in

Арманға апарар жол

Онда ел намысын 12 спорт тү­рінен 76 спортшы қорғайды. Жалпы, 8,5 мыңға жуық студент-спортшы 200-ден астам медальды сарапқа салады. Ал байрақты бәсекеде ұлттық құраманы жас жүйрік Батырхан Төлеуғали бастап барды.

Үміт артар өрендер

Иә, бұл – жаздағы басты до­даның бірі. Себебі жас спорт­шыны топқа салып, шабысын байқар сәт. Ол да өзін дәлелдеп, әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дейінгі жол картасын әзірлейтін уақыт. Сол үшін қатысушылар барын салуға уәде берген-ді. Жан­күйер де 76 атлеттің тілеуін тілеп, сүйінші хабар күтіп жүр. Өйткені жауаптылар 2023 жылы Қытайда өткен жазғы Универсиададағыдай нәтиже көрсе­туге ниетті. Есте болса, 2013 жылы ел құра­масы 30 жүлдемен 19 орын алған-ды. Қай жарыс болмасын алтынның сал­мағы басым екенін ескерсек, 2015 жылы Кванджуда атой салғаны­мыз еске түседі. Жастар қор­жын­ға бақандай алты алтын медаль сал­ды. Жалпы есепте 11 орын алдық. Расымен, 2007 жылы Бангкокта өткен студенттер ойынында да 11 орын алғанымен, оның бесеуі алтын алды. Ал Германиядағы жаз­ғы Универсиада Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм мен Берлинде өтеді. Биыл да қармақ қауып, бәй­генің алдын бермесек дестік. Өйт­кені атта­нарда бірнеше спортшыға ойлы көз тастап, сенім артқа­ны­мыз бар. 

Ол кім десеңіз, алғашқысы – неміс жеріне ту ұстап жеткен Ба­тырхан Төлеуғали. Азия ойында­ры­ның жеңімпазы, Парижде өт­кен Олимпиада ойындарының қатысу­шысы. Жас та болса, бас болып таэквондо­дан кейінгі тур­нирлердің алдын бермей жүрген спортшы. Тәжірибелі, әккі қарсы­ластарын сабырмен, айламен же­ңіп жүрген атлет. Әлемдік до­даға шыққанда психо­логия­лық барьерді оңай жеңіп, қай қарсы­ласпен кезіксем де өзімді жатты­ғуда жүр­гендей сезінемін деп отыр. 

«Иә, бұл менің алғашқы уни­версиадам. Ту көтеру мен үшін үл­кен мәртебе. Қарсы­ластар мық­ты, бірінші нөмірлі спортшылар келген. Жазғы Универсиадаға да­йын­дық жоғары деңгейде өтті. Туды тұғырдан түсірмей, жақсы нәтижемен қайтамыз деп ойлай­мын», – деді таэквондошы Батыр­хан Төлеуғали. 

Бұдан бөлек, Универсиадаға 12 таэквон­дошы аттанды. Ара­сында жасындай жарқы­рап жүр­ген Са­мирхон Абабакиров та бар. Сон­дықтан бұл спорт түрінен сынға түсетін саңлақтардан жүлде кү­теті­німіз айқын.

Одан кейінгі ұлттық құрама­ның жау­һары – Айбота Ертай­қызы. Ол алғаш рет 2023 жылы Қы­тайда өткен Универсиада ойын­дарында өнер көрсетті. Сол жылы көркем гимнастикадан Эль­жана Таниева бір күміс, бір қола медаль жеңіп алған. Биыл да жарқын нәтиже күтеніміз белгілі. 

«Бұл менің екінші универсиа­дам. Алғаш рет, 2023 жылы Қы­тайда өнер көрсеттім. Германия­дағы универсиадаға 51 елден көр­кем гимнастика шеберлері келді. Осал қарсылас жоқ, бәсеке жоғары. Барымды салып жа­тыр­мын. Доп пен шығыршықтағы жаттығуда жоғары дәрежеде өнер көрсетуге тырысып бақтым. Айта кетерлігі, доппен жаттығуда көр­сет­кен композицияға екі апта бұрын өзгеріс енгізгенбіз. Сон­дық­тан қиынырақ болды. Де­ген­мен ойымдағыдай алып шықтым деп ойлаймын. Ал шығыр­шық­пен жаттығуды жақсы көремін. Оның үстіне, күйдің сүйемелдеуімен ер­кін, шабыттана қимылдадым», – дейді гимнаст Айбота Ертайқызы. 

Айталық, Айботаның шығыр­шықтағы өнері кім-кімді болса да бейжай қалдырған жоқ. Қазақша би қимылын қосып, соңына қарай «Қара жорғаға» салғаны тіпті керемет. Өзі шабыттанамын де­ге­ніндей, көрер­меннің рухын бір көтеріп тастады. Құлшына орын­даған жаттығуына залда отырған­дар қол соқты. Осылайша, Ертай­қызы 19 шілде күні көпсайыс бойынша жүлдеге таласады. 

Ал спорт гимнастикасынан Зейнолла Ыдырысов, Дмитрий Патанин, Дияс Тойшыбек, Ал­тынхан Темірбек және Асан Сәлімов сынға түседі. Одан бөлек, семсерлесу, бадминтон, теннис, үстел теннисі, садақ ату, жүзу, ака­демиялық ескек есу, жеңіл атле­тика мен дзюдо бар. Соның ішінде бірқатар спорт түрінен жүлде ілер жүйріктер жетерлік. Әсіресе, академиялық ескек есуден Мария Чернецке артар үміт көп. Оның табанды, жігерлі мінезі мен ше­берлігі – жеңімпаз атануға негізгі фактор. Үлкен теннистен Ілияс Маратұлының есімі үлкенді-кі­шілі жарыстан жиі естілетіні де бекер емес. Жүзу мен садақ атудан да жүлде үшін күресетін атлеттер бар. Семсерлесу мен жеңіл атле­тикадан да мықты өрендер өсіп келеді. 

Байқасаңыз, дзюдоны жеке талдауға көштік. Өйткені жігіттер мен қыздар бабынан таймаса, қоржынға жүлде салар тамаша мүмкіндік туып тұр. Өйткені Гер­манияға жеткендердің арасында әлемдік аренада бақ сынап үл­герген бірнеше балуан бар. Атап айтар болсақ, алғашқысы – 66 келіге дейінгі салмақта сынға тү­сетін Нұр­қанат Серікбаев. Жаңа салмаққа ауысқан сабазың бұдан бұрын Германияда әскерилер арасындағы әлем чемпионатына қатысып үлгерді. Демек, Серік­баев жаңа салмаққа бой үйреткені көрініп тұр. 60 келіде талай додада топ жарған одан жүлде күтетініміз анық. Ал сол, 60 келіде Аман Ба­қытжан өнер көрсетеді. Иә, сіз де Астанада өткен Crand Slam жа­ры­сын еске түсірдіңіз бе? Аталған бәсекеде ол Токио Олимпиа­да­сы­ның күміс жүлдегері Янг Юн Вей­ді айналып өтіп, кіші финалда азулы Ли Хариды қапы қалдырды. Сонда әлем «жаңа жұлдыз туып келе жатыр» дескендей. Салқын­қанды балуан осы жолы барын ортаға салар деп жорамалдаймыз. 73 келіге дейінгі сал­мақтағы Дар­хан Қойбағар да, -100 келідегі Бағ­жан Байтас та «сен тұр, мен атайын» дейді. 

Универсиада мен Олимпиаданың арасы

Жалпы, еліміз 1993 жылдан бастап Универсиада ойындарына тұрақты қатысып жүр. Универ­сиада бастауы 1905 жылы АҚШ-та өткен алғашқы халықаралық сту­денттік жарысымен түйіседі. Одан кейін, 1923 жылы Парижде ал­ғашқы Дүниежүзілік студенттік ойындар өтті. Ал 1949 жылы Ха­лық­ара­лық студенттік спорт фе­дерациясы (FISU) құрылды. Қазір де осы ұйым жарыстың басы-қа­сында жүр. 1959 жылы «универ­сиа­да» атауы ресми бекіді. Содан бері бұл бәсеке екі жылда бір рет өтеді. Додаға ЖОО студенттері мен оқуын аяқтаға­ны­на бір жыл өтпеген түлектер қатысады. 17-28 жас аралығын­дағы атлеттер бақ сынайды. 

Универсиада – жасөспірімдер үшін таптырмайтын мүмкіндік. Универсиада сүрлеуімен жүріп, Олимпиаданы бағындыр­ған қан­шама атлет бар. Мысалы, жеңіл атлетика, оның ішінде үш қарғып секіруден алдына қара салмаған Ольга Рыпакова еске түседі. Ол 2007 жылы Бангкокте өткен сту­денттер ойынында алтын жүлде алды. Бір жылдан соң Универсиада жүлдесі Пекин Олимпиадасының күмісіне айналды. Кейіннен 2012 жылы Лондон Олим­пиадасы­ның алтынын алқалады. 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қа­ла­сында өткен универсиадада Дмитрий Баландин жүзу спорты­нан топ жарды. Кореядан жеткен алтынның сыңғырын араға бір жыл салып, Риодан да естігеніміз бар. Ол – жүзуден ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Одан кейін 2023 жылы гимнаст Нариман Курбанов Қытайда өткен студенттер бәсекесінде кү­міс жүлде алды. Сөйтіп, 2024 жы­лы сол жүлдесін Париж Олим­пиа­дасының күмісіне алмастырды. Сол жылы Қытайда күміс пен қола алған мерген Ислам Сәтпаев, Парижде үздік үштікке кірді.

Иә, студенттер арасындағы бұл турнир талай жастың шыра­ғын жағады. Мәселен, 2023 жылы Милад Карими спорт гимнасти­ка­сынан алтын, күміс, қоланы қатар тақты. Сол жылы жүзуден қола медаль еншілеген Әділбек Мусин кейіннен Париж олимпиа­дасына жолдама алды. Универ­сиа­да күмісін қоржынға салған Эльжана Таниеваны әлем таныды. Одан бөлек, қаншама спортшы осы жарыс арқылы қанатын қомдады. Жазғы және қысқы Универсиада ойындары соны­сы­мен құнды. Спортшы үшін тұса­уын кесер әлемдік сын. Бұл жолы Германия қай ойыншының бағын ашып, Олимпиадаға дейінгі бас­палдағы болар екен?!

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ