Халықаралық дзюдо федерациясы Будапешттегі (Венгрия) әлем чемпионатын қорытындылап, үздіктердің тізімін жаңартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова екі саты жоғарылап, екінші орынға жайғасты.
Отандасымыздың еншісінде 5 662 ұпай бар. Бірінші орынға италиялық Ассунта Скутта (5 958 ұпай) шықты. Ал франциялық Ширин Букли 5 170 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейін) Будапештте (Венгрия) өткен әлем біріншілігінің финалында Италия өкілі Ассунта Скуттаға есе жіберіп, күміс медаль жеңіп алған еді.