Тұжырымдама толық жүзеге асса, адамдар қоқысты сұрыптап тастауды меңгереді, қоршаған ортаны ластайтындарға мүлде төзбейтін ұрпақ қалыптасады деп күтіліп отыр.
«Таза Қазақстан» акциясы атқарушы биліктің, бизнес қауымдастықтардың, халықтың күшін біріктіре отырып таза әрі тұрақты ортаны құруға үндейді.
Бұл акция бірнеше бағыттағы жұмысты қамтиды. Атап айтсақ, аумақты тазалау – қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау. Екіншіден, көгалдандыру, ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру. Бұдан бөлек, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу жүйелерін енгізу мен жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мәселесі қарастырылған.
Осылардың ішіндегі ең маңыздысы – сол ұрпаққа экологиялық тәрбие беру болса керек. Бес жыл тұжырымдама аясында тазаланған орман алқаптары мен өзен-көлдері одан әрі қарай таза ұстау да маңызды.
Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл туралы бізге БҚО Табиғи ресурстар табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Фариза Султашева айтып берді.
– Негізгі мақсат – таза, қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы ретте 2024 жылы Орал қаласында 100 бейнекамера орнаттық. Биыл 500 миллионнан астам қаржы бөлінеді. Бұл ақшаға 300-дей бейнекамера орнатылады деп жоспарланып отыр. Бұл камералардың бәрі де БҚО Полиция департаментінің кезекші бөліміне тіркеледі. Қазір мектептер мен балабақшаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыратын ашық сабақтар мен кездесулер өтуде. Біз бұл жұмыстарды жалғастыра береміз, – дейді басқарма маманы.
Батыс Қазақстан облысы – орман алқабына бай өңір. Ресми дерек бойынша, 15 мың гектардан асатын орман алқабы бар. Бұл орман алқабын одан әрі ұлғайту мақсатында жылда жас тал егіледі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыста 228 мың көшет отырғызылады деп күтіліп отыр.
– Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында әуежай жақтағы орман алқабында жас теректер ектік. Бұдан бөлек, студенттер мен еріктілерді жинап, орман алқаптарының бәрінде таазалық жұмыстарын жүргіздік. Біздің мекеменің жеті гектардай жерді алып жатқан тәлімбағы бар. Ол жерде тал-теректің түрлері өте көп. Орман алқаптарына арналған түрлері балабақша, мектептердің ауласына егуге қолайлы, сәнді ағаштар да баршылық. Біз ол ағаштардың тұқымын егеміз. Кейін өскен соң ғана орман алқаптарына отырғызамыз. Биыл 155 гектардай ағаш ектік. Жалпы, егілген ағаштардың 90 пайызы жерсініп өсіп кетеді. Былтыр 350 гектарға ағаш еккенбіз. Біз орман алқаптарын қоқыстан тазалаймыз. Әрі қураған ағаштарды кесу, тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Біздің мекемеде тек 44 орман инспекторы жұмыс істейді. Бұл әрине өте аз. Сондықтан біз студенттерді, экобелсенділерді сенбіліктерге жиі шақырып тұрамыз, – деп атап өтті БҚО Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің инспекторы Құралай Шамұратова.
Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында орман көлемін ұлғайту жоспарына сәйкес 5 жыл ішінде 56,57 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған.
Биыл «Таза Қазақстан» акциясы барысында өңірде үш бірдей эко-пункт іске қосылды. Ол бөлімшелерде қоқысты сұрыптап, өңдейді деп жоспарланып отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы