in

Ғылымды ғұмырына арқау еткен

Солардың бірі – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған, ғылым мен білімнің шамшырағы болған, ғалым-ұстаз, ұлт зиялысы, профессор Бекберген Байдоллаұлы Байдуллаев. Ол – тек білім мен ғылымда ғана емес, мінезі мен мұраты арқылы да биікке көтерілген тұлға. Туған еліне, өскен ортасына адалдығымен, терең ойы мен кемел болмысымен танылған азаматтың өмір жолына үңілген сайын біз тек ғалымды емес, тұтас бір дәуірдің бейнесін көреміз. Оның қайраткерлік жолын тану – ұрпаққа тағылым, елге өсиет.

Оның өмір жолы – бір ғана адамның тағдыры емес, тұтас дәуірдің шежіресі. Ғылымға деген махаббаты, адал еңбегі мен биік парасаты ұрпаққа өнеге, елге үлгі. Ол – ойы жүйрік, сөзі салмақты, білімі терең, тұлғалық болмысы дара жан еді.

Бекберген Байдоллаұлы 1935 жылы ақпан айында Маңғыстау­дың қасиетті топырағында – Шетпеде дүние есігін ашты. Та­ри­хи тамыры терең Қаратаудың етегінде қоныстанған қожағұл руының отбасында дүниеге келген ол, елге қадірлі, білім мен еңбекті ту еткен шаңырақтың түлегі бо­латын. Атасы Бөлеш молда – Бес­қала мен Хиуаның медреселерінде он жылдан аса білім алып, елге оралған соң ағайын-туыс балала­рына сауат ашқан ұстаз еді. Ауылға алғашқылардың бірі болып егін егіп, бақ өсірген, тіршілікке жаңа­ша тыныс берген ағартушы тұлға.

Әкесі Байдолла да халыққа сыйлы, егіншілікпен айналысқан, ағайынға қамқор, алдыңғы буын­ның ардақтысы еді. Бірақ қуғын-сүргіннің сұрапыл толқыны бұл шаңырақты да айналып өтпеді – «ескінің өкілі» деген жаламен Байдолла Бөлешұлы 1938 жылы тұтқындалып, жер аударылды. Анасы көп ұзамай көз жұмады. Бес жастағы Бекберген тағдырдың тау­қы­метін ерте сезінгендіктен болар, бала күнінен-ақ асыл мұратқа ұмтылды.

Апасы Болған Масатованың тәрбиесінде өскен ол Сартас ауы­лындағы жетіжылдық мектепті үз­дік аяқтап, соғыстан кейін Түр­кіс­танда еңбек еткен ағаларының қамқорлығымен білім жолын жал­ғастырады. 1954 жылы Түркістан қаласындағы В.Ленин атындағы мектепті алтын медальмен аяқтап, сол жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің экономика факуль­тетіне қабылданады. 

Ол кездерді әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры, эко­номика ғылымдарының докторы, академик Өтеғали Шеденов өз ес­теліктерінде былай деп еске ала­ды:

«Соғыстан кейінгі қазақ жас­тары­ның, соның ішінде Бекең екеуміздің де өмір жолдарымыз ұқсас – қиын да қызықты болды. Біз­дер қиындыққа мойымай оқып-даму арқылы өмірдің сан-саласында өз болмысымызды таныта білдік. Біз Қазақстанның батысындағы шалғай ауылдарда туып-өстік. Ұстаздарымыздың сенімін ақтап, ең алғашқылардың қатарында ғылым жолын таңда­дық. Сол бір сәттен бастап өмір бізді әрдайым қатар алып жүрді. 1954-1959 жылдары Қазақ мемле­кеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық уни­верситет) экономика факуль­тетінде бірге білім алдық. Бізге дә­ріс берген ұстаздар – өз кезеңін­дегі ғылым классиктері, ірі академиктер: Ф.Жерябятов, С.Бәйішев, М.Розманов, Т.Шау­кен­баев, И.Лукьянц, И.Бровер, С.Нейштад, И.Гильман, А.Горо­ховатский, Т.Төлебаев, И.Ким, Я.Аубакиров, М.Бутин, С.Толы­беков, Т.Костенко, С.Гольденгерш, Д.Айстарханов, Е.Шәріпов тағы басқа».

Ғалымның курстастары мен жора-жолдастарының өзі – тұтас экономикалық мектептің негізін қалаған ұлы есімдер: К.Акаев, К.Бердалиев, А.Нысанбаев, Б.Иб­раев, К.Сағадиев, Ө.Шеденев, А.Масақбаев, А.Тоғайбаев, Н.Ма­мы­ров, К.Нәрібаев, А.Қисықбаев, Н.Алпамысова, С.Сатыбалдин, С.Каженбаев және басқа да танымал қайраткерлер. Олармен бірге Бекберген Байдоллаұлы да ғылымның, мемлекеттің және қо­ғам­ның іргетасын бекіткен тұл­ғалар қатарына енді.

Осылайша, «Өмірдің мәні – өз күшіңе сеніп, жарқын болашаққа ұмтылуда» деген ұстанымды берік ұстанған жас жігіт білім жолын­дағы әр белесті табандылықпен еңсерді. Университетті тәмамдаған соң Қарағандыға жолдамамен барып, Совнархоз құрылымында аға инженер-экономист қызме­тінен еңбек жолын бастайды. Бі­рақ жүрек қалауы – ұстаздық пен ғылым еді. Сол себепті 1960 жылы Қарағанды политехникалық ин­с­ти­тутына оқытушылыққа ауы­сады. Білімін тереңдету мақса­тында Свердловск (қазіргі Ека­­теринбург) қаласындағы А.Горь­кий атындағы Урал мемле­кеттік университетінде аспиран­турада оқиды. Елге оралып, Қара­ғанды политехникалық ин­­сти­тутында аға оқытушы қыз­метін жалғастырып, білім мен ғылымның сара жолында еңбек етеді.

1972-1978 жылдар аралығында Бекберген Байдоллаұлы Қазақстан Коммунистік партиясының Қара­ғанды облыстық комитетінде абы­ройлы қызмет атқарды. Ол эко­номикалық теория мен саясат саласындағы жауапты маман, білікті ректор ретінде терең білімін халыққа қызмет етуге арнады. Аталған қызметінен кейін ол білім ордасына қайта оралып, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика және материалдық-техникалық жаб­дықтау кафедрасына аға оқытушы болып ауысты. Бұл шешімі – ғылымға адалдықтың, ұстаздыққа деген берік сенімнің көрінісі еді.

1982 жылдың мамыр айында Бекең ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді – Киевтегі Сауда-экономикалық институтында «08.00.01 – Саяси экономия» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, ғылым биігіне бір қадам ілгері басты. Бұл – оның қажырлы еңбегінің, білімге деген адалдығы мен табандылығының заңды жемісі болатын.

Әр жылдары белгілі эко­номист-ғалым ретінде Қарағанды по­литехникалық институтының Балқаш қаласындағы филиалын ашуға атсалысты. Сондай-ақ ол Қазақстан тұтыну одағы Қара­ғанды экономикалық универ­ситетінде аймақ бойынша 2000 жылы бірінші рет ашылған «Кеден ісі» кафедрасына білгір маман ретінде меңгерушілікке  арнайы шақырылды. Аз уақытта про­фес­сор Б.Байдуллаев  кеден маман­дарын даярлайтын кафедраның «аз да болса, көтерер жүгі нармен тең» ұжымын құрып, аяққа тұр­ғызды. Кафедра меңгерушісі ре­тінде Қарағанды облыстық Кеден басқармасымен тығыз байланыс орнатып, студенттердің оқу-өнді­рістік тәжірибесін ұзақмерзімді келісімшартқа сәйкес аталған ұйымның сан салалы бөлімінде өткізеді. Үш жылдың ішінде ке­денші мамандығы бойынша білім алатын студенттердің саны 400-ден асты.

Профессор, г. ғ. к. Руза Рахым­жанова жаңа мамандық ашу үшін осы саланы жақсы білетін, тә­жірибелі адам қажет болғанын еске алады.

«Университет басшылары өңір­дегі білікті маман, профессор Байдуллаев Бекберген Байдол­ла­ұлына жаңа кафедраға меңгеруші  болуға ұсыныс жасап, келісімін алды. Әрине, жаңа мамандықты оқу-әдістемелік материалмен қамтамасыз ету, оқу бағдар­лама­ларын жасау және жаңа кафедра ашып оның профессор-оқытушы құрамын тез арада құру үлкен ұйымдастырушылық қабілетті, білім мен тәжірибені дұрыс пай­далана білуді қажет ететіні белгілі. Бекберген Байдоллаұлы аз уақытта сол алға қойған мәселелерді түбе­гейлі шешіп, жаңа кафедраны құ­рып қана қоймай, бүкіл мүше­лерін қызу жұмысқа жұмылдыра білді. Қарағанды облысының Кеден басқармасымен тығыз бай­ланыс қалыптастырып, студент­терге тек теория жағынан ғана білім беріп қоймай, оны тә­жірибемен ұштастыра білді. Уни­верситет ұжымында про­фессор өзінің кішіпейілдігімен, шыншыл мінезімен, сонымен қатар кем­шілікті тура көрсетіп қана қоймай, қалай түзету керегін де айтатын білімді және өмірлік тәжірибесімен үлкен сый-құрметке ие болды. Кафедра басқарған алты жыл ішінде мемлекеттік тілде, орыс тілінде 24 оқу құралы, 20 дан астам әдістемелік нұсқау және 15 пәндік жаңа оқу бағдарламасы шы­ғарыл­ды», – дейді Руза Иб­жанқызы.

Бекберген Байдоллаұлы көп жылдар, әсіресе тәуелсіздік алған­нан кейінгі уақытта жоғары білікті маркетологтарды, менеджерлерді, банкирлерді, аудиторларды, кеден ісі мамандарын даярлауға белсенді қатысты. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Ғибратты ғалым профес­сор Б.Байдуллаевтың ұзақ жылдар атқарған еңбегі жоғары баға­ланды. 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі» ме­далімен марапатталды. Ғалымның аты 1987 жылы ҚарМУ-дің «Құрмет тақтасына» ілінді, «Қазақ энциклопедиясы» сериясына кіретін «Маңғыстау» энцикло­педиясының 2006 жылғы 2-басы­лымына енгізілді,  басқа да көп­теген марапаттармен баға­ланды.

Білім беру мен ғылым саласын­дағы еңбектерін айта кетсек, ғалым көп жыл бойы экономика бойынша ғылыми-зерттеу жұмы­сымен айналысты. Одан басқа экология, маркетинг, басқару, кеден ісі саласынында да респуб­ликаға белгілі маман. 170-тен астам ғылыми еңбектің, кітаптың авторы. Оның ішінде, атап айтсақ, алты оқулық  және оқу құралдары, 5 ғылыми кітап, 90-нан астам ма­қа­ласы және ха­лықаралық, одақ­тық, респуб­лика­лық, аймақтық ғылыми-ілімдік және ғылыми-практикалық (тәжірибелік) кон­ферен­­цияның материалдары жи­нақтарында жарияланды. Онымен қатар Бек­берген Байдоллаұлының жетек­шілігімен әлеуметтік жос­парлау бойынша ғалымдар ұсын­ған екі арнайы ғылыми еңбек жи­нағы жарыққа шықты.

Жоғары сұранысқа ие болған ірі туындылары ретінде келесі еңбектерін айтуға болады: «Құры­лыстағы негізгі өндірістік қор­ларды тиімді қолдану», «Қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуын жоспарлау», Маркетинг: Орысша-қазақша сөздік, «Кеден­дік бақылаудың техникалық құ­рал­дары»,  «Кеден ісін ұйымдас­тыру» және тағы басқа.

Бекберген Байдуллаевтың жетекшілігімен Қазақ мемлекеттік басқару академиясының арнайы кеңесінде Г.Жүсіпова, Қазақстан Республикасы Ғылым ака­демия­сының Қарағанды филиалында Т.Қазбеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика факультетінде С.Сек­­сен­баев кандидаттық дис­сертациясын қорғады. Со­ны­мен қатар профессор Б.Бай­дуллаев 3 докторлық диссер­тацияның, атап айтқанда,  А.Мұсылманқұлов, А.Нұрсейітов, Вьетнам елінің ізденушісі Чанг Чунг Нгианың авторефераттарына, сондай ақ 20-дан астам канди­дат­тық диссер­тацияның авто­рефераттарына белгілі маман ретінде сын-пікір жазды.

Ол орталық Қазақстан айма­ғының ерекшеліктерін де респуб­ликалық ғылыми конферен­цияларда және семинарларда жан-жақты таныта білді. Нарық­тық экономика мәселелерін, менеджмент пен маркетингтің, кеден ісінің теориясы мен прак­тикасының қыр-сырын қалың қауымға көрсете білді.

2006 жылы Бекберген Бай­доллаұлы Астана қаласына қоныс аударып,  ҚЭУ-дің қашықтықтан оқытатын өкілеттігіне профессор қызметіне келді және өмірінің соңына дейін істеді. Астанада да «Кеден ісі» мамандарын дайын­дауға үлкен үлес қосқан. 

Бекберген Байдоллаұлы еңбекқор адам ғана емес, сонымен қатар үлгілі отағасы болды. Аяулы жары Күлзипа Хамзақызы екеуі үш бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ұлы Ғалымжан Байдуллаев «Эко­номика ғылымдары кандидаты», білгір маман. Қазақ теміржолы ҰАҚ Департамент басшысы. Қыздары Дина мен Салтанат та экономика финанс саласының мамандары. Немерелері Бауыржан – Италияда магистратурада, Азамат  – Финляндияда, Айша – Германияда, Айза АҚШ-та бакалавриатта оқып жүр. Өнегелі өмір, өрелі еңбек, терең ілім мен текті тәрбиенің жарқын бейнесі болға Бекберген Байдоллаұлының есімі ел жадында мәңгі сақталады. Ол – халқы­мыз­дың шын мәніндегі ардақты пер­зенті, ел руханияты­ның шырақ­шысы.

 

К. ЕРКІН