in

Тазалық науқаны талап үдесінен шықты

Негізінен, өңірде бағдарлама шеңберінде бюджет қаражатымен қатар кәсіпкерлердің демеуші­лігімен қолға алынған шаруалар ұшан-теңіз.  Бұл тұрғыда бір ғана облыс орталығындағы толайым тірліктерді тізбектеп шықсақ же­тіп жатыр.  Соның ішінде орталық алаңдар, саябақтар мен демалыс орындары, ойын және спорт ал­аң­дары қайта жаңғыртылып, тұр­ғын үйлер мен әлеуметтік ны­сан­дар за­манауи үлгіде жөн­делу­де. 

Атап  айтқанда, бүгінде Қыз­ыл­орда қаласындағы Президент және Денсаулық саябақтарының аумағы біртұтас кешен ретінде жаң­ғыртылуда. Аталмыш дем­алыс орындарының аумағына халық сұранысына сай автокөлік тұрағы салынып, гүлзарлармен көм­кер­іледі. Жалпы көлемі 64,5 гектар бо­ла­тын бұл кешенде жаяу жүргін­шілер мен велосипед жол­дары, ашық сахна, спорттық ал­аң­дар, балалар ойын аймақтары, демалыс орындары мен көлеңкелі павиль­ондар бой түзейді. Осыл­айша, қала тұрғындары мен қон­ақ­тары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қал­ыптастыруға негіз қала­нып отыр. 

Қазір қалалық мәдениет және демалыс паркі қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа келбетке ие болды. Сая­баққа  жаңа арка орнатылды. Бұ­рынғы «Сыр батырлары» ес­керт­кіші Тағзым алаңына ауыс­тыр­ылды. Сонымен қатар қор­шаулар мен жүргіншілер жолы жаңар­тылып, 544 түп ағаш пен қылқан жап­ырақты көшеттер отырғыз­ылды. Сондай-ақ скейт­парк, вор­каут алаңдары, балалар ойын аймақтары, фуд-корттар және ашық амфитеатр салынды.

Сонымен қатар қала орталы­ғын­дағы Қорқыт ата мемориалды аллеясын қайта жаңғырту жұ­мыс­тары да қарқын алды. Аллея­ның жалпы аумағы 38 мың шар­шы ме­тр­ден асады. Мұнда халық шо­ғыр­ланатын саялы орынға ай­налдыру мақсатында жасыл же­лек алаңы ұлғайтылды. Бұдан өзге,  балаларға арналған ойын және спорт алаңдары заманауи жабдық­тармен қамтамасыз етіл­ді. Нақты кезеңде құрылыс және абаттан­дыру жұмыстары­ның 65 пайызы аяқталып тұр. 

Облыс орталығында қарқын алған игі бастаманың бірі – Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы даң­ғы­лы бой­ындағы Сырдария жа­ғалауын абаттандыру және бекіту жұмыс­тарының маңызы зор. Бұл жоба аясында  6,7 шақырым жа­ға­лау­дың тіреу қабырғалары ны­ғайтыл­ып, жол кеңейтілді. Жол сапасын арт­тыру мақсат­ында жаңадан  ас­фальт төселді. Соны­мен қатар Сырдария өзені бой­ын­дағы 1,4 ша­қырым қор­ға­ныс бөгеті толық­тай тазартылып, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұр­ғыз­ылды. Сол сияқты бұрын­ғы екіжолақты жол төрт жолаққа  ауыс­тырылып, ені 14 метрге дей­ін кеңейтілді.

Аталмыш аумаққа 8 балалар ойын алаңы мен спорттық құрал-жабдықтар орнатылып, тұрғын­дардың бос уақытын тиімді өткіз­уіне қолайлы жағдай жасалды. Жағ­алау аймағы абаттан­дыры­лып, серуендеуге қажетті  инфра­құры­лым орнатылды.  Жол жиегі түрл­і-түсті бояулармен көмкер­іліп, ер­ек­ше сипатта безендірілді.

Сондай-ақ осы даңғылды жал­­ғайтын Әбілқайыр хан көше­сінен Саламатов көшесіне дейін 2,9 ша­қырым жаңа жол құрылысы бастау алды. Бұл аумақта да өзен бойын­дағы қорғаныс бөгеті күш­ей­тіліп, төртжолақты автожолмен қатар, ені 3 метрлік жаяу жүргін­шілер жолын салу жоспарланған.

Жалпы, Сыр өңірінде атал­мыш бағдарлама аясындағы жұ­мыс­тар­ды одан әрі жалғастыру мақсат­ын­да «Экологиялық мә­ден­иетті дамы­­ту­дың 2024-2029 жыл­дарға арнал­ған «Таза Қазақ­стан» тұжырымда­масын іске асы­ру жөніндегі Қызыл­орда облысы­ның өңірлік жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, сани­тарлық та­за­лық жұ­мыстарын жүр­гізу, абат­­тандыру және көркейту-көг­ал­дандыру ба­ғы­тындағы 43 іс-шара қарастырыл­ған. 

Сонымен қатар «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру, волонтерлік жобалар, бірқатар бастама мен  шара өткізуге тиісті қаржы қарастырылған.

Негізінен, Сыр шаһарын көр­кейтіп, тұрғындардың өмір сұру са­­пасын арттыруға бағытталған жұ­мыстарға  халықтың көңілі тоқ. Со­ның нәтижесінде Қызыл­орда елі­мізге ең таза қала ретінде тан­ыл­ды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы