Quartz сайтында жарияланған материалға сүйенген Aikyn.kz , сирек кездесетін элементтер мен олардың бүгінгі өндірістегі маңызын талдайды.
Қытай сирек жер элементтерінің жаһандық қайта өңдеуінің басым бөлігін бақылайды. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Nelson Ching
Бұрын диспрозий немесе неодимнің не екенін көпшілік білмейтін. Бірақ бәріміз Tesla көліктерін, F-35 жойғыштары мен iPhone-ды жақсы білеміз. Осылардың бәрі сирек кездесетін элементтерге қатты тәуелді. Диспрозий мен неодим – сирек кездесетін жер элементтері (СКЖЭ) деп аталатын 17 элементтің екеуі ғана. «Сирек» деген атауы дұрыс емес. Себебі бұл элементтер Жер қыртысында олар молынан кездеседі. Сирек болу себебі – оларды өңдеудің күрделі екендігінде. Бұл – үлкен мәселе.
Қазіргі таңда Қытай сирек жер элементтерінің жаһандық қайта өңдеуінің басым бөлігін бақылайды. Ал АҚШ оған ілесуге ұмтылуда. Электромобильдер мен жоғары технологиялық қорғаныс саласына сұраныс артқан сайын бұл элементтер XXI ғасыр экономикасының өзегіне айналды. Енді олар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының басты жанжалды нүктесі болуда.
Фантастикалық атауына қарамастан, сирек жер элементтері (СКЖЭ) – Жерге тән минералдар. Бірақ олар көбінесе радиобелсенді тау жыныстарымен аралас кездеседі.
СКЖЭ екі топқа бөлінеді: жеңіл және ауыр. Жеңіл СКЖЭ (неодим, празеодим) электромобиль қозғалтқыштарындағы тұрақты магниттерде, жел турбиналарында және тұрмыстық электроникада қолданылады. Ауыр СКЖЭ (диспрозий, тербий) сирек кездеседі және өңдеуі қиын. Олар жоғары өнімді магниттер, әскери техника және жасыл энергетика технологиялары үшін қажет.
Мысалы, бір F-35 жойғыш ұшағында шамамен 408 кг СКЖЭ болады. Ал iPhone-да бірнеше грамм ғана керек, бірақ смартфон онсыз жұмыс істемейді.
Tesla сияқты компаниялар СКЖЭ-ден бас тарту жолдарын іздестіріп жатқанымен, баламалар әлі де тиімді емес. Фото stanfordmaterials.com сайтынан алынды
Қытай әлемдегі ауыр СКЖЭ қайта өңдеуінің 100% дерлік, ал жеңіл СКЖЭ-нің шамамен 90%-ын қайта өңдейді. АҚШ, Авустралия секілді елдер қазып алған элементтерін де Қытайға өңдеуге жібереді. 2023 жылдың соңында Қытай кейбір ауыр элементтерге экспорттық лицензия енгізді. Бұл қадам Қытайдың стратегиялық минералдар арқылы қысым жасау қабілетін көрсетті.
2025 жылы Қытай 7 маңызды СКЖЭ-ні қос мақсаттағы экспорттық бақылау тізіміне қосты. Кейін магниттер экспортына лицензия берілді.
Электромобильдерге арналған қозғалтқыштар көбіне неодим мен диспрозийден жасалған магниттерді қолданады. Бұл элементтер болмаған жағдайда, электромобильдер өндірісі тежеледі. Tesla сияқты компаниялар СКЖЭ-ден бас тарту жолдарын іздестіріп жатқанымен, баламалар әлі де тиімді емес.
Калифорниядағы Mountain Pass – АҚШ-тағы жалғыз жұмыс істеп тұрған СКЖЭ кен орны. 2024 жылы ол 1300 тонна неодим-празеодим өндірді. Бірақ елде ауыр СКЖЭ-ні өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы.
АҚШ Қорғаныс министрлігі өндіруден магнит жасауға дейінгі тізбекті құру үшін 439 млн доллар бөлді. Бірақ сарапшылар 2026 жылға дейін сұранысты толық жабу мүмкін емес екенін айтуда. Болашақта СКЖЭ кімнің қолында болса, сол ел экономика мен саясатта үстемдікке ие болады. Мұнай XX ғасырда, чиптер XXI ғасырда қандай рөл атқарса – СКЖЭ де сондай маңызға ие.
Бүгінде бұл элементтер энергетика мен технология болашағы үшін жүріп жатқан көлеңкелі соғыста шешуші рөлге ие. Сондықтан сирек кездесетін элементтер XXI ғасырдағы экономикалық және саяси үстемдік үшін күрестің басты құралына айналып отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.