Ұлттық банк халықты валюта сатып алуға байыппен қарауға шақырып, дүрлігудің шығындарға әкелуі мүмкін екенін ескертті, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова LS басылымына берген түсініктемесінде теңгенің әлсіреу себептерін айтып, Үкіметтің 540 теңгелік бағам туралы мәлімдемесінің ықпалын бағалап, қазіргі жағдайдағы реттеушінің іс-қимылдары туралы мәлім етті.
Әлия Молдабекованың айтуынша, валюта нарығында шетел валютасына тұрақты сұраныс сақталып отыр, оған маусымдық факторлар да әсер етуде.
«Жылдың екінші жартысындағы бюджеттік қаражатты белсенді игеру, импорт үшін төлемдердің көбеюі және шетелге туризмнің артуы дәстүрлі түрде шетел валютасына сұраныстың өсуіне әкеледі. Маусым айынан бастап импорттың айлық көлемі жыл басынан бергі орташа айлық көлемнен 25%-ға артық. Осындай динамика валюта биржасында да байқалады: бұл кезеңдегі сауда көлемі орташа есеппен 22%-ға жоғары», – деді Молдабекова.
Сонымен қатар шетел валютасына ұсыныс, оның ішінде квазимемлекеттік сектор операцияларының азаюы байқалады. Осыған байланысты кей кезеңдерде валюта нарығында өтімділік төмен болып, бұл доллар бағамының өсуіне ықпал етеді. Дегенмен сыртқы жағдайлар жалпы алғанда салыстырмалы түрде қолайлы: мұнай бағасы шамамен барреліне 70 доллар деңгейінде, жаһандық доллар индексі төмендеп келеді, инвесторлардың тәуекелі жоғары активтерге қызығушылығы сақталып отыр.
«Соңғы күндердегі айырбас бағамының құбылуы іргелі факторлармен байланысты емес. Біз қазіргі теңгенің әлсіреуін негізсіз деп санаймыз және нарықта түзету болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Мұндай жағдайларда бұл жиі кездеседі. Сондықтан валютаны сатып алуға қатысты шешім қабылдағанда аса қажеттілік болмаса, ойланып әрекет ету қажет. Себебі бағам түзетілген жағдайда шығынға ұшырау қаупі бар», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол Үкіметтің 540 теңге бағамы туралы мәлімдемесін нарық қатысушылары белгілі бір бағдар немесе белгі ретінде қабылдағаны туралы сарапшылар пікіріне де түсініктеме берді.
«Мұнда бір нәрсені нақты түсіну керек: бұл – мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған жағдайда республикалық бюджеттің базалық сценарийі үшін қолданылатын техникалық есептік көрсеткіш. Яғни, биылғы емес, келесі – 2026 жылға арналған. Бұл Үкіметтің бюджетті жоспарлаудағы консервативті тәсілін көрсетеді. Қазір өздеріңіз білесіздер, мұнай баррелінің бағасы 70 доллар шамасында. Айта кетейін, келесі жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлі дайын емес, оның қандай да бір көрсеткіштері бекітілген жоқ. Сондықтан ол бюджеттің мақсатты айырбас бағамы емес. Бұлай есептейтіндер қателеседі», – деп түсіндірді Әлия Молдабекова.
Сондай-ақ ол Ұлттық банк бағамға интервенция арқылы араласқан жоқ және мұны қажет деп санамайтынын айтты.
«Біз нарықтың жағдайды өзі реттей алады деп санаймыз. Нарық қатысушылары қазіргі сәтте теңгенің әлсіреуіне іргелі немесе елеулі себептердің жоқ екенін өздері де түсініп отыр. Бұған дейін айтқанымдай, нарықта түзетулер болуы ықтимал, сондықтан бағам бұрынғы деңгейлерге қайта оралуы мүмкін. Ал дүрлігудің жетегінде кеткендер шығынға ұшырауы мүмкін. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, экономика мен инвестициялар тұрақты өсіп жатыр, мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде, сыртқы ортада тұрақтылық белгілері байқалады», – деді Әлия Молдабекова.
Қазіргі кезде реттеушінің араласуы Ұлттық қордан бюджетке трансферттер аясындағы стандартты шетел валютасын сату және аффинирленген алтынды сатып алу операцияларын қайталауымен шектеліп отыр.
«Жалпы, Ұлттық банк айырбас бағамына тек ерекше жағдайларда ғана араласады. Соңғы рет Ұлттық банк былтыр желтоқсанда интервенция жүргізді, бұл Ресейге қарсы санкциялық саясаттың күрт қатаңдауы, жаһандық доллардың нығаюы және шикізат нарығындағы бағаның төмендеуі аясында айырбас бағамының өзгеруінің алдын алу мақсатында жасалды. Қазіргі кезде мұндай факторлар жоқ», – деп түйіндеді спикер.
Сонымен қатар Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп квазимемлекеттік сектордың валюта операцияларын үйлестіруді жалғастырып, қосымша шетел валютасы көлемін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Сондай-ақ валюта нарығындағы жағдайды бақылап отыр, егер нарықта жоғары құбылмалылық байқалса реттеуші кез келген сәтте араласа алады.