in

Марғұлан Наменов, актер: Өзімді түрлі жанрда сынап көргім келеді

Бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өнер көрсетіп жүрген жас актер Марғұлан Наменов шығармашылық ізденіс пен сахнадағы кәсібилік жайлы шынайы сыр шертті.

– Марғұлан Еркінұлы, актерлік жолыңыз қалай басталды? Бұл бала күнгі арманыңыз ба, әлде тағдырдың тосын бұрылысы ма?

– 1-сыныптан бастап жақсы оқитын, озат оқушылардың қатарында болдым. Ол кезде үздіктер алдыңғы партада отыратын. Бір күні мені екінші қатарға отырғызып қойған сәтте қайтадан тырысып, алдыма мақсат қойып, бірінші қатарға оралдым. Осы бірбеткейлігім мені әрқашан алға жетелейтін. Сол кезден бастап ұстазыма: «Директордың орынбасарына айтыңызшы, мені сахнаға шығарсыншы», – деп мектептегі барлық іс-шараға белсене қатыса бастадым.

Ең алғаш сахнаға 3-сыныпта Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы ауырып жатқан бала рөлінде шықтым. Бұл – менің жадымда мәңгі қалған, естен кетпес сәт. Бірақ уақыт өте келе бала арманыма адал болу менің өмірлік жолыма айналды.

– Отбасыңыз сіздің актерлік жолыңызды қалай қабылдады? Қол­дау білдірді ме?

– Ата-анам өнерге құштарлығым­ды бала күнімнен білетін. Бірақ мамандық таңдау кезінде біраз қобалжыды. «Жалғыз барасың ба? Қайда тұрасың? Бағыт-бағдар беретін адам жоқ», – деп алаңдады. Бірақ 11-сыныпта нақты шешім қабылдап, өнер академиясына түсетінімді айтқанда олар батасын беріп шығарып салды. Алғашында ештеңе білмей, жалғыз жүріп жол таптым. Кейіннен ата-анамның сенімін ақтау  мен үшін басты мақсат болды. Қазір сол сенімді ақтап келемін деп ойлаймын.

– Ең алғаш кәсіби сахнаға шыққан сәтіңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?

– Иә, 2021 жылы Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Қызыл алма» спектаклінде Аббас рөлін алғаш рет сомдадым. Бұл рөлді менен бұрын Қуандық Қыстықбаев, Сырым Қашқабаев, Олжас Дәлелхан сынды аға буын актерлер сомдаған. Солардың ізін жалғастыру – мен үшін зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе.

– Осы «Қызыл алма» спектакліндегі Аббас рөлінен не үйрене алдыңыз?

– Бұл рөл арқылы өзімнің бұрын байқалмаған қырымды аштым. Аббас – жүрегі таза, пәк бала. Осы образ менің ішкі әлеміме де оң әсер етті. Өз-өзіме, айналамдағы ұсақ нәрселерге мұқият қарауды үйрендім.

– Сіздің репертуарыңызда клас­сикалық және заманауи қойылымдар да бар. Қай бағытқа жақынсыз?

– Шыны керек, жас актер ретінде заманауи қойылымдарға көбірек қызығамын. Бірақ классика – актерді биіктететін, кәсіби деңгейін көтеретін үлкен мектеп. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасында Қозы рөлін ойнау – мен үшін сын да, мақтаныш та.

– Қалибек Қуаныш­­баев театрындағы шы­ғармашылық орта сізге не берді?

– Біздің ұжым  талантты, әртүрлі қырынан танылған актерлерге толы. Әріптестерімнің сахнадағы бейне­сіне қарап таңыр­қаймын. Бірі  ке­ремет дауыс иесі болса, бірі – ше­бер музыкант. Жан-жақты­лық­пен театр өнерінде барлығын үйлестіре алатын керемет жан­дар. Осындай ортада бо­лу – дамуға үлкен мүм­кіндік.

– Сахна мен экран арасындағы айырмашылық қандай?

– Сахнада дубль жоқ, бәрі бір ретте – шынайы. Кинода дубльмен жұмыс істеуге болады. Кино мен театр – екі бөлек әлем. Сондықтан мен үшін жан рақаты – сахнада. Бірақ экран арқылы да өзіңді сынап, актерлік палитраны кеңейту маңызды деп ойлаймын. Ал жанды эмоция, көрерменмен тікелей байланыс – осының бәрі театрда. Соңғы кезде «Бақытсыздар бағы», «Город ветров», «Күйеу балам депутат», «Бір үйдің балалары» сынды телехикаяларда да ойнап жүрмін. Бір қызығы, театр сахнасында өз рөлімді сомдап шыққан соң сол күні кешкісін телехикаяда көрерменге басқа образда жолығамын. Instagram желісінде көрерменнен: «Бүгін спектакльде болдық, сіздің рөліңіз анам екеумізге қатты ұнады. Алайда кешкі шай үстінде «Бір үйдің балалары» телехикаясында сізді жағымсыз кейіпте көріп, анам енді сіздің спектакліңізге бармаймын деп өкпелеп отыр», – деген әзіл-қалжың аралас пікір келді. Демек, бұл менің кейіпкер арқылы образымды аша алғаным шығар. 

– Жас актер ретінде Қазақстандағы қазіргі театр өнерінің дамуы туралы не ойлайсыз?

– Қазақстанда театр өнері дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Меніңше, бізге жас, креативті режиссерлер қажет. Қазіргі бар режиссерлердің еңбегін жоққа шығармаймын, дегенмен тың көзқарас пен заманауи ойлауға негізделген жаңа леп ауадай қажет. Сонымен қатар театрда нақты жүйе болуы керек деп есептеймін. Мектеп пен университеттерде оқу жылының басында жоспар құрылып, сол бойынша іс-шаралар өтетін еді. Театрға да сондай маусымдық жоспарлар қажет. Бұл актерлерге образға тереңірек бойлау үшін мол мүмкіндік берер еді. Яғни, ізденіс пен дайындық көп уақытты талап етеді. Сонымен қатар классикалық қойылымдарды жаңаша, заманауи түрде сахналау керек. Бұл бағытта да жас режиссерлердің тың идеялары қажет.

– Алдағы шығармашылық жос­парларыңыз қандай? Жаңа рөл, жеке жобалар бар ма?

– Қазір ұсыныстардан бас тартпауға тырысамын. Әзірге қай­сысын таңдайтынымды шешкенім жоқ. Өзімді түрлі жанрда, түрлі формада сынап көруге ниеттімін. Басты мақсатым – тоқтап қалмау. Жастық шақ – әрекет пен ұмтылыстың уақыты. Артымда өкінетін бос уақыт емес, алға жетелейтін тәжірибе қалса екен деймін.

– Жақында «Күй» спектаклінің премьерасы болды. Қойылымның дайындық барысы қалай өтті? Ең қиын сәттері жайлы не айтасыз?

– «Күй» мен «Шеңбер» қойы­лымдарына дайындықта қатар жүрдім. Екі жаққа да үлгеруге тырыстым. Дегенмен өнер үшін шаршау – ләззат. «Күй» шығармасына дайындық барысында режиссерлік көзқарас пен актерлік түсінік үйлесуі керек деген қағиданы ұстандық. Бұл – шы­ғармашылық тандем. Сол үйлесімді табуға тырыстық. Әрбір ұсақ детальға дейін мән беріп, жұмыс істедік.

– «Күй» спектакліндегі рөліңіз туралы айтып берсеңіз. Бұл рөл сізге қаншалықты жақын? 

– Мен бұл қойылымда күйші рөлін сомдадым. Домбырамен мінезді, ішкі күйді, сезімді жеткізу – үлкен жауапкершілік. Әбіш Кекілбаевтың әр сөзі астарлы, салмақты. Оны сахнада шынайы жеткізу үшін дауыс ырғағымен, қазақы тембрмен көп жұмыс істедім. Менің кейіпкерім – тыныш, бейбіт өмірді қалайтын жан. Бір сөзі маған қатты әсер етті: «Адамдар бірін-бірі жеңсе – жеңер. Бірақ мұны (жерді) жеңе алмайды. Жер бетінде қанша қырғын соғыс болса да, жеңіс жердікі. Ол үстіне сиыспаған адам­дарды астына сыйғызып алады». Бұл сөз адамзатқа, өмірге, бейбітшілікке деген көзқарасымды тереңдетті. Кейіпкерім өзіме ұқсас: айтқанынан қайтпайтын, жігерлі. Осы рөл маған шабыт беріп, өзіме деген сенімді одан сайын арттырды. Спектакльден кейін әріптестерім мен көрерменнің жылы пікірі мен шынайы қошеметі – ең үлкен марапат.

– Егер актер болмасаңыз, өзіңізді қандай мамандықта елестетер едіңіз?

– Егер бұл жолмен жүрмегенімде, бәлкім, әскери салада болар едім. Ол бағыт та маған жақын. Әскерде жүргенде командирім: «Актерліктен басқа салада жүргің келсе, біз сені күтеміз», – деп қалжыңдап айт­қан. Бірақ жүрек қалауымен сахна­ны таңдадым. Осы таңдауыма еш өкінбеймін.

– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз! Шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан 

Айгерім СҰЛТАНҒАЛИ,

ЕҰУ студенті