in

Қоғамдық кеселге кедергі қойылды

Әңгіме мектептегі баладан еңкейген егде жастағыларға дейін зиянын сезбей, «сүйсіне» тартып, картридждегі хош иістендіргіш түтінін қор-қор сорып келген вейптер туралы. Парламент вейптерді іс жүзінде есірткіге теңеді және аса қатал жаза енгізді. Енді оны елге әкелушілер 5 жылға дейін сотталуы мүмкін. Осыған орай құзырлы органдар бұдан да бейхабар азаматтарға ескертпе таратты.

Жалпы, темекі шегуге, наша­қорлыққа қарсы күрес және са­лауатты өмір салтын насихаттау жаңа деңгейге шықты. Ол елеулі нәтиже беріпті. Ұлттық статис­ти­ка бюросының мәліметі бой­ын­ша шылым тартатын қазақ­стандықтардың үлесі 10 жыл бұрын, 2014 жылы 22,2%-ға жет­іпті. 2023 жылы бұл үлес 19,4%-ға, 2024 жылы – 20,7%-ға, 2025 жылы 17,5%-ға дейін азайды. 

Бұл дерек ұлттық статор­ганның жуырда, 15 шілдеде жария­лаған есебінде айтылған. Ведомство жыл басында темекі тұтыну жөніндегі кезекті жыл сайынғы зерттеуін жүргізіп, бар­лық 20 өңірде ауқымды сауална­ма жасаған. Бұл ретте 12 мың отбасының жасы 15-тен асқан мүшелері респондентке айналды. Нәтижесінде, ауылдықтардың ішінде шылымқорлардың үлесі – 19,1%, ал қалалықтар арасында 16,7%-ды құрайтыны айқындалды. 

Көк түтінге көмілуді жаны сүйетін ерлердің ішінде қарапа-й­ым темекіні шегетіндер – 34%, әйелдердің үлесі  5% болды. Қал­ғаны денсаулыққа қауіпті IQOS пен Glo сияқты темекіні қыз­дыру­ға арналған жүйені, қорқор-кальянды, электронды сигарет­терді шегетін көрінеді. 

Ұлттық статистика бюро­сы­ның түсіндіруінше, тұтастай ал­ғанда, бүкіл Қазақстан тұрғын­дары арасында құрамында ни­к­о­тині бар өнімдерді тұтына­тындардың үлесі 15-17 жас ара­лы­ғында – 3,6% (2024 жылы – 1,2% болған-тын, екі еседен ас­тамға өсті), 18-28 жаста – 11,2% (11,9% еді, төмендеді), 29-38 жаста – 19,3% (былтыр­ғысы – 24,8%), 39-48 жаста – 22,7% (27,7%), 49-59 жаста – 23,6% (26,3%), 60 және одан қариялары арасында – 10,6% (2024 жылы 11,8% болған). 

Ендеше темекі мен басқа­сының ешқайсысын татпайтын азаматтардың үлесі бәрібір бас­ым көрінеді. Сөйтіп, статистика мамандарының пайымдауынша, «түтінді бұрқыратсам, ересек, мық­ты көрінемін!» деп жаңылыс түсінетін мектеп оқушыларынан басқа жас топтарында никотин өнімдерін тұтыну айтарлықтай азайып келеді. Көрсеткішті жақ­сарта түсу үшін педагогтер, ата-аналар, халық денсаулығы мен салауатты өмір салтын ілгерілету­ге жауапты құрылымдар және тұл­ғалар жоғары сынып оқушы­лары арасындағы түсініктеме жұ­мыстарын өрістеткені ма­ңызды. 

Мемлекеттік кірістер коми­тетінің түсіндіруінше, ел Пар­ла­менті былтыр «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне түзетулер енгізетін жаңа «Кейбір заңнама­лық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев қол қойып, ол өтпелі 60 күн өткен соң 2024 жыл­ғы 20 маусымда қолданысқа енгізілді. 

Осы түзетілген денсаулық сақтау кодексінің 110-бабына сәй­кес, «шегілмейтін темекі бұй­ымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға» қатаң тыйым салынды.

Сондай-ақ жаңа заңмен IQOS, Glo сияқты «темекі қыз­дыру­ға арналған жүйелерді» 21 жас­қа дейінгі адамға сатуға, 18 жас­қа толмаған адамның сатуы­на, сауда автоматтары, электрон­дық, механикалық құрылғылар арқылы сатуға, денсаулық сақтау, білім беру, сауықтыру, спорттық ғимараттардың, стадиондардың аумақтарында және басқа да бірқатар жағдайда сатуға үзілді-кесілді тыйым салынды.

Мұның сыртында, мемлекет­тік кірістер органының мәлімет­інше, аталған жаңа заңмен Қыл­мыстық кодекске тыйымды бұз­ғаны үшін жауапкершілік бел­гілейтін жаңа 301-1-бап енгіз­ілді. Вейптерді сату және тарату үшін әкімшілік салдар ғана емес, бұдан былай қылмыстық қудалау болады. 

Мысалы, шегілмейтін темекі бұйымдарын, электронды си­гареттерді, вейптерді, хош иіс­тен­діргіштері мен сұйықтық­тарын сатқандарға, тарат­қан­дарға 200 АЕК-ке (2025 жылы – 786 400 теңгеге) дейін айыппұл салынады не айыпты 50 тәулікке дейін қамаққа алынады.

Осы өнімдерді Қазақстанға сырттан әкелгендерге, өндір­гендерге жауапкершілік бұдан қаталдау:  мүлкі тәркіленіп не онсыз, 2 000 АЕК-ке (7 864 000 теңгеге) дейін айыппұлмен, не 2 жылға бас бостандығын шектеу­мен, не сол мерзімге түр­меге қа­малумен жазалануы мүмкін.

Сөз болған қылмысты егер қылмыстық топ жасаса немесе қылмыс аса ірі мөлшерде кіріс алуы­мен ұштасса болмаса бірне­ше рет қайталанып жасалса, онда қылмыскерлерді аса қатал жаза күтеді: мүлкі тәркіленіп, 5 000 АЕК-ке (19 660 000 теңгеге) дей­інгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе мүлкі тәркіленіп, 5 жылға абақтыға жабылады. 

Осыған байланысты Маңғыс­тау облысы бойынша Мемлекет­тік кірістер департаменті Қа­зақстан азаматтарын, елге келе­тін шетелдіктерді және кәсіп­керлік субъектілерін қатаң қыл­мыстық жауапкершілікке тап болмау үшін заңнаманың жаңа талаптарын қатаң сақтауға ша­қыр­ды.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің) заңсыз айналымына қатысты мәлімдемемен қайыр­ылды. Ол 2024 жылғы 19 сәуір­дегі заңмен Денсаулық кодексі ғана емес, Қылмыстық кодекс 301-1-баппен толықтырыл­ғаны­на назар аудартты. 

Бұл баптың екінші бөлігінде вейптерді ел аумағына әкелу­шілер санына қарамастан қыл­мыстық жазаланатыны көрсетіл­ген. Яғни, қазақстандық немесе жатжұрттық шетелде өзі тұтыну немесе әлде­кімге тарту ету үшін тартымды қап­тамасы бар жалғыз ғана вейпті сатып алып, соны республикаға алып кіруге талап­танса, сол үшін сотталып кетуі мүмкін.

– 2025 жылдың басынан вейптерді әкелудің 16 фактісі тір­келіп, 9-ы сотқа жолданды. Қал­ғаны бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, 24 жастағы Қазақстан азамат­шасы 5 вейпті елге заңсыз әкел­гені үшін сот алдында жауап бер­ді. Аудандық сот үкімімен бойжеткен 1 жылға бостандығын шектеу жазасына сотталды. Талдау көрсеткендей, азаматтар вейптерді әкелуге болмайтынын, ол үшін қылмыстық жауап­кер­шіліктің барын білмейтін болып шықты, – деп екпін түсірді елдің бас қадағалаушы органы. 

Осыған орай Бас прокура­тура­ның тапсырмасымен, көлік прокурорлары әуежайларда, вок­залдарда және кеден бекеттерінде ауқымды түсіндіру акцияларын жүргізіпті: баннерлер ілген, эк­ран­­дардан бейнеролик көр­сеткен. Сондай-ақ вейптерді өз еркімен тапсырып, тастап кетуі үшін арнайы жәшіктерді орнатты.

«Ақпараттық науқан бастал­ғалы азаматтар мен туристер арасында вейптерді әкелудің жаңа қылмыстық істері тіркел­меді. Прокуратура еске салады: ел аумағына вейптерді әкелу  саны­на қарамастан  қылмыстық құқықбұзушылық саналады және Қылмыстық кодекстің 301-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деді Бас прокуратура.

Осы жаңа заңмен жұмыс істеп, жетілдірген депутаттардың бірі сенатор Айнұр Арғынбекова бұл құжат Президенттің 2020 жылғы 27 мамырда, Ұлттық қо­ға­мдық сенім кеңесінің ІІІ отыр­ы­сында қойған міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін жеткізді. Қарсылар тыйымға тоқ­тау салу үшін вейптің кәдімгі темекіге тәуелділіктен құтылуға азамат­тарға көмектесетінін алға тар­тып­ты. Алайда қолдаушы депут­аттардың қарсы дәйек­те­месі күштірек болды. 

– Заңдағы негізгі новелла­лардың бірі Қылмыстық кодекс­те тиісті жаза қарастырып, вейп­тердің, хош иістендіргіштері мен сұйықтықтарының айналымына толық тыйым салуды енгізу бол­ды. Бұл оларды әсіресе жасөспі­р­ім­дер мен жастардың тұтынуы­на тосқауыл қояды. Бұл норма Пре­зиденттің вейп пен электр­он­ды сигареттті тұтынуымен күреске бағытталған шұғыл және жүйелі шаралар қабылдау тап­сырмасын орындау үшін қа­былданды, – деді А.Арғынбекова. 

Ол бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қара­пайым темекіден вейпке ауысқан шылымқорлардың ағзасына зиянның азайғаны туралы» тұ­жыр­ымды жоққа шығарды. Тиіс­інше, Дания, Норвегия, Арген­тина, Сингапур және басқа да 33 мемлекет вейптер мен басқасы­ның айналымына тыйым салып тастады. 

Сенатор Руслан Рүстемовтің пікірінше, дені сау жастар – бұл дені сау ұлт және мемлекеттің өркендеуінің кепілі. Әйткенмен, вейп және басқа заманауи қауіпті құбылыспен күресті әрі қарай пәр­менді жалғастырып, шұғыл, жүйелі шаралар қабылдай беру қажет. Депутат Парламенттің мұндай қатаң қадамға не түрткі болғанын жеткізді. 

Заң қабылданар қарсаңында электрондық тұтыну жүйелерін үнемі қолданатын жасөспі­рімдердің саны жыл сайын артып отырған және отандық нарығы 2020 жылдан 300 есе өскен! ДДСҰ-ның 2022 жылғы «Қазақ­станның балалары мен жасөс­пірім­дерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» зерттеуі көрсеткен­дей, 11-15 жастағы жасөспірім­дердің 9,8%-ы вейптерді үнемі тұтынған, жастардың жалпы санындағы үлесі 2018 жылдан үш есе өсіпті. Осыдан елде қандай кесапатқа кедергі қойылғанын аңғаруға болады. 

Елдос СЕНБАЙ