Бір ғана эстетикалық медицинасы қарыштап дамыған Оңтүстік Корея елінде 19 бен 30 жас аралығындағы әрбір үшінші тұрғын өз еркімен пышаққа түсіп, пластикалық ота жасатады. Өйткені онда адамның келбетті болуы – оның қызметте табысты болуының кепілі. Білім мен біліктіліктен бөлек, бұл елде қызметке қабылданатын жасқа қойылатын ең басты талаптың бірі де – осы. Осыған орай пластикалық хирург, PHD доктор Айна Досанмен аталған саланың көпшілік біле бермейтін кейбір мәселелері, пластикалық оталардың зияны мен пайдасы туралы сөйлестік.
– Уақыт алмасып, заман өзгерген сайын эстетикалық медицина саласы да дамып келе жатыр. Сәйкесінше, соған қарай жаңа бьюти-стандарттар пайда болуда. Осы тұрғыдан келгенде еліміз пластикалық хирургия саласының бүгінгі тынысы қалай? Болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазір пластикалық хирургия дүниежүзіндегі топ 5 хирургияның біреуі болып отыр. Әлемнің әр елінде жыл сайын мыңдаған пластикалық операция жасалынады. Әсіресе, бұл тұрғыда Еуропа мен Америка, Оңтүстік Корея елдерінің қара үзіп алға шыққанын айтпасқа болмайды. Адамның өмір сүру салты, оның тұрмыс жағдайы жақсарған сайын медицинаның эстетикалық саласына жүгінетіндер саны артпаса, кемімейтін сияқты. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалып жатқан жоқ. Халықтың өмір салты бізде де өзгеріп жатыр. Адамдар бұрынғыдай денесіндегі тыртығымен, болмаса көзге көрініп тұрған кемшілігімен өмір сүргісі келмейтін болған. Мүмкіндігі болса, ондай кемістіктерін мүлде жойып жіберіп, алдырып тастауға, сырт көзге байқалмайтындай етіп, бет-әлпетінің кескінін немесе мүсінін бұрынғысынан әлдеқайда жақсартуға тырысады. Өмір салты өзгерді деп айтып отырмын ғой. Соған сәйкес, кеңседе отырып істейтін жұмыс түрлері көбейді. Сәйкесінше, қозғалысты көп қажет етпейтін мамандықтар саны артып келеді. Соған қарай нақты бір пластикалық ота түрлеріне деген сұраныс та жоғары. Бұл құбылыс біздің қоғамда жасырын емес. Мәселен, қазір липосакция, яғни майды сору операциясына деген сұраныс көп. Сонымен қатар қазір жеке тұлғаның өзін-өзі идентификациялауы, яғни өз ерекшелігін айшықтап, өзін әдемі етіп көрсетуге тырысуы, айналасына өзін-өзі танытуға, көрсетуге деген құлшынысы басым. Ал ол жерде әдемілік, сымбаттылық бірінші орында тұрады. Қоғамда адам өзінің тартымдылығы арқылы тауарына не болмаса көрсететін қызметіне сұранысты арттыру сипаты белең алған. Сол себепті осындай тенденция бірінші орында тұрған кезде, оған деген сұраныстың да арта беретіні анық. Қазір елімізде пластикалық хирург болғысы келетін дәрігердің саны көп. Жылдан-жылға артпаса, кемімейді. Өйткені көбі бұл мамандықты сұранысқа ие әрі табысты кәсіп деп санайды. Маған да «Оқытасыз ба, өз шеберлігіңізді үйретесіз бе?» деп келетіндер көп. Соған қарағанда, бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын. Бізде де мықты дәрігерлер бар. Осыдан жиырма жыл бұрын тәжірибеңіз қаншалықты десе, көбі күмілжіп, жауап бере алмай қалатын еді. Қазір он жылдан аса тәжірибесі бар мамандар баршылық. Шетелдік әріптестерімізден де көп нәрсе үйреніп жатырмыз.
Ота жасатса да, табиғи болмысынан ажырамауы керек
– Әркімнің қалауы, талғамы деген мәселе бар ғой. Сол тұрғыдан келгенде пластикалық отаның нәтижесі неге байланысты?
– Пластикалық отаның нәтижесі бір қарағанда ота жасалғанын ажырата алмайтындай, байқалмайтындай, көзге ұрып тұрмайтындай болуы керек. Яғни, барынша табиғи болғаны маңызды. Қазір бұрынғыдай емес, пластикалық хирургияға жүгінетіндердің басым бөлігі ота нәтижесінің барынша табиғи болғанын қалайды. Әр дәрігердің ота жасауда өзінің әдіс – тәсілі бар. Бірақ бірінші орында пациенттің қалауы тұратыны анық. Сол себепті онымен терең, жан-жақты байланыс орнатып, оған нақты не керек екенін түсініп алудың маңызы зор деп ойлаймын. Хирургиялық коррекцияның жай-жапсарын алдын ала ақылдасып, өзара келісіп жасағанда ғана нәтиже ойдағыдай болатыны сөзсіз. Бұл жерде адамның анатомиялық ерекшеліктерін сақтау өте маңызды. Сонымен қатар әр халықтың өзінің ұлттық ерекшеліктері болады. Сол ерекшеліктерді сақтау да маңызды. Менің әу баста алдыма қойған мақсатым – ешқашан жасандылыққа бармау. Адамның бет жүзіне ота жасаған кезде барынша оның табиғи болмысын, Құдай берген түр-әлпетінің ерекшеліктерін сақтап қалуға тарысамын. Адам қандай ота жасатса да табиғи болмысынан ажырамауы керек, табиғатынан алыстамауы керек деген ұстанымдағы адаммын. Мысалы, сіз Жанар болсаңыз, отадан кейін көрген адам сізді Жанар деп тануы керек, солай қабылдауы керек. Егер сізді танитын адамдардың көз алдында мүлде басқа адам тұрса, пластикалық хирург сізді адам танымастай өзгертіп, басқа адамға айналдырып жіберсе, көп жағдайда ол — отаның сәтсіз шыққаны деп есептеймін.
– Қазір әлем бойынша артық салмақтан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға артып отырғаны белгілі. Мұны ғасыр дерті десек те болғандай. Сәйкесінше, жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, артық майдан арылтатын отаға деген сұраныстың көбейгені ешкімге жасырын емес. Оның соңы қайғылы жағдайға алып келген бірді-екілі оқиғаларды да білеміз. Пластикалық отаның ең күрделі түрі саналатын осы ота адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?
– Дәрігерлер арасында «Дұрыс емес емделуші» деген түсінік бар. Егер сондай ем алушыға тап болсаңыз, ол тәуекелі көп отаға жатады. Ол — өте ауыр салмақпен келген адам. Мұндай пациентке ота жасау зиян әрі өте қауіпті процедура. Оның кері әсері өте көп. Липосакциядан кейін пациенттің денесі кедір-бұдыр боп қалуы мүмкін. Яғни, дене бұрынғыдай біртегіс болмай қалады. Одан бөлек, май «эмболиясы» деген болады. Ауыр салмақтағы адамға жасалған ота сондайға дейін алып келеді. Бұл дегеніміз не? Адамнан өте көп мөлшерде май алған кезде майдың біраз бөлігі ыдырап кетеді, ериді. Ал еріген майдың қанға еніп кету қаупі зор. Ол майдың эмульсия түрі. Май қышқылы дейміз. Мұндай жағдайда оның соңы өлімге алып келуі мүмкін. Оны сізге қарапайым тілмен былай түсіндірсем болады. Сорпа қайнатқан кезде майдың біраз бөлігі етпен бірге қалады да, біраз бөлігі сорпаның бетіне шығып кетеді ғой. Бұл да сондай процесс. Майды сорған кезде еріген май қан тамырларының ішіне кіріп, оны бітеп тастайды. Бұл өте қауіпті. Майды өте көп мөлшерде алғанда оның арты қайғылы жағдайларға алып келетіні сондықтан. Ал егер бұл операцияны өзінің тиісті көрсеткіштерімен жасайтын болса, бұл қауіпсіз. Адам ағзасына айтарлықтай зияны да болмайды.
Алғашқы отаны әжеме жасадым
– Операция үстінде қандай да күтпеген жағдайлар, төтенше оқиғалар бола ма? Болса қандай?
– Енді хирургия болған соң онсыз болмайды ғой. Ара-тұра ондай жайттар болып тұрады. Қалай болғанда да хирург күтпеген жағдайларға дайын болуы керек. Күтпеген жағдай болған күннің өзінде шұғыл қолданылуы тиіс шаралар алдын ала ойластырылып қойылған. Анестезиолог бар, жедел көмек көрсететін түрлі маман бар. Ондай сәттерде біз бірлесіп әрекет етеміз. Емделушілердің барлық көрсеткіші мониторға қосылып, жағдайын толық бақылап тұрамыз. Жүрек қағысы, қан қысымы бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Бұрын мұндай құралдар болмаған кезде де адамның түрінен, бет әлпетінен қандай да бір жайсыздықты байқасақ, бірден шара қолданатын едік.
– Студент кезіңізде үй жағдайында әжеңізге ота жасағаныңызды естіген едім. Рас па?
– Ол енді таза пластикалық ота болатын. Пластикалық хирургиядағы ең алғашқы пациентім – әжем болды. Мен ол кезде әлі студент едім, өзіңіз айтқандай. Әжеме отаны тәжірибе үшін, болмаса қызығушылықпен жасағам жоқ. Жасауға мәжбүр болдым. Әжемнің жағдайы қатты асқынып кеткен болатын. Екі жыл қатарынан көз аурулары ауруханасына түсті. Үш рет ауруханадан шығарып тастады. Біресе қан қысымы жоғары болғандықтан отаға жарамайды дейді, біресе денсаулығында ақау бар дейді. Қан сараптамалары да дұрыс шықпай, отаны кейінге шегере берді. Кейіннен тіптен «операцияны көтере алмайды» деп дәрігерлер ота жасаудан бас тартты. Ал әжемнің жағдайы күннен-күнге нашарлап, жағдайы қиындай берді. Ол кісінің кірпігі ішіне қарай өсіп кеткен еді. Төменгі қабақтың терісі босаған кезде бұлшық еттер әлсіреп, кірпіктерді сыртқа қарай тартып тұра алмай қалады. Сол себепті кірпік ішке кіріп өседі. Сөйтіп, көздің беткі қабаттарын тітіркендіріп, ол жерде жара пайда болады. Қайта-қайта іріңдеп, әжем қатты қиналып кетті. Көруі де нашарлай бастады. Жарыққа мүлде қарай алмайтын болып қалды. Күні бойы қараңғыда отыратын болды. Ылғи көзінен парлап жас ағады да тұрады. Көрген сайын әжеме жаным ашып, жүрегім ауырып жүретін. Содан бір күні ойладым, тағы жатқызсақ, аз күн емдейді де тағы шығарып тастайды. Одан да өзім ота жасап көрейін деп шештім. Атамның құрал-саймандарын сұрап алдым. Ол кісі өмір бойы хирург болған адам еді. Бірақ ол кезде құралдар қазіргідей бір реттік емес. Сондықтан құралдардың бәрін алдын ала қайнатып, залалсыздандырып алдым. Сөйтіп, осындай қадамға баруға мәжбүр болдым. Амалсыздан. Бұл –хирургиялық тұрғыда дұрыс емес еді. Сөйтіп, өзімнің тұңғыш пластикалық операциямды үй жағдайында, әжеме жасадым.
Дәрігер адамның кемшілігін бірінші айтпауы қажет
– Пластикалық хирургияда ең маңыздысы не?
– Пациент өзінің не қалайтынын нақты білуі керек. Осы жерде айта кетейін, бізге келетін пациенттердің көбі өзіне не керек екенін білмей келеді. «Маған анау айтты, мынау айтты, анам анандай жасат деді», – дейді. «Жігітім мына жеріңді жасат деп айтты» деп келетіндер де бар. Өздеріне сол отаның керегі бар ма, жоқ па білмейді. Сол себепті мен кеңес беру кезінде бәрін ашық айтып, бетін ашып алуға тырысам. Бірақ негізінен мен өзім бірінші болып проблеманы көрсетпеймін. Алдымен өзінен сұраймын. Өйткені мен көріп тұрған проблеманы, денесіндегі болмаса бет әлпетіндегі ақауды, кемістікті ол өзі оған дейін байқамауы, білмеуі мүмкін. Ал егер мен бірінші болып айтсам, ол соны миына құйып алады. Сөйтіп, жатса, тұрса соны ойлайды. Денесінде көзге көрініп, менмұндалап тұрған тыртығы немесе кемістігі болса да мен бірінші болып айтпаймын. Өзі ол кемістігін біліп, айтып тұрса ғана әрі қарай ол проблемамен жұмыс істеген дұрыс деп санаймын. Адамның кемістігін, денесіндегі кемшілігін бетің бар, жүзің бар демей айта салған дұрыс емес деп ойлаймын. Кейбір дәрігерлер бар, адамның кемістігін өздері бірінші болып айтып, былайша айтқанда, оны еріксіз отаға итермелейді. Ондай тәсіл дәрігерлік этикаға да, адамшылыққа да жат деп ойлаймын.
– Бір әңгімеңізде «Ресейде оқып, кейін Корея, Қытай елдеріне барғанда көптеген айырмашылықты байқадым. Оларда пластикалық хирургия ТМД елдерінен көш ілгері екенін, мүлде басқа бағытта дамып кеткенін түсіндім» деп айтқан едіңіз.
– Осыдан жиырма жыл бұрын пластикалық хирургия бізде бұрын-соңды болмаған, бұған ешкім ден қоймаған мамандық болды. Ол кезде елімізде аталмыш мамандарды дайындайтын оқу орны да болған жоқ. Әрине, арнайы медициналық білімі, оның ішінде хирургияны оқыған мамандар болған шығар. Дейтұрғанмен, арнайы пластикалық хирургияға қатысты білімі де, біліктілігі де бар маман болған жоқ. Мен сол кезде алғашқылардың бірі болып Ресейден оқып келдім. Енді оқыған салам бойынша жұмыс істейін десем, неден бастарымды білмеймін. Маған бағыт беретін, мен үйренетін, тәжірибе алмасатын адам болған жоқ. Ұстазым – профессор Серік Нұрмағанов еді. Бірақ ол кісі бет-жақ хирургы болатын. Сол себепті ұстазым маған тек бет-жақ мәселесі бойынша кеңес берді. Ал дененің басқа бөліктеріне қатысты кімнен ақыл сұрарымды білмей дал болып, тығырыққа тірелетін кездерім көп болды. Сізге мынаны айтайын, мен Қытайға барған кезімде осы пластикалық хирургия саласында істегеніне 20 жылдай уақыт болған бір жігітті көрдім. Жас шамасы сол кездерде қырықтарда болу керек. Ол жасы қырыққа таяғанда ғана жеке өзі операция жасай бастапты. Оған дейін ол ұстаздарының, тәлімгерлерінің жанында қосалқы хирург, яғни ассистент болып жүріпті. Ал мен 25 жасымда жеке өзім операция жасап кеттім. Бұл менің мықтылығымнан емес, сол кездегі жағдайға байланысты болған жағдай екенін айта кету паразым деп ойлаймын. Сол уақытта елімізде нағыз пластикалық хиругия саласы бойынша білім алған мамандар жетіспеді.
– Ресейде ұзын-ырғасы төрт жылдан аса білім алған екенсіз. Соған қарамастан, келе сала білім іздеп қайтадан Қытай асып, Кореяға сапар шегуіңізге не себеп болды? Ресейден алған біліміңіз жеткіліксіз болды ма?
– Мен Ресейде оқып жүргенде ота жасатқан адамдардың ішінен бірде-бір азиялық нәсіл көрмеген екенмін. Ал бізде көбінесе азиялық көздер ғой. Мұнда келген соң өзімнің Ресейде алған білімімнің жеткіліксіз екеніне көзім жетті. Сол себепті Азия елдеріне барып, оқып, білімімді жетілдіргім келді. Алдымен Кореяға, содан кейін Қытайға барып, білімімді жалғастыруды жөн көрдім. Бір қызығы, ол елдерде ота жасалып болғаннан кейін пациентті үйіне жібере салады екен. Соны көріп, таң-тамаша болдым. Үйіне кете беретіні ештеңе емес, олар операциядан кейін далада қыдырып, күнделікті қалыпты тірліктерін істеп жүре береді. Бұл мен үшін таңданарлық жайт еді. Ал Ресейде пациенттер операциядан кейін кәдімгі науқас адам сияқты бес күн, бір жеті, кейде, тіпті отаның күрделілігіне қарай, он күн ауруханада жатып, емделетін. Төменгі қабақ, жоғарғы қабақ блефаропластикасы сияқты жеңіл-желпі операциялардың өзі сол кезде наркозбен жасалынатын еді. Тарзольды тігіс салу деген бар. Сондай әдіспен тігіп қояды. Яғни, жоғарғы қабақ пен төменгі қабақтың кірпік тұратын жерін, бір-біріне байлап, тігіп қояды. Сол себепті олар көздерін аша алмайтын. Онымен қоймай, көзін сыртынан байлап тастайтын. Сол себепті науқастар дәлізге шықпақ тұрмақ, палатаның ішінде арлы-берлі жүре алмай қалатын. Көздері жабық болғаннан кейін айналасын көре алмайды ғой. Оларды арнайы бір адам жетектеп жүретін. Операциядан кейін көздері адам көргісіз болып қатты көгеріп кететін. Оларға қараудың өзі қорқынышты болатын. Соны көріп келген мен оны қалыпты жағдай шығар деп ойлайтынмын. Сол себепті Кореяға барғанда отадан кейін пациенттерді үйіне жібере салғандарын көріп, «Көзі көре алмай қалмай ма? Жолда бірнәрсе болып қалса ше?» деп әбден миларын ашытқаным бар. Айтайын дегенім – сонда жүріп олардың отаға деген қарым-қатынастарының, әдіс-тәсілдерінің ТМД елдерінен мүлде бөлек екенін, бізден түбегейлі басқаша екенін көрдім. Көз жеткіздім. Кейін сол жақтан үйреніп келгенімнің бәрін осында, өзімнің пациенттеріме қолдандым.
– Сіз ғылыми түрде қорғап, дәлелдеген әдісіңізді патенттеп алдыңыз ба?
– Иә, өзімнің методикам бойынша екі патент алдым. «Өнертапқыштық патенті» дейді оны. Екі патент те маған жоғарғы қабақ блефаропласткасының хирургиялық методикасы бойынша берілді. Сонымен қатар бес авторлық куәлікке ие болдым. Біле білсеңіз, медицинада авторлық куәлік деген де көркем шығарма тәрізді құнды дүние. Бірақ бұл ғылыми құндылыққа жатпайды. Ғылыми құндылығы бар дүние – ол патент. Бізде көп адам осы авторлық куәлікті жасатып алып, «Менің авторлық куәлігім бар» деп көрінген жерде соны алға тартып жатады. Оны алу үшін ғылыми дәлелдеуден бөлек, шетелдік ғылыми журналдарда материал жариялауың керек болады. Ал патентке келетін болсақ, патенттің өзі бір жарым жыл бойы қаралады. Арнайы комиссия соған лайық па, жоқ па, сен біреуден көшіріп алған жоқсың ба деген сияқты мәселелерді мұқият зерттейді. Плагиат емес пе деп тексереді. Сенің ғылыми жұмысыңның ішінде бір ғана пункті басқа біреудің жұмысымен сәйкес келіп қалса, ол жұмыс қайтарылып беріледі.
– Пластикалық хирургияда аутопластика, яғни қажетті тінді науқастың өз денесінен алу, гомопластика – тінді басқа адамның денесінен алу және гетеропластика – тінді жануарлардан алу сияқты тәсілдердің қолданылатынынан хабарым бар. Сіздерде осындай тәсілдер қолданыла ма?
– Қажет болып жатса, неге пайдаланбаймыз?! Кейде күйіп қалған адамдарда тері жетіспеушілігі болады. Тері деген де адамның маңызды бір ағзасы ғой. Тері жеткіліксіз болса адамның қозғалысы қиынға түседі. Сонымен қатар тері – адамның қорғаныш қабаты. Мәселен, адамның денесі 80-90 пайыз күйікке шалдықты дейікші. Теріні қайдан аласыз? Ондай жағдайда, ксено тері дейміз, соны пайдаланамыз. Көп жағдайда шошқа терісін пайдаланамыз. Күйген жерге шошқаның терісін жабыстырамыз. Жүз пайыз түгел қалмаса да қорғаныс қабаты болып аздаған бөлігі адамның денесінде қалады. Соның өзі әрі қарай қолайлы жағдай жасауға жеткілікті болады. Мұндай жағдайда терінің эстетикалық сапасы екінші кезектегі мәселе болып қалады. Ең бірінші кезекте адамның өмірі тұрады. Әрине, егер жетіп жатса, адамның өзінің денесінің басқа жағынан әкеліп, саламыз.
– Болашақта пластикалық хирургияда діңгек жасушалардың кеңінен қолданылуы мүмкін деген болжам бар. Ол адамның қартаю процесін тежеуі мүмкін деген де сыбыс айтылып жүр. Ғалым ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл әлі зерттеліп жатыр.Сондықтан нақты бір тоқтам айту қиындау. Көп елде бұл тәсілді енгізуге тыйым салынған. Өйткені әлі зерттеуді, дәлелдеуді қажет ететін дүние көп бұл жерде. Мұның бәрі болашақтың әңгімесі. Дегенмен мен айтар едім, мысалы Жапонияда дің жасушаларын пайдаланып, жаңадан тіс өсіріп шығару әдісі қолға алына бастады. Бұл адамның өзінің тіні болғандықтан оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ, біріншіден. Ал екіншіден, ол ағзаңа тез сіңіп кетеді, ешқандай сыртқа тебу болмайды. Ағзаға сырттан бөтен тін кірмейді. Сол себепті оны ағза да қалыпты қабылдайды. Қазір өкінішке қарай, толық бейбіт өмір сүріп жатырмыз деуге болмайды. Дүниежүзінде оқтын-оқтын соғыстар болып, адам түрлі жарақат алып, ағзаларынан, дене мүшелерінен айрылып қалатын жағдай көп. Қол-аяқсыз қалатындар, денесінің түрлі мүшесі зақымданып, жақ сүйегіне зақым келетін, көзі ағып кетіп, су қараңғы соқыр боп қалатындар көп. Осындай жағдайларда діңгек жасушалары адамзат үшін (стволовые клетки) таптырмас тәсіл болар еді деп ойлаймын. Өте керемет болар еді. Жалпы, пластикалық хирургияға қатысты ғылымның болашағы өте зор деп ойлаймын. Бірақ ол әзірге тек ғылыми зерттеуді қажет ететін, толық дәлелдеуді қажет ететін ауқымды жоба ғана. Ал кәрілікті тежеуге қатысты жобалар түрлі елде қарқынды жүріп жатыр. Америкада бұл жоблар «анти эйжинг жобалар» деп аталады және көп дүние жасалынып та жатыр. Бірақ оның барлығы тек эксперимент түрінде жүргізілуде. Ал тәжірибе сатысындағы зерттеулерді адамға қолдануға болмайды. Оның шынымен тиімді екені, адам ағзасына зияны жоқ екені дәлелденуі керек. Сонда ғана ол тәжірибеге енгізіледі. Онда да алдымен нақты бір популяцияға тәжірибе жүзінде жүргізеледі. Гендік инженерия қазір қарқынды дамып жатыр. Нобель сыйлығының ауқымды бөлігі осы салаға тиесілі болып отыр. Әлемдік деңгейдегі беделді сыйлыққа гендік инженерияға байланысты жаңалық ашқан ғалымдар ие болуда. Болашақта ғылым дамып кетсе, адамдар қартаймайтын болса, пластикалық хирургияға деген қажеттілік те болмай қалуы мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жанар ОРАЗЫМБЕТ