Аймақтар арасындағы теңсіздіктің негізгі себебі не? Қай өңірлер дамудың драйверіне айналып келеді, ал қайсысы сол баяғы күйде қалуда? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында біз AERC консалтингтік қызметтер департаментінің аға талдаушысы Ерасыл Серікбаймен сұхбаттастық. Сарапшы аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықтың себептерін тарқатып берді.
– Аймақтар арасындағы алшақтық қандай деңгейде? Оны қалай азайтуға болады?
– Қазақстанда аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінде айқын айырмашылық бар. Оны өңірлердің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ), халықтың табыс деңгейі, инфрақұрылыммен қамтылуы, білім және денсаулық сақтау сапасы сияқты көрсеткіштерден байқауға болады. Мысалы, Атырау, Астана, Алматы қалалары жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша ұлттық орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары болса, Түркістан, Жетісу немесе Жамбыл сияқты өңірлер бұл көрсеткіш бойынша артта қалып отыр. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Атырау облысында жан басына шаққандағы ЖӨӨ 45,2 мың АҚШ долларын құрап, республикалық деңгейде ең жоғары көрсеткішке ие болды. Әрине, мұнда өңірдің мұнай мен газ өндіру секторының шоғырлануы мен экспорттық потенциалы үлкен рөл ойнайды. Ал Астана мен Алматы қалаларында жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көрсеткіштері елдің орташа деңгейінен айтарлықтай жоғары. Астанада бұл көрсеткіш – 22,3 мың АҚШ долларын, Алматыда – 27,6 мың долларды құрайды. Ал республика бойынша орташа мән – 14,2 мың доллар. Оның басты себебі ірі қалаларда қосылған құны жоғары қызмет көрсету салалары мен шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы, инновациялық жобалардың көптеп шоғырлануы және инвесторлар үшін тартымды орта қалыптасуы.
Ал елдің оңтүстігіндегі Түркістан облысында жағдай мүлде басқа: мұнда жан басына шаққандағы ЖӨӨ небәрі 4,5 мың доллар шамасында. Жетісу мен Жамбыл облыстарында да бұл көрсеткіштер – тиісінше 6,5 мың және 5,6 мың доллар – республикалық деңгейден әлдеқайда төмен. Бұл өңірлер негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген, өндірістік қуаттары әлсіз және инвестиция тарту мүмкіндіктері шектеулі.
Нәтижесінде, Атырау мен Түркістан облыстары арасындағы жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші бойынша айырма – 40,7 мың АҚШ долларына жетіп отыр. Бұл – еліміздегі өңірлер арасындағы даму деңгейінің қаншалықты алшақ екенінің нақты көрінісі. Мұндай теңсіздікті еңсеру үшін кешенді және бағытталған саясат қажет. Атап айтқанда: көлік, логистика және интернетпен қамтуды қамтитын инфрақұрылымды тең дамыту; мемлекеттік субсидиялар мен трансферттерді тиімді әрі нысаналы түрде бөлу; жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру; білім мен денсаулық сақтау саласына теңгерімді инвестиция салу – өңірлердің болашағы үшін маңызды қадам болмақ.
– Аталмыш өңірлердің артта қалуына нақты не түрткі болып отыр деп ойлайсыз?
– Жаңа айтып өткенімдей, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Түркістан, Жетісу, Ұлытау, Абай облыстары салыстырмалы түрде артта қалған өңірлер санатына жатады. Бұл аймақтардың артта қалуы бірқатар құрылымдық және институционалдық факторлармен байланысты. Артта қалған өңірлердің дамуын тежеп отырған бірқатар құрылымдық және институционалдық мәселелер бар. Ең алдымен, бұл аймақтарда индустриялық база әлсіз дамыған. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі төмен, ал өндірістік әртараптандыру іс жүзінде жүргізілмеген. Одан бөлек, инвестициялық белсенділік төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өз кезегінде ішкі сұраныстың шектеулі болуымен, жол, электр желілері, цифрлық инфрақұрылым сияқты базалық инфрақұрылымның жетіспеушілігімен, сондай-ақ әкімшілік тосқауылдармен түсіндіріледі. Тағы бір маңызды фактор – еңбекке қабілетті жастардың жаппай ірі қалалар мен экономикалық дамыған аймақтарға көшуі. Мұндай көші-қон үрдісі нәтижесінде ауылдық және шалғайдағы өңірлерде кәсіби кадрлар тапшылығы болады.
Мысалы, Ұлытау облысында, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 23,1 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл жоғары көрсеткіш болғанымен, жалпы аймақтық экономикалық даму деңгейінің құрылымдық сипаты әлсіз. ЖӨӨ көрсеткішінің жоғары болуы облыстағы халық санының аздығына байланысты. Ұлттық статистикаға сәйкес, Ұлытау облысы республика бойынша халық саны ең аз өңір болып есептеледі, яғни 2025 жылдың басында – 221 290 адам болды. Жалпы алғанда, өңірдің экономикалық базасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы даму жағынан республикадағы жетекші өңірлерден артта қалып отыр.
– Ұлытау облысы да жаңадан құрылған облыстар қатарында. Әкімшілік құрылым өзгергеннен кейін бұл аймақтар экономикалық өсім, инвестиция тарту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізе алды ма?
– 2022 жылы Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғалы бері мемлекеттік қолдау шаралары аясында инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға және ауыл шаруашылығына бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Алайда бұл облыстарда инвестиция тарту қарқыны әлі де төмен деңгейде. Мысалы, Абай облысы ауыл шаруашылығына бағытталған, бірақ өнеркәсіптік әртараптандыру жеткіліксіз. Ал Ұлытау облысы пайдалы қазбаларға бай болғанымен, өндірістік инфрақұрылым толық қалыптаспаған. Жетісу облысының логистикалық әлеуеті жоғары, бірақ сыртқы инвестиция көлемі шектеулі. Қазір бұл өңірлерде өсу серпіні байқалады, алайда ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін инвестициялық саясатты және инфрақұрылымның даму шараларын қайта қарау қажет.
– Аймақтарды дамытудағы негізгі кедергілерді атап өтсеңіз.
– Аймақтық дамуға кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі көлік және цифрлық инфрақұрылымның жетілмегендігі ауылдарға және өңірдегі елді мекендерге қатынауды қиындатады, бұл кәсіпкерлікті және логистиканы тежейді. Одан бөлек, адами капитал сапасының төмендігі, яғни кәсіби мамандар тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. Ал өндірістік әртараптандырудың болмауы көптеген облыстың тек бір салаға тәуелді екенін көрсетеді. Ішкі көші-қон және урбанизация мәселесі де еңбекке қабілетті халықтың ірі қалаларға көшуіне алып келеді, бұл өз та-рабында ауыл аймақтардың дамуын тежейді. Сондай-ақ институционалды әлсіздік, инвестициялардың тапшылығы және стратегиялық жоспардың тиімсіздігі аймақтар арасындағы алшақтықты күшейтеді.
– Республикалық маңызы бар қалаларды айтпағанда, қай өңірлер ең жылдам дамып келе жатыр деп айта аласыз?
– Әлеуметтік-экономикалық даму үрдістеріне талдау жасай отырып, Астана, Алматы және Шымкент қалаларын есепке алмағанда, соңғы жылдары Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстары салыстырмалы түрде жоғары даму қарқынын көрсетіп отыр. Маңғыстау және Атырау облыстарының жетекші позициялары, ең алдымен, мұнай-газ секторына негізделген, бірақ логистика және қызмет көрсету саласы да дамып келеді.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, жаңа 3 облыс құрылған уақыттан бері, яғни 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықта, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары салыстырмалы түрде қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2 жылдық мерзімде жан басына шаққандағы ЖӨӨ Абай облысында 32,5%, Жетісу облысында 45,9%, Ұлытау облысында 46,0%-ға артты. Бұл өсім көрсеткіштері әкімшілік бөлініс нәтижесінде жеке өңір ретінде дамуға институционалдық және қаржылық негіздердің пайда болғанын білдіреді. Дегенмен аталған өсім қарқынын базалық эффектпен түсіндіруге де болады, себебі жаңадан құрылған облыстар бастапқыда төмен экономикалық базадан шыққан.
Егер 5 жылдық мерзімді қарастыратын болсақ, яғни 2019-2024 жылдар аралығында жылдам дамып келе жатқан облыстардың қатарына Алматы (96,8%), ШҚО (84,2%), Қостанай (72,4%) облыстарын жатқызуға болады. Бұл аймақтық экономикада индустриялық және агроөнеркәсіптік әртараптандыру, ішкі сұраныс өсуі және мемлекеттік қолдау шараларының әсерін көрсетеді. Дегенмен айта кету керек, аймақтық даму қарқынын тек ЖӨӨ өсімімен өлшеу шектеулі талдау болар еді. Аймақтардың даму деңгейін кешенді бағалау үшін басқа сапалық және құрылымдық көрсеткіштерді, мәселен, жұмыспен қамтылу құрылымы, кәсіпкерлік белсенділік, адами капитал сапасы, инфрақұрылым деңгейі, инвестиция көлемі және тағы басқа көрсеткіштерді анықтау қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН