in

Серік Негимов, профессор: Бата дәстүрі – даналықтың діңгегі

Үлкеннің ақылы, дананың дұғасы, халықтың тілегі. Бата – қазақтың жанына біткен жақсылықтың жарығы. Сол жарықты ұлықтай білсек, ұтылғанымыз жоқ. Сондықтан батаның болмысы туралы білмек ниетпен филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовпен сыр-сұхбат құрдық.

– Киелі сөздің қайнар көзі бата беру салтының түп тамыры қайда жатыр?

– Қазақ сөзді ерекше қадірлеген. Сөз деген – қасиет, өсиет, ғибрат. Онда энергия, философия бар. Бата, тілек деген сөз сонау ғұн заманынан бері ай­тылады. Академик Әлкей Марғұланның ғұн өрке­ниеті жайындағы зерттеуінде ғұн заманы, тарихы, мәдениеті мен салт-санасы жөнінде айта келе, сол замандағы бата сөздерді келтіреді:

– Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,

Бозторғайдай төлшіл бол.

Бұрама темір, сом алтын,

Суға салса, батпасын.

Тәңір берген несібең,

Тепкілесе, кетпесін.

Қастық қылған адамың,

Мұратына жетпесін.

Айтса – қарғыс, тисе – көз,

Дарымасын, өтпесін.

Ата-бабаларымыздан келе жатқан тілек айту, бата тілеу – біздің қасиетті салтымыз. Халықтың мыңдаған жыл бойғы тәжірибесі, шаруа кәсібі, дәстүрі, наным-сенімі осы бата арқылы айтылған. 

Сондай-ақ Түркі қағанаты, кешегі Күлтегін заманы, Тоныкөк, Білге қағандар сөздері де бата еді. Тоныкөк айтады:

Халқыңды ашықтырма,

Жер-суың иесіз болмасын.

Адам баласы жаратылғаннан бері сөз – рухани серігі. Сондықтан адам табиғатқа, тарихқа, ұрпаққа өзінің аманатын сөз арқылы, бата-тілек арқылы жеткізеді. Бата сөзі тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-моңғол халықтарында бағзыдан бар. Бурят елі мұны «юролы», ал алтайлықтарда – «алкышы» не «алкыш сос», моңғолша – «еролы» деп аталады. Ал қазақ бата сөздерінің жиналып жариялануы ХХ ғасырда басталған еді. Әлкей Марғұланның айтуынша, ғұннан кейін нағыз қасиетті, киелі бата сөздерін айтқан – Қорқыт бабамыз. 

– Жалпы, батаның қандай түрлері бар?

– Түрі көп: дастарқанға, баланы сүндетке отырғызғанда, алғаш тайға мінгізгенде, бие байлағанда – «қымыз мұрындық» дейді, биені ағытқанда – «сірге жияр» бар, жаңа үйге кіргенде, алыс сапарға шыққанда, аңға шыққанда  барша игі істің алдында үлкендерден бата сұрайды. Содан қазірге дейін сақталғаны – дастарқанға бата беру. Бұл – бүкіл елдің амандығын, халықтың бақытты болуын, мемлекеттің мәңгі өмір сүруін, келешек ұрпақ амандығын тілеу. Ал жаңа отау құрғандарға арналған мынадай бір бата бар:

– Жас ананың ұйқысын берсін,

Жас баланың күлкісін берсін.

Даланың жазықтығын берсін,

Гүлдің нәзіктігін берсін.

Түнгі оттың жалынын берсін,

Асаудың арынын берсін.

Алла тағала не берсе – қайырлы, құтты қылып берсін!

Биыл тоқсан жылдығы аталып жатқан жазушы, этнограф, зерттеуші, марқұм Зейнолла Сәніктің он бес томдық кітабы бар. Онда Қытай қазақтарының бата сөздері келтіріледі. Қазақтың ас беруі кезінде дастарқан басына үлкен табақпен ет ұсынылады. Сонда қарияларының берген батасында:

– Бізге берген асыңыз – аман болсын басыңыз.

Жүзге жетсін жасыңыз, өрге өрлесін тасыңыз,

Табанда қалсын қасыңыз.

Бізге берген жамбасың – көбейе берсін мал басың.

Бізге берген жілігің – арта берсін білігің.

Бізге берген омыртқаң – малың болсын шұбыртқан.

Бізге бердің белдеме – мәлім бол шет елге де.

Бізге бердің бас – асудан әрі ас.

Бізге бердің шай – көңілің болсын жай. 

Қазақтың дастарқаны тұнып тұрған поэзия, философия, ғибрат. Біз сөзді түсінуіміз керек. Сөз – қанаттандырады, жігерлендіреді, біліміңді толықтырады. Сондықтан да қазақтың батасы – тілек, дұға. Ал енді батаның тағы бір түрі бар.  

– Батаны кімдер берген? 

– Батаны кез келген адам бермеген және екінің бірі алмаған. Халел Досмұхамедұлының еңбегінде: «Өз ісінің әбден төселген, ысылған, тәжірибелі шебер, мәселен, би, ақын, бақсы, зергер және тағы басқалар өздерінің қасиетті өнерін ізбасар, шәкірттеріне аманат етіп тапсырғанда ақ батасын береді» деп жазады. Тәжірибелі бақсы-тәуіптер, ел білетін емшілер, би-шешендер өздерінің өнерін жалғастырушы ізбасарларына, сенімінен шыққан шәкірттеріне ғана баталарын берген. Мысал ретінде Сегіз серінің бірі атақты ғұлама Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантайға берген батасын келтірейік. Ақын жас нәрестенің елдің жүгін арқалайтын алып, ақылгөй болуын армандайды. Соның бір үзіндісі мынадай:

– Қазыбектей халқыңның данасы бол,

Қарабастай жұртыңның бабасы бол.

Елін қорғап, дұшпанға соққы берген,

Үш жүздің Бөгембайдай панасы бол!

Немесе халық поэзиясының майталманы Жамбылдың батасын алайық:

– Құдайым, осынау үйге дуа берсін,

Тіл-аузын дұшпанының буа берсін.

Келіннің балағынан бала саулап,

Салпы ерін сары ұлдар туа берсін! – деген өсиет сөзде қаншама мағына, мән бар десеңізші!

– Сұхбатымыздың соңын мынадай сұрақпен қорытындыласақ. Сіз кімнен бата алдыңыз? 

– Ең ерекше есімде қалған мына оқиға. 1979 жылы тамыз айы ораза болатын. Алматы қаласында қасқарайған уақытта Абай даңғылында үлкен ақ кимешек киген, ұзын бойлы бір әже: «Қалқам, көзім бұлдырап тұр, үйімді таба алмаймын, жеткізіп тасташы», – деді. Үйім бәлен жерде деп, жеткізіп тастаған соң: «Шай іш», – деді. Түн болған уақыт, асығып тұрдым да шайға қалмадым. Сонда әже:

– Айдай жарқыра,

Жұлдыздай жылтыра.

Маңдайың ашық болсын,

Дұшпаның қашық болсын, – деп батасын берді. Сол әже берген батаны жазып алып, кейін бата сөздерді іздей бастадым. Сөйтсем, Мұхтар Әуезовтің Еңлік-Кебек пьесасында Нысан абыздың батасын:

– Адалдан бер, ақтан бер!

Пәлекетін жатқа бер!

Ер маңдайын баққа бер!

Абырой асар жаққа бер!

Мерейі асқан еренім,

Кебек сынды таққа бер! – деп жазса, Жиенғали Тілепбергеннің Ізбасар жинағында:

– Алты қанат ақ орда үйің болсын,

Алты атанға жүк артқан күйің болсын,

Ойлағанда ойың толсын,

Меруерт-маржанға бойың толсын, – деген батаны кейіпкерлердің диалогтері ретінде келтірген екен.

Кейін Тіл білімі институтында Тоқтар деген зерттеуші ағамыз Ахмет Байтұрсынұлының хрестоматиясындағы баталарды айтты. Одан бөлек, 1905 жылы Орынбор қаласынан шыққан Васильевтің Благословение деген сирек қордағы, көпшілік пайдаланбайтын кітапшасын тауып алдым. Кітапшада қазақша баталар орысша жазылған екен. Сондағы бата үлгілері:

– Е, Құдайым, жаздай бер,

Жаздай берсең – жазбай бер!

Е, Құдайым, күздей бер,

Күздей берсең – үзбей бер!

Е, Құдайым, қыстай бер,

Қыстай берсең – қыспай бер!

Е, Құдайым, көктемдей бер,

Көктемдегі көгеріп өскендей бер! – деп жазылыпты. Сөйте-сөйте ел ішінен, қариялардан жинақтап жүріп, 1992 жылы «Ақ бата» деген жинақ шығардым.

– Керемет, аға! Өз өмір жолыңыздан көргеніміздей, бір әженің жүректен шыққан ақ батасы тұтас рухани ізденістің бастауы бола алады екен. Рақмет сізге, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан  Гүлнаурыз СОЯН