Кеңес заманында Арал қаласында осы Бурабай суымен емдейтін арнайы емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейтін еді. Онда душ кабиналары жабдықталып, арнайы мамандар халыққа қызмет көрсетті. Оған елімізбен қатар, алыс-жақын шетелдерден келіп емделушілер қарасы қалың болатын.
Уақыт өте келе тәуелсіздік алған жылдары ат шаптырым аумақты алып жатқан емдеу-сауықтыру кешенінің жұмысы тоқырап, қараусыз қалды. Ондаған жылдай иесіз қалған ғимарат кейіннен бұзылып, жері жеке тұрғын үй салуға жекенің меншігіне берілді. Ал жерасты суы келіп тұрған құбыр бекітіліп, сырты темір қоршаумен қоршалды.
Негізінен, бұл емдік қасиеті бар жерасты суы аудан айналасындағы елді мекендерді де айналып өтпейді. Соның айғағындай, ауданға қарасты Ақеспе ауылындағы ыстық судың игілігін ел көріп жүргені белгілі. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келіп шомылып жүргендер аз емес. Бұл ыстық су бұрынғы аудан орталығында емдік мақсатта пайдаланылған «Бурабай» суы екені мәлім.
Жалпы дерекке сәйкес, бұл ыстық су жер астынан 1986 жылдан бері шығып келеді. Кейбір мәліметтерде оның 1000 метр тереңдіктен шығатыны айтылады. Бір қызығы, қысы-жазы бұлақ суының температурасы +40 градустан төмендемейтін көрінеді әрі тұздылығы жоғары саналады.
Емдік пайдасы бар су жүйке ауруларына, салқын тию, тері, буын дерттеріне таптырмас шипа көрінеді. Бұл жайында Ақеспедегі бұлақ басындағы арнаулы нұсқаулықта да жазылған. Тіпті, қайбір жылдары Арал ауданы әкімдігі тарапынан Ақеспе ауылындағы «Ыстық су бұрқағы» жанынан емдік шипажай салу жоспарланып отырғаны да мәлімделген болатын.
Соңғы күндері аудан орталығындағы алғашқы шипажай ретінде пайдаланылған жерасты суын қайта игеру қолға алына бастағаны жайлы ақжолтай хабар ел аузына тарап кетті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тәуелсіздік алған жылдары бекітіліп, тот басқан күйі жатқан құбырды қайта ашып, бұлақ суын пайдалануға ниет танытқандардың әрекеті көпті қызықтырғаны даусыз. Өз кезегінде тың бастаманы қолға алып, бұрынғы көлшік орнын қайта суға толтыруды қолға алған жандармен пікірлестік. Жерасты бұлақ суын қандай мақсатта пайдалануды жоспарлап отырғанын сұрадық.
«Негізінен, Арал қаласының өзінде жерасты суының 4 ұңғымасы бар. Соның ішінде біреуі – емдік пайдасы бар Бурабай жерасты суы. Бір жылдары «Аралды құтқару қорының» жобасымен осы емдік суды Арал аудандық ауруханасына емдік мақсатта пайдалануға арнайы құбыр тартылған болатын. Бірақ жоба жер ортадан тоқтап, құбырларды қайта бекітіп тастады. Осы жобаны қайта жандандыру мақсатында 2024 жылы тұрандықтар тарапынан арнайы жоба әзірледік. Жоба «Тұран көшет питомнигі» деп аталады. Басты мақсат – жерасты бұлақ суын елдің игілігіне пайдалану, халықтың емдік мақсатта пайдалануына қолжетімділігін арттыру. Сондай-ақ Арал төңірегіндегі игерусіз жатқан бұлақ суын тұшытып, қуаңшылыққа тап болған өңірді көгалдандыру мақсатында аяқ су ретінде пайдалануға да мүмкіндік қарастырып отырмыз. Осы мақсатта Арал ауданы әкімдігімен бірлескен түрде ауқымды жобаны бастап кеттік. Әкімдік тарапынан құбырды қайта ашып, бұрынғы көлшікті суға толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас-аяғы 20 күннің ішінде көлшік қайта тола бастады. Аптап ыстықта суға шомылуға келетін халықтың қарасы көбейді. Келешекте осы орыннан шағын жағажай жасап, жергілікті жұртшылықтың жиналатын демалыс орнына айналдыруға болады. Ал тұшыту мәселесіне келсек, арнайы қондырғылар арқылы жерасты суын бірнеше кезең бойынша тұшытып, арнайы цистерналарға құйып, аяқсу мақсатында пайдалану жоспарда бар», – дейді бізге «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Рысбаева.
Жалпы аталмыш жоба «Жаһандық экология қорының» қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Қоғамдық бірлестік төрайымының мәлімдеуінше, аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында арнайы жер телімі алынып, суды тұшыту қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында ауызсуды үнемдей отырып жерасты суын тұшытып, аяқсу мақсатында пайдалану көзделген. Соның негізінде Арал өңірінде көркейту-көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, экологиялық аймақтан таза орта қалыптастыруды жоспарлап отыр.
«Тұрандықтар ұсынған бірегей жобаны жүзеге асыруға «Жаһандық экология қоры» зор ықпал танытып отыр. Аталмыш қор жобамызды қолдап, қайтарымсыз грант ұсынды. Осы орайда, аталмыш қордың қолдауымен алынған суды тұшытатын арнайы қондырғылар келешекте аралдықтардың еншісінде қалатынын да айта кеткім келеді. Ел игілігі үшін жасалып жатқан бұл бастаманың Арал өңірінің болашағына ықпалы зор болатынына сенім бар. Ең бастысы, аталмыш жобаны қолдап отырған аудан, қала әкімдігі мен «Жаһандық экология қорының» еңбегін ерекше атап өткім келеді», – дейді Айнұр Рысбаева.
Қалай дегенде де, талай жыл игерусіз жатқан жерасты суын ел игілігіне пайдалануда тың жобаны қолға алып жатқан тұрандықтардың бастамасы қолдауға ие. Қазірдің өзінде бұлақ суы ағып жатқан алақандай ғана аумаққа демалуға баратындардың қарасы қалыңдай түскені байқалады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы