Тимур Сүлейменов шілдеде теңге бағамының күрт құбылуына қатысты мәлімдеме жасап, жағдай бақылауда екенін айтты.
Ұлттық банк басшысы еліміздің 2015 жылдан бастап инфляциялық таргеттеу және еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне өткенін мәлімдеді.
«Бұл икемді, заманауи және тұрақты экономикалық модельге қарай жасалған түбегейлі маңызды қадам болды. Қазір теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасуда. Сондай-ақ ол экономикадағы нарықтық процестердің, ішкі және сыртқы факторлардың көрінісі болып отыр. Бұрын мемлекет бағамды әкімшілік жолмен белгілеуі теңгенің күрт әрі бір сәттік девальвациясына алып келетін»,—деді төраға.
Сүлейменовтің айтуынша, қазір экономикаға құйылып жатқан фискалдық қаражат көлемі ұлғайған. Ақша массасы бір жыл ішінде 18%-ға өскен. Алайда ішкі өндіріс бұл өсімге ілесе алмай отыр.
«Егер экономикаға салынатын ақша көлемі ішкі өндіріске қарағанда тез өссе, бұл импорттың артуына әкеліп соғады. Биыл айтарлықтай шығыстар, соның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ақшалар қарастырылған. Нәтижесінде ірі келісімшарттар жасалып, қаражатты игеру үшін импорттық жабдықтар, техника, компоненттер сатып алынады. Бұл шетел валютасына деген жоғары сұранысты қалыптастырып, теңге бағамына қысым жасайды», — деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, доллардың 550 теңгеге жетуі нарықтық себептерге байланысты, алыпсатарлық әрекеттер байқалмаған.
Теңгеге қысымның негізгі себептері:
ақша массасының 18%-ға өсуі;
бюджет шығыстарының артуы (инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау);
импорттың көбеюі;
шетел валютасына сұраныстың өсуі.
Ұлттық банк интервенция тек алыпсатарлық жағдайында ғана қолданылатынын айтты. Ал экономикалық себептермен болған өзгерістерге араласу керісінше зиян тигізуі мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.