in

Үлескер де, үйі де заң қорғауында

Сондай-ақ экономикаға серпін береді: құрылыс ел экономикасы өсімінің басты бір драйвері! Әйткенмен, мұнда үлескерлер проблемасының ушығуына ұрынбау маңызды. Өмірге жолдама алған жаңа заң – осының қамы. 

Игілік үшін де тыйым қажет

Ел Парламенті депутаттар бастамашы бол­ған «Кейбір заңнамалық актілеріне тұр­ғын үй құрылысына үлестік қатысу, авто­мо­биль жолдары және мүгедектігі бар адам­дарды тасымалдау жөніндегі қызмет­тер­ді көрсету мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды түпкілікті қабылдады. 

Сенат оны 12 маусымдағы отырысында бір­ден екі оқылымда шұғыл қарап, ма­құл­дады. Бірақ заңнамалық түзетулердің біраз жаңалығы болғандықтан, нарық, жауапты мем­лекеттік құрылымдар, бұқара мен биз­нес дайындалып үлгеруі үшін «өтпелі ке­зең» белгіленді. Яғни, заң оған Президент қол қойып, ресми жарияланған соң күн­тізбелік 60 күннен кейін қолданысқа ен­гі­зі­леді. 

– Мақұлданған заң үлестік құрылыс са­­ласында мемлекеттік реттеуді күшейтеді. Не­­гізгі мақсат – тұрғын үйге қатысты жа­са­латын келісімдердің ашықтығы мен қауіп­­сіздігін арттыру. Үлескерлердің құ­қық­­­тарын қосымша қорғауды қамтамасыз ете­­тін түзетулер топтамасы енгізілді. Жал­пы, заң үлескерлерді сенімсіз құрылыс ком­­­­­панияларынан қорғауға, басқа да өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев.

Үлескерлерді жаңаша қорғау және на­рық­ты ретке келтіру үшін заң келесі жаңа­шыл­дықтарды енгізеді: біріншіден, үлес­кер­лік қатысу туралы келісімдерді тек қағаз күйін­де ғана емес, электронды нысанда да бекітуге рұқсат етеді. Қос құжаттың заңдық күші бірдей болады. Бұл, мысалы, өзге өңір­де тұратын қазақстандықтарға, тіпті шет­елдіктерге келмей-ақ, қашықтан айта­лық, Астанадан пәтер сатып алуына жол ашады. Бұл ретте бір пәтерді бірнеше адам­ға сату сияқты сорақылық қайталанбауы үшін әрбір келісімшарт бірыңғай ақпарат­тық жүйеде – «Тұрғын үй құрылысына үлес­тік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде» (Қазреестр) міндетті түрде тір­келуге тиіс болады. Екіншіден, әрбір үлес­керлік қатысу келісімшартында ком­па­ния­ның үлескерлердің ақшасын тарту үшін ал­ған рұқсатының нөмірі мен датасы мін­дет­ті түрде көрсетілуге тиіс. Көр­сетілмесе, он­дай келісім жарамсыз болуы мүмкін. Үшіншіден, құрылысқа рұқсаты жоқ не­месе Бірыңғай оператордан кепілдік алын­баған тұрғын үй кешендеріндегі баспананы са­тып алуға ипотекалық заемдар беруге жә­не төлемдер қабылдауына қатаң тыйым са­лынады. Төртіншіден, рұқсат құжат­та­рын­сыз салынып жатқан және үлескер тар­туға рұқсаты жоқ үйлерде тұрғын және тұр­ғын емес үй-жайларды сатып алуға бай­ла­нысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салынады. Сондай-ақ қазірде кең танымал алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау, цессия және тағы басқа шарттар жасасуға тыйым салынады. Бұл қарапайым қазақстандықтарды пәтерді «котлован» кезеңінде арзандау сатып алу мүмкіндігінен айырмақ. Бесіншіден, әкімдіктің рұқсаты немесе біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенін тіпті жарнамалауға тыйым салынады. Алтыншыдан, заңсыз та­былған, қылмыстық және лас қаражат­тар­ды заңдастыруға тосқауыл қою үшін бұ­дан былай үлескерлік қатысу келісім­шарт­тары бойынша бүкіл ақша операциясы тек қана қолма-қолсыз нысанда жүргізілуге тиіс болады. Қазіргідей сөмке толы шы­тыр­ла­ған ақшамен келіп, оны құрылыс компа­ния­сының кассасына енгізе салуға тыйым са­лынады. Жетіншіден, келер жылдан бас­тап, салушыларға көп пәтерлі үйдің іске қо­сылу мерзімін 5 айдан артық ұзартуға рұқ­сат етілмейді. Қазіргі кезде 9 айға дейін ары ысыруға жол беріледі. Заң талаптары шағын қабатты құрылысқа, соның ішінде жеке үйлерге де таралады.

Есептілік артып, бақылау күшейеді

Сонымен бірге, қалпымен олигополия жай­лаған, алыптар үстемдік еткен салада бә­секелестікті арттыру үшін тұрғын үй сал­ғысы келетін компаниялардың «жұмыс өті­ліне» қойылатын ең төменгі талаптар 5 жыл­ғы тәжірибеден 3 жылға дейін азай­тылды. Бұдан басқа, салынып жатқан тұр­ғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тар­тудың заңдылығына жергілікті әкім­дік­тің де мониторинг жүргізуі көзделген. 

Мұның сыртында, азаматтарды ақ­па­рат­­тандыруды арттыру үшін жаңа мекеме – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ базасындағы Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Ол келушілерге мысалы, қандай да бір құрылыс компаниясының қанша­лық­ты адал екенін тексеріп, кеңес-консуль­тация беруге тиіс. 

Еліміздің құрылыс саласы халықты бас­панамен қамтамасыз етуде, жұмыс орын­дарын ашуда, іскерлік ортаны қалып­тастырып, бизнес-белсенділікке зор ықпал етеді. Мұнда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу тетігі айрықша әлеуметтік маңызға ие. Ол мыңдаған қазақстандыққа тұрғын үй мұқтаждығын өтеуге мүмкіндік беріп, тиім­ділігін дәлелдеді. Алайда қазіргі сын-қа­терлерді, салушылардың жосықсыз тә­жіри­бесін, реттеудің жеткіліксіздігін еске­ріп, депутаттар тұрғын үй құрылысына үлес­­­тік қатысу саласындағы заңнамалық ба­заны жетілдіруге бағытталған заңды әзір­леген еді.

– Бұл заң аясында енді құрылыс ком­па­ниялары 3 бағыт бойынша, яғни әкім­дік­­терге, екінші деңгейлі банктер арқылы рұқ­сат алуда және «Қазақстан тұрғын үй ком­­паниясы» АҚ арқылы жергілікті билік­ке есеп беруге міндеттеледі. Мысалы, Аста­на­да 20 тұрғын үй қатар салынып жатса, он­дағы құрылыстың барысы анық көрініп тұрады. Бұл жерде тек қаржылық жағы емес, жобалық-сметалық құжаттамада қан­дай да бір ауытқу болса, ол да жария болады. Мы­салы, 200 пәтерлік тұрғын үйдің 100 пә­тері сатылып кетсе, бірақ оның құрылысы жүрмей, төртінші, бесінші қабатқа келгенде тоқтап қалса, оны «Қазреестр» арқылы әкімдіктегілер көріп-біліп отырады және үлескерлердің шулауын күтпей, дер кезінде шара қолданады, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев.

Жалпы, «Тұрғын үй құрылысына үлес­тік қатысу туралы» заңының қабылданға­ны­на 19 жылдан асты. Осы жылдары оған 35 рет өзгеріс енгізіліпті. Алайда алаяқ түгіл, ірі құрылыс холдингтері де құрылысты заң­сыз жүргізудің, яғни заңнаманы айналып өтіп азаматтармен алдын ала шарттар жа­са­судың түрлі әдіс-айласын меңгеріп алды. Бір жағынан, болашақ үлескер құрылыс ком­паниясымен емес, әлдебір агенттікпен, бөгде фирмамен алдын ала шарт, брондау, ин­вестициялау және тағы басқа келісімге отырады. 

Екінші жағынан, «бөтен» фирма құры­лыс компаниясының кеңсесінде жұмыс іс­тейді, клиентте бір сұрақ пайда болса, де­реу салушының менеджерімен не заңге­рі­мен ақылдасуға жүгіреді. Ендеше мыңа заң күшіне енген соң да жосықсыз ком­па­ния­лар тағы бір түрде шарт жасасудың жаңа схемаларын таппайтынына Үкімет кепілдік бере ме?

Алданған үлескерге кім араша?

– Ондай қарау тірліктерге тосқауыл қою үшін біз депутаттардың үлескерлердің ақ­ша­сын заңсыз тарту бойынша шарт жа­сасу­ға жол бермеуді қарастыратын Азаматтық ко­декс­ке ұсынылған түзетулерін толық қол­дадық. Сол арқылы құрылыс ком­па­ния­­­­­лары үлескерлердің ақшасын заңсыз тар­та алмайды және тиісті шарттарды тек заң­ды түрде қабылдауға мәжбүр болады! Сон­дай-ақ барлық шарт әкімдіктерде және Qazreestr.kz электронды порталында тір­келуге тиіс. Бұл бір пәтерді екі-үш адамға қа­тар сатудың алдын алады. Бұл заң жаңа проб­лемалы объектілердің пайда болуына жә­не үлескерлердің алдануына жол бермей­ді, – деп сендірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов. 

Әзірге «үй аламыз» деп бар жиған-тер­ге­нін баспанаға салып алданған үлескер­лер­дің саны азаймай тұр. Басқасын айтпа­ған­да, елорданың өзінде пәтерлерді заңсыз сатқан, құрылысы аяқталмай орта жолда тұ­ралап қалған 51 проблемалық объект бар екен. «Қазақстан Тұрғын үй компа­ния­сы­ның» мәліметі бойынша, Қазақстанда рұқ­сатсыз үлескер тартқан тұрғын үй ны­сан­дарының саны – 263. Тек 1 034 тұрғын үй кешенінің үлескер тартуға рұқсат құжат­тары толық. Заңсызы сүріледі.

Сонда алданған үлескерлер не істейді? Әкімдіктің, Парламенттің, прокуратураның және басқа инстансалардың табалдырығын тоздырады, ұлардай шулап, көшеге шыға­ды, журналистерді шақырады. Мына заң үлескерлер баратын жаңа «мекенжай» бел­гілейді, бұл – Үлескерлерді қолдау орта­лы­ғы. Алайда оның нақты немен айналы­са­ты­ны, құзыры, жұмыс өрісі толыққанды бел­гісіз. «Қазақстан Тұрғын үй компания­сы» АҚ басқармасының төрағасы Алтай Күз­дібаевтың айтуынша, орталық өз жұ­мы­сын онлайн жүргізеді. 

– Үлескерлерді қолдау онлайн орталы­ғы­ның негізгі міндеті – біріншіден, үлестік заң­нама шеңберінде тұрғын үй сатып алуға бай­ланысты барлық мәселеде азаматтарға кеңес беру. Екіншіден, азаматтардың үлес­кер қаражатын заңсыз тартатын құрылыс ком­панияларынан тұрғын үй сатып алуы­ның алдын алу. Біздің мақсат – үлескер құ­­қығы мен құрылыс салушы міндетте­ме­лері­нің бұзылу тәуекелін барынша азайту. Бұл үшін жасанды интеллектті қолданысқа ен­гі­земіз. Үлескерлерді қолдау онлайн ор­та­­лығы былтыр іске қосылды. Жалпы, біз үлескерлерді әртүрлі онлайн сервис арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Шоқанұлы. 

Соңғы жылдары Қазақстанда белсенді ур­банизация үдерісі үдеді. Қала тұрғын­дары­ның саны өсіп жатыр, отбасылар төл тұрғын үй кеңістігін кеңейтуге аса зәру. БҰҰ ұсынымы бойынша халықты тұрғын үймен қамту стандарты әрбір адамға 30 шаршы метрден келуге тиіс. Қазақстан бұл көрсет­кіш­тен әлі алыс. Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметі бойынша, елімізде орташа көр­сеткіш 24,5 шаршы метрді құраған. 5 жыл­да баспанамен қамту небәрі 2,3 метрге өсті. Мұндай қарқынмен Қазақстан жай­лырақ тұрғын үйдің халықаралық стан­дарт­тарына тек 2040 жылға қарай қол жеткізе алуы мүмкін.

Бүгінде кей өңірде баспанамен жаб­дық­­тау жағдайы орташа республикалық дең­­гей­ден де төмен: мысалы, Жамбыл (18,8 ш.м), Жетісу (19,9 ш.м) және Абай (20,4 ш.м) об­лыстары аутсайдер қатарын­да. Егер жаңа заң аймақтық құрылыс компанияларының пайда болып, дамуына жол ашса, бұл өңір­лерде құрылыстың гүл­денуіне серпін бе­рілуі мүмкін. Онда өңір­лер де ең ірі мега­по­листеріміздің дең­гейіне тартылып, бе­ле­сін бағындырмақ. Бүгінде Астанада әр тұр­ғынға шаққанда 32,3, ал Алматыда – 30,6 шаршы метрден ке­леді. Яғни, қос бас қа­ламызда БҰҰ стан­­дарты орындалды.

Елдос СЕНБАЙ