«Ұлан» – ұрпақтар үнін жалғайтын, баланың таным көкжиегін кеңейтетін ұлағатты үнпарақ. Бір ғасырдың тұтас тарихын арқалаған басылымның ғұмырлы болуы – өткеннің өнегесі, бүгінгінің мақтанышы. Бұл үнпарақ әлі талай буынға үміт пен сенім сыйлап, олардың қанатын қатайтатын серігі болып қала береді.
Биыл – еліміздегі балалар журналистикасы мен әдебиеті үшін торқалы той. Себебі сонау Кеңес заманы тұсынан бастап ұлтпен бірге жасасып келе жатқан руханияттың шамшырағы – «Ұлан» газетінің оқырманға жол тартқанына бақандай 95 жыл. Ғұмыры бір ғасырға татитын басылым осы уақыт аралығында талай баланың қиялына қанат бітіріп, өмірде өз жолын табуына ықпал етті. «Журналист болсам» деген бала арманның шындыққа айналуына, шығармашылық салада кіл мықтылардан тәжірибесін шыңдап, қаламын ұштауға бағыт берген басылым. Бүгінде газет қазақ қоғамының «қаймақтары» тәлім алған ұстаханаға айналды.
Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен, Сұлтан Қалиұлы, Есей Жеңісұлы, Бағдат Мәжитов, Жұлдыз Әбділда сынды ақын-жазушылар мен журналистер бас редактор қызметін атқарған.
«Менің атым Қожа» фильмінің алғашқы сценарийі «Ұланда» жарияланған
Бүгінде газет ұжымы мектеп оқушыларынан келіп түскен әрбір материалды сыни тұрғыда сараптап қана қоймай, әрбір баламен өз тілінде сөйлесе білуге, сондай-ақ оқырманының бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге ұмтылады. 2018 жылы тарихи басылымның бас редакторы қызметіне келген Жадыра Нармаханова бізге газеттің өткені мен бүгіні, қазіргі балалар нені көбірек оқитыны туралы баяндап берді.
– Басылым алғашында Кеңес заманындағы балаларға арналған үгіт-насихат құралы ретінде жарық көрді. Қазіргі жас авторлардың бір-бірімен достығы, бірлігі, оқырманға өзінің замандастарын үлгі етіп көрсетуі – сол кезеңнен бері жалғасын тауып келе жатқан үрдіс. Газеттің сол жылдардағы нөмірлерін ақтарып қарасақ, Кеңес Одағы тұсында еңбек еткен балаларды көбірек насихаттаған екен. Себебі сол заманда балалар мектептен тыс әртүрлі қоғамдық жұмыстарға араласқан. Сондай-ақ әр жылдары басшылық еткен басылым редакторларының ерекше қолтаңбасы болды. Мысалы, Әбілфайыз Ыдырысов бас редактор қызметін атқарған уақытта газеттің дизайнына ерекше мән берген. Тіпті, қазір басылып шыққан газет-журналдардың көрінісі сол жылдардың дизайнына ілесе алмауы мүмкін. Тағы бір қызықты дерек, «Менің атым Қожа» көркем фильмінің алғашқы сценарий нұсқасы фильм ретінде таспаланбастан бұрын «Ұлан» газетіне жарияланып, әрі қарай талқыға түскен екен. Кезінде «Қазақстан пионері» деген атаумен шығып тұрған уақытта газеттің таралымы 250-300 мыңға дейін жеткен. Ал қазіргі «Ұлан» газеті қандай тақырыптарды жиі көтереді десеңіз, біз өзінің жеке қызығушылығын әрі қарай дамытқан, кәсібін табыс көзіне айналдырған қабілетті балаларды жиі насихаттаймыз, – деді ол.
«ЖИ-мен емес, мимен жаз»
Қазір басылымда жарияланған мақалаларды парақтап отырып жаратылыстану бағытындағы материалдарға газет бетінен жиі орын берілетінін байқауға болады. Себебі осы салада ізденетін жастар да, оған ерекше ден қоятын оқырман деңгейі де өскен. Бас редактор да өзекті әрі заманауи бағыттағы тақырыптарға басымдық берілетінін алға тартты.
– Біз IT саласы бойынша жетістікке жеткен жастар және шетелде білім алу, тағылымдамадан өту туралы көбірек ақпарат беруге тырысамыз. «Мен таңдаған мамандық» айдары бойынша елімізде және әлемде қандай мамандықтар бар және олар қай университеттерде оқытылатыны туралы материалдар жариялаймыз. Бұл тұста біз сұранысқа ие әрі жоғары табыс табуға мүмкіндігі бар мамандықтарды таныстырып отырамыз. Себебі қазіргі балалар қандай мамандық болмасын ең біріншіден оны материалдық тұрғыда бағалайды, қызметтің табыс көрсеткішін сұрайды.
Қазіргі «Ұлан» газеті әлеуметтік желіні белсенді жүргізеді. Инстаграмдағы сторисімізде «ЖИ-мен емес, мимен жаз» деген тақырыпшамен жиі ескертпе жариялап отырамыз. Өйткені қазір ЖИ-дің көмегімен мақала жазып жіберетін балалар да кездеседі, бірақ біз олардың мұндай әрекетін бірден танимыз. Расында, жаңа технологияның дамуы жазу процесіне, шығармашылыққа әсер ете бастады. Біз баланың жазу қабілетіне көз жеткізгеннен кейін ғана оны сұхбаттарға жібере бастаймыз. Жас авторлардың өздері қалаған кейіпкерлерінен сұхбат алуға мүмкіндігі бар, – деді бас редактор Ж.Нармаханова.
«Ұланнан» түлеп ұшқандар кімдер? Олардың газеттегі «ең алғашқы жетістік» пен «ең алғашқы сын» естелігі қандай? Басылымның бүгінгі жас тілшілері қандай тақырыптарда қалам тербеп жүр? Таяуда біз басылымның мұрағатын ақтарып отырып, бала кезінде «Ұланға» материалдарын жиі жолдаған «мәңгі жас тілшілермен» байланыс орнаттық. Онымен қоса, тұтас бір тарихты артқа тастаған басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне шолу жасап, газетке тұрақты түрде мақала жазып жүрген қазіргі буынның жас тілшілерін де әңгімеге тарттық.
«Ұлан» арманға жету жолында берілмеуді үйретті»
Газетке жастайынан қалам тербеген жас тілшілердің алды қазір республикалық, халықаралық медиаларда журналист ретінде белсенді қызмет атқарып келеді. Олардың журналистиканың белгілі бір саласына бейімделуіне де басылымның ықпалы орасан. Қазіргі уақытта журналистік ізденісімен ғана емес, әлемнің әр нүктесінде өткен сапарынан ақпараттық-танымдық контент әзірлей білетін Руслан Меделбектің есімі бүгінгі оқырманға жақсы таныс. Оның спорт журналистикасына бағыт алуына да әуелгіде «Ұлан» газеті әсер еткен.
– Ең алғаш 5-сынып оқып жүрген уақытта мақаламды конвертке салып, ауыл поштасы арқылы «Ұлан» газетіне жолдайтынмын. Бастапқыда көбі газетке жарай бермеді. Бір күні 5-сыныпта қолмен жазған хатым газетте «Кел, танысайық!» деген айдармен шықты. Хатта жасым 10-да деп көрсетілгенімен, газетке 16 жас деп жарияланыпты. Бір қызығы, содан кейін 10 жасымда маған 9-10 сыныптың оқушылары хат жаза бастады. Бүгінге дейін олардың кейбірімен әлеуметтік желіде байланысымыз үзілген жоқ. Газеттегі ең алғашқы материалым 7-сынып оқушысы кезімде Грекияның астанасы Афина қаласында өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңында жазған «Спортшыларға сәт сапар!» атты шағын жазба ретінде жарық көрген. Сол жазба шыққан уақытта үйге сүйіншілеп барғаным есімде. Мақаламды поштаға апарған уақытта қызметкерлер: «Мына хатыңның салмағы артып кетті, ақысын төлеу қажет. Қазір жолдан қайтарып жібереді», – деді. Сол жылдары бір конверттің өзі 35 теңге тұрушы еді. Ауылды жерде бұл ақшаның өзін табу оңай шаруа емес еді ғой. Сонымен, дәптердің парағына мақаланы қолмен әдемілеп жазуға тырысып, 35 теңгеге сатып алған конвертке бірнеше хатымды салып жібердім, – деп еске алды Руслан Меделбек.
Газеттің жас тілшісі сол жылдары пошта қызметі әлсіз болғанын айта отырып, кейде қоғамдағы үлкендердің салғырттығы бала арманының орындалуына тосқауыл болатынын түйреп өтті.
– «Ұлан» газеті маған армандауды және сол арманға жету жолында берілмеуді үйретті. Бала кезімде газетке шықсам деген арманым болды, ал оны жүзеге асыру үшін күнде жазу қажет екенін ұғындым. Редакцияға жазған хаттарыма Сұлтан Қалиұлы, Бағдат Мәжитов ағаларымыз кері байланыс беретін. Мақалам газетке шықпаса да қайта-қайта жібере бердім. Газетке спорт тақырыбында, соның ішінде футбол, әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары туралы көп жаздым. Бір күні жазған мақаламның барлығы апта сайын бірінен кейін бірі шыға бастады. Сол кездері поштаның қызмет көрсету сапасы ақсап тұрды. Бала болған соң шарасыз күйде қаласың. Апталап күткен газеттің кейбір нөмірі келмей қалған сәттерде поштаға баратынмын. Бірақ поштадағы қызметкерлер «газет келмей қалды» деп мұны қалыпты жағдай ретінде қарайды, – деді журналист, саяхатшы Р. Меделбек.
«Ұлан» бізге ізденісті үйретті»
«Ұланнан» түлеп ұшқандардың арасында есімі жиі аталатын авторлардың бірі – Данияр Жігітбек. Копирайтер, IT маманы басылымдағы ең алғашқы шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған. Бүгінде бірнеше авторлық кітабын жарыққа шығарған әрі подкаст алаңдарынан жиі көрінетін ол әлеуметтік желіде тұрақты оқырманын қалыптастырған.
– «Ұлан» газетіне алғашқы тырнақалды өлеңдерімді 6-сыныпта жібердім. Алайда өлеңдерім басылым бетіне бірден шыға қоймады. Діттеген мақсатым – өлеңімнің газет бетінде жарық көруі еді. Бірақ ол мақсатыма бір жылдан кейін жеттім. «Ұланның» жеке тұлға ретінде қалыптасуға зор ықпал еткен тұсы – шығармашық табандылықты, екіншіден, ізденісті үйретті деп ойлаймын. Сондықтан газетке алғысым зор. Өзге тілшілердің газетте жарық көрген туындыларын оқығаннан кейін «осылай да жазуға болады екен ғой, мен де мұны жасай аламын» деген мақсат пайда болады. Сосын мақсатыма сәйкес ізденіс пайда болады. Басылым даму бағытын айқындап берді. Себебі сол кезеңде түрлі үйірмелерге қатыстым деп айта алмаймын. Қазіргі замандағыдай дамудың түрлі бағыттары бізге беймәлім болды. Басылым сол бір даму деген әлемге есік ашып бергендей еді. Бозбала шағымды пайдалы өткізуіме бірден-бір себепкер – «Ұлан» газеті деп айта аламын, – деді Данияр Жігітбек.
Басылымда кезінде «Саясат» деген айдардың болғанын білесіз бе? Сол жылдары газеттің бас редакторы міндетін атқарған Сұлтан Қалиұлына осындай айдарды ашу туралы қолқа салған да жас тілші Данияр еді. «Ізденудің нәтижесінде, айдарға арнап Қазақстан және Ресей, Қазақстан және Қытай, Қазақстан және АҚШ сынды мақалалар жаздым. Саяси тақырыптар негізінде басқа газеттерден алынған мәліметтерге анализ жасадық», – деді ол.
– «Ұлан» газетіндегі алғашқы сын мен жетістік бір-бірімен қабысып жатыр. Ең алғаш өлеңдерімді А4 форматтағы қағазға 14 бет көлемінде жазып, редактор Сұлтан Қалиұлының алдына алып бардым. Ол 14 беттің барлығын ерінбей тексеріп, шимайлап шықты. Осыдан кейін редакциядан шығып, автобуста басым салбырап қайтқаны есімде. Себебі қызыл шимай-шатпақ маған ауыр болып тиді. «Мен өлең жаза алмаймын, өлең – менікі емес екен» деп ойладым. Бұл жағдай мен үшін сабақ болды. Біраздан кейін есімді жиған соң поэзия кітаптарды ақтарып, өлең оқи бастадым. Алғашқы сын – маған өлеңді қалай жазу қажет екенін үйретті. Осыған дейін өлең деп жүргенім, шын мәнінде, өлең емес екенін түсініп, жаңа ізденіс жолына түстім. Бір жылдан кейін газет бетінде Сұлтан Қалиұлының сынынан өткен өлеңдерім жарық көре бастады. Содан бері қандай өлең жіберсем де, редакциядан басылып шығатын болды. Осының арқасында мен сенімділікке ие болдым. Республикалық Абай оқуларында өлең жазу бойынша 3-орын, Алматы қаласында өткен мүшәйраларда 1-орын алдым. Сұлтан ағайдың «Данияр үлкен ақындардан кем жазбайды» деген сөзі есімде сақталып қалды. Бұл – жетістік. Бірақ сыннан кейін келген жетістік, – деп сөзін түйіндеді копирайтер, IT маманы Д.Жігітбек.
«Сөзімнің қадірлі бола алатынын ұғындырды»
Араға жылдар салып басылымның даму бағыты да бірқатар өзгерісті бастан кешті. Мұны газеттің бүгінгі жас тілшілері көтеріп жүрген тақырыптар мен олардың жазу стилінен аңғаруға болады. Цифрлық дәуір үстемдік етіп тұрған заманда басылым тарихында мұндай өзгерістердің болуы да заңдылық. Қазіргі кезеңде «Ұлан» газетіне жиі қалам тербеп жүрген ең жас автор 8-сыныпта оқиды. Мейірлі Қайсарқызы басылыммен ең алғаш қазақ әдебиеті сабағында танысқан. «Дәл сол сәттен бастап «Ұлан» – тек газет емес, санамды оятқан, қаламыма қанат бітірген алғашқы шын жанашырыма айналды», – деп бастады әңгімесін белсенді автор.
– «Ұланмен» дос болғалы бері мен өзіме рухани орта, шабыт сыйлар достар таптым. Өзім секілді жас қаламгерлердің жан сырын бөлісіп, сөз арқылы биікке ұмтылғанын көргенде, мен де олар сияқты болғым келді. Бұл басылым – тек жазатындар емес, жүрегімен сезінетіндер жиналған үлкен отбасы дер едім. Мұнда әрбір жас қаламгер – үлгі, әрбір мақала – мотивация. «Ұлан» маған орта сыйлады.
Бұл – ой бөлісетін, пікір алмасатын, бірге өсетін, бірге өрлейтін нағыз дос-жаранның мекені. Сонымен қатар өз ойымды ашық айтуға, пікірімді елге бөлісуге жол ашты. Ең бастысы, басылым менің де үнімнің естілетінін, сөзімнің қадірлі бола алатынын ұғындырды. Алдағы уақытта «Ұлан» газетіне жасөспірімдер психологиясы, цифрлық қауіпсіздік, білім мен тәрбие, экология және еріктілер мәдениеті туралы мақалалар жазғым келеді. Бұл тақырыптар бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Себебі әрқайсысы біздің болашағымызға әсер етеді және замандастарымды ойландырып, әрекетке жетелей алады деп ойлаймын, – деді Мейірлі.
«Сүйікті бағытым – сторителлинг»
«Ұланның» бүгінгі буынының қатарында жас тілші Әбдірахман Қайрат та бар. Қоғамдық іс-шаралардағы белсенділігі мен ізденісі арқылы көзге түскен Әбдірахман қазір 10-сыныпта оқиды. Былтыр желтоқсан айында «Жас тілші» куәлігін иеленді. Талапты жас газетте сторителлинг бағытындағы мақалалар жазғанды ұнатады.
– Менің сүйікті бағытым – сторителлинг. Барғанымды, көргенімді, сезгенімді жазу – мен үшін ерекше бақыт сыйлайды. 2024 жылы жарияланған материалдарымның басым бөлігі осы бағытта жазылған екен. Биыл ақпараттық, танымдық бағытта мақалалар жазуға ден қойдым. Алдағы уақытта қоғамның ішкі тынысын баяндайтын мақалаларды көбірек жазсам деймін. Мені қоғамдағы оңсыз өзгерістер алаңдатады. Дәлірек айтсам, жасөспірімдер арасындағы мәселелер, буллинг және т.б. Әрине, бұл тақырыптарда материал жазу үшін мәселені жан-жақты зерттеп, іздену қажет. «Ұлан» менің жазу стилімді қалыптастыруға септігін тигізді, әлі де көмектесіп келеді. Бұл басылым – дамушы орта, қайталанбас сәттер. Редакциядағы әр жанның қолдауының орны бөлек, – деді жас тілші Әбдірахман.
«Ұлан» – ұрпақтар үнін жалғайтын, баланың таным көкжиегін кеңейтетін ұлағатты үнпарақ. Бір ғасырдың тұтас тарихын арқалаған басылымның ғұмырлы болуы – өткеннің өнегесі, бүгінгінің мақтанышы. Бұл үнпарақ әлі талай буынға үміт пен сенім сыйлап, олардың қанатын қатайтатын серігі болып қала береді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы