in

Қарапайым қаһарман

Осы бір ізгілікті ұстанымды өмірлік қағи­дасына айналдырған азаматтардың бірі – Мейірхан Қыдырбайұлы. Ол көпке көріне бермейтін, бірақ әрбір адамның амандығы мен өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне тікелей ықпал ететін қауіпсіздік техникасы саласының білікті маманы. Күн сайын көзге көрінбейтін қауіптің алдын алып, әріптестерінің аман-есен жұмыс істе­уіне жағдай жасап жүрген оның еңбегі шынайы ерлікпен пара-пар.

Мейірхан Қыдырбайұлы 1984 жылы 17 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Сай­рам ауданына қарасты Тассай ауылында дүние есігін ашты. Кеңпейіл қазақы ауылдың тыныс-тіршілігін бойына сіңіріп өскен ол бала жастан еңбекке ерте араласып, адал­дықты ту етті. Бүгінде төрт баланың асқар тау­дай әкесі, отбасына қорған, қоғамға пай­далы азамат ретінде үлкендерге сыйлы, ке­йінгілерге үлгі.

Қазір біздің кейіпкеріміз Zeinep ЖШС-ында қауіпсіздік техникасы маманы болып қызмет атқарады. Қарапайым көрінгенімен, бұл аса үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Өйткені жұмыс орнындағы әрбір қыз­меткердің денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі тікелей осы маманның біліктілігі мен мұ­қияттылығына байланысты. Мейірхан Қы­дырбайұлы бұл міндетті кәсіби шеберлік­пен, шын ниетпен, асқан ұқыптылықпен атқа­рып келеді.

Мейірхан ешқашан даңқ пен марапаттың соңынан қуған жан емес. Бірақ оның қатаң тәртіпке деген талапшылдығы, әріптестері мен басшылық алдындағы жауапкершілігі оның тұлғасын даралап, еңбегіне деген құр­метті арттыра түсті. Ұжымдастары оны са­бырлы, салмақты, сенімді маман ретінде сипаттайды. Ол – сөзімен емес, ісімен өнеге көрсетіп жүрген азамат.

Ол қауіпсіздік ережелерінің орындалуын қадағалау ғана емес, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау жолында үнемі сақтық шараларын жетілдіріп отырады. Көпшілік байқай бермейтін өндірістегі ұсақ-түйек қауіптердің алдын алу – Мейірхан үшін күнделікті міндет. Оның еңбегі үнсіз, бірақ өлшеусіз құнды.

Қоғамда көп айтылмайтын, бірақ ірге­тас болып қаланған еңбектер бар. Ондай еңбек иелері ешқандай мінберге шықпай-ақ еліне, жеріне қалтқысыз қыз­мет етіп жүр­ген қарапайым жандар. Мейір­хан Қы­дыр­байұлы сондай жандардың жарқын бейнесі. Елдің тыныштығы мен дамуы осын­дай бейбіт еңбекпен, жауапты жұ­мыс­пен қа­лыптасады. Қауіпсіздік тех­ни­касы – кәсіп­орынның тыныс-тіршілігін реттей­тін бас­ты сала­лар­дың бірі. Ал сол са­лада кәсіби білігімен, адалдығымен та­ныл­ған азамат­тардың еңбегі қандай құр­метке болса да лайық.

«Еңбек – елдің бақуаттылығының негізі» десек, сол еңбектің нағыз иесі адал жүректі, кәсібіне берілген жандар. Мейірхан Қыдыр­байұлы – осындай адал да абзал азаматтардың бірі. Оның өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңге сенім. Біз ел үшін тынымсыз тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын құрметтейміз. Өйткені олар мемлекеттің іргесін берік етіп тұрған мыз­ғымас тіректер. Осындай азаматтарға бас иіп, алғыс білдіру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы