«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылдық округінде 120 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Салтанатты іс-шараға «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, облыстағы мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдарынан бері ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыратын құндылықтарды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп келеді. Қазіргі таңда ауданда 40-қа жуық мәдениет орталығы жұмыс істейді. Әрбір мәдениет үйі – ұлт өнерінің көмбесі, рухани мұраның ордасы. Алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да мәдениет ошақтары салынады. Осылайша, ауданымыздың барлық елді мекендері 100 пайыз мәдениет нысандарымен қамтылатын болады», – деді аймақ басшысы.
Облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова өз сөзінде «AMANAT» партиясының мәдениет пен өнерді дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі бастамаларын тілге тиек етіп, бұл нысан соның нақты нәтижесі екенін атап өтті.
«Бұл нысан – ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жаңғыртып, шығармашылық пен өнердің, бірлік пен ынтымақтың ордасына айналатын құтты мекен боларына сенімдіміз. Бұл – «AMANAT» партиясының халықпен бірге жасап жатқан нақты істерінің жарқын көрінісі. Ендігі мақсат – осы игілікті іске жан бітіріп, ауыл мәдениетін жаңа белеске көтеру», – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, қонақтар мен ауыл тұрғындары заманауи жабдықталған мәдениет ошағын аралап көрді.
Айта кетейік, мәдениет үйінің құрылысын «Ник Тараз» ЖШС мердігер компаниясы жүзеге асырған. Жобаның жалпы құны – 266,9 млн теңге. Қазіргі таңда мұнда 6 қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мен жастарға арналған 4 үйірме жұмыс істейді. Олар: «Сымбат» ән үйірмесі, «Аяулы әжелер» клубы, «Сөз патшасы» мәнерлеп оқу үйірмесі және «Балауса» би үйірмесі. Жалпы аумағы 547 шаршы метрді құрайтын бұл мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани-мәдени қажеттіліктерін өтейтін игілікті орталыққа айналмақ.
Жыл соңына дейін «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарында да осындай жаңа мәдениет үйлері ашылады деп жоспарлануда.