Қазақстан оқушылары географиядан Халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке жетті. Таиландта өткен Халықаралық география олимпиадасында (IGeO) еліміздің намысын қорғаған 4 оқушының барлығы жүлделі орыннан көрінді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«IGeO – 2025: Қазақстанға 2 алтын, 2 күміс! Таиландта өткен Халықаралық география олимпиадасында (IGeO) еліміздің намысын қорғаған 4 оқушының барлығы жүлделі орыннан көрінді!
Қостанайдағы NIS оқушысы Андрей Енбахтов пен Қарағандыдағы NIS оқушысы Талғат Байбусунов – алтын медаль иегерлері!
Талдықорғандағы NIS оқушысы Ақжол Болат пен Ақтөбедегі NIS оқушысы Алихан Калмағамбетов – күміс медаль иегерлері!
Бұл – әлемнің 47 елінен келген 200-ге жуық үміткер қатысқан беделді жарыс.
Бұл жеңістің артында тәлім мен тәрбие берген ұстаздардың, сондай-ақ шабыт пен бағыт сыйлаған тәлімгерлердің де еңбегі зор. Барша жеңімпаздарды, олардың ата-аналарын, ұстаздарын және бүкіл қазақстандықтарды осы қуанышпен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Асхат Аймағамбетов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.