in

Академия түлектеріне диплом табысталды

Салтанатты рәсімге Ұлттық ұланның басшылық құрамы, оқытушылар, қонақтар мен түлектердің ата-аналары қатысты.

Өз сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жас офицерлерге кәсіби біліммен қатар антына адал болу, ерлік пен табандылық таныту  қызмет жолындағы басты талаптардың бірі екенін атап өтті.

– Бүгінде Ұлттық ұланға үлкен міндет, орасан зор жауапкершілік артылып отыр. Осы орайда сіздер қиын да күрделі әскери қызметті адал әрі жауапкершілікпен атқаруға дайын болуларыңыз қажет. Әрбір ұландық — елдің тірегі, халықтың қорғаны. Сондықтан батыл әрі абыройлы болыңыздар, әскери антқа адал болыңыздар, – деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Шығарылым рәсімінің салтанатты бөлігі әсерлі офицерлік вальспен түйінделді. Одан кейін қонақтар академияның дәстүріне сай тағы бір ерекше оқиғаның куәсі болды. Жас лейтенант Ақниет Дүйсен сап алаңында сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады. Бұл романтикалық қадам барша қатысушылардың ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болды.

Академия құрылған күннен бастап бүгінге дейін 4 мыңнан астам кәсіби офицер дайындап, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келеді.

Кербез ЕСІМ