геосаяси ахуалдың тұрақ­ты, халықаралық қоғамдастық, әлемдік экожүйе, серіктестік, ын­ты­мақтастық мәні, Алла мен адамзатты сүю, Отан мен отбас­ындағы тыныштық сынды ортақ жайттар асқақ естіліп, сөзі мен ісінде тұтастық танылып, адам­гер­шілік мәнін, жауапкершілік жүгін терең сезін­іп, елдік мүдде, ұлттық құндылық­тарды бәрінен биік қойып, оны тиісінше бай­ып­ты бар­лап, зерт­теп-зерделеп, кеңінен дәріптеген­діктен, ел жады­­нан, ұрпақ зерде­сінен, даңқ тұғырынан мәңгілік орын алды. Бұл – планет­ар­лық тұлғаға тән басты ерекше­лік, жал­пыадам­зат­тық өрнекті өріс, ұрпақ алдын­дағы ұлағатты өнеге екені анық. Хакім Абай­дың – «Толық адам ілімінің» адам­заттық мәні, пла­не­т­арлық тұлғаға тән басым бағыттары, ұлт пен ұр­паққа ор­тақ асыл мұраты, адам­гершілікке не­гіз­делген үлгілі үрдіс, өрнекті өріс­ке толы қымбат қазынасы, байтақ әлемі мен ұлағаты осыған саяды.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор