Бүгін Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Мерейтой иелері – 2025» көрмесінің ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Экспозицияда бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, еліміздің мәдени өмірінде өшпес із қалдырған суретшілердің туындылары жинақталған. Бұл көрмеде ХХ ғасырда қазақстандық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен әр буын өкілдерінің шығармашылығы тоғысып жатыр. Олардың қатарында Хлудов Николай, Антощенко-Оленев Валентин, Каптерев Валерий, Глебова Татьяна және т.б. бар.
Николай Хлудов Қазақстанға XIX ғасырдың соңында келген. Оның шығармашылығы XIX ғасырдағы реалистік кескіндеме мектебі қазақ жерінде кеңінен танылып, жалғасын табуына ықпалы зор болды. Суретші көп жерге саяхаттап барған, соның нәтижесінде тұрмыс пен табиғат көріністерін бейнелейтін кескіндемелік туындылар жазды.
Қазақстанның бейнелеу өнерінде Қазақ КСР-нің халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы ерекше орын алады. Ол – шетелде академиялық көркем білім алған алғашқы қазақ суретшілерінің бірі. Оның туындылары терең мазмұнымен және ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Хакімжан Наурызбаев – ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық суретшісі. Ол мәдениет пен өнер қайраткерлерінің портреттер галереясын жасап, еңбек ерлерінің келбетін қағазға түсіріп үлгерген. Валентин Антощенко-Оленев – республикадағы аса көрнекті график-суретшілердің бірі болған. Оның шығармашылығы жанр, тақырып және көңіл күй тұрғысынан алуан түрлі. Суретшінің сүйікті техникасы – ақ-қара линогравюра. Бұл әдіс арқылы ол түрлі тақырыптарды шебер бейнелеген.
Бұл көрме қылқалам шеберлеріне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар олардың көзқарасымен сол дәуірге оралуға мүмкіндік берді. Олардың шығармашылық мұрасы өшпейді, шабыт сыйлап, жүректі тебірентіп, өткеннің үнін бірнеше ұрпаққа жеткізеді. Ең бастысы, шексіз уақыт пен кеңістіктегі адамның болмысын еске түсіреді.