in

Жалғыз гол жетіспеді

Матч соңында Асхат Тағыбергеннің құрамадағы мансабын аяқтайтынын естіген жанкүйер есенгіреп қалды, білем. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында ұлттық құрама бас бапкері Әли Әлиевтің ойын төңірегінде журналистер сауалына берген жауабының бірсыпырасын назарыңызға ұсынамыз.

– Жігіттер 90 минут бойы қар­қынды шабуылдап, жанкешті ойын көрсетті. Статистика бойынша да біз басым болдық, жалғыз гол ғана жетіс­педі. Команда бар күшін сал­са да, нәтиже шықпады. Мұндай сәттерде бапкер ретінде сіз не сезі­не­сіз?

– Жеңілістен кейін киім ауыс­тыратын бөлмеде үнсіздік орнайтыны рас. Бүгінгі жағдай мүлде бөлек әсер қалдырды. Біз қорытынды есепке емес, сонша шабуылдасақ та, бір гол бұйырма­ғанына күйіндік. Әттеген-айдан басқа айтарымыз жоқ.

Бұл ойында басым ойын көр­сеткенімізді  статистика да дәл­елдеп тұр. Беларуссиямен ойын­дағы жоспарымыздың мақсаты Македонияға қарсы матчқа дайындық болатын. Бүгін барлы­ғы өз әлеуетін толық көрсетті. Футболшылар бұл ойында бар­лық тапсырманы дұрыс түсініп, физикалық және психологиялық қысымды еңсере алды, жақсы ойнады. Бүгін жанкүйерлер «құра­ма нашар ойын көрсетті» деп айта алмайды. Бәз біреулер «команданың физикасы дайын емес» немесе «тактикасы әлсіз» дер. Бұл пікірмен келіспеймін. Шын мәнінде, тамаша команда қалыптасып келеді.

– Жігіттер жақсы, сапалы ойын көрсетті, бірақ шабуылды түй­ін­дейтін ойыншы жетіспегендей болды. Реализация болмады. Мұны құраманың негізгі ойын­шыларының осы ойынға жарақат пен сырқатының салдарынан қатыспауымен байланыстыра аламыз ба?

– Бұл – басты себептердің бірі. Біз қақпаны дәл көздейтін шабуылшысыз ойнадық. Мы­салы, Бахтиёр Зайнутдинов – ұлттық құраманың негізгі ойын­шы­ларының бірі. Егер оны ор­­­та­лыққа қойып, оның алыстан соқ­қы жасау қабілетін, айып алаң­ындағы «сезгіштігін» пай­да­лансақ, баспен соғатын сәттердегі дәлдігін айтсақ, бүгінгі ойын бас­қаша өрбуі мүмкін еді. Статис­тикаға үңілсек те, Бахтиёрдың ал­дыңғы циклдерде неше гол соқ­қаны анық көрінеді. Бүгін дәл сондай голдар ауадай қажет бол­ды. Осындай ойындарда біздің негізгі шабуылдаушыларымыз жетіспеді. Абат Айымбетов – қай командада ойнаса да, мотивация­сын жоғалтпай, үнемі өз мүмкін­ді­гін іздейтін, гол соғатын ойын­шы. Бұл – оның шабуылшы рет­індегі табиғи қасиеті. 

– Матчтан кейін Асхат Тағы­берген мансабын аяқтады деген хабар келді. Бұл шешім қалай қа­был­данды, футболшымен жеке сөйлестіңіз бе?

– Құрамада жаңару процесі жүріп жатыр. Бұл бір күнде іске асатын нәрсе емес, біртіндеп жүзе­ге асады. Осындай өтпелі кез­еңде алғашқы үлкен қадам­дар­дың бірі – біздің капитаны­мыз, көпке сыйлы Асхат Тағы­бергеннің ұлттық құрамамен қош айтысуы болды. Ол бұл шешімге үлкен ерлікпен, батылдықпен келді. Футболмен оның ішінде ұлттық құрамамен қоштасу оңай дүние емес екенін футбол ойна­ған адам жақсы түсінеді. Асхат осы батыл қадамға барып, жас­тарға жол берді. Сол арқылы жас ойын­шыларға қандай болу кере­гінің үлгісін көрсетті. Өкінішке қарай, біз бүгінгі матчта бұл сәтті жар­қын етіп өткізе алмадық.

– Максим Самородов жиі доп жоғалтады, бұл бәріне белгілі. Осы ойында да екі рет қарсы ша­буылға себеп болды. Сіз бұл мә­се­лені ескердіңіз бе, сақтық ша­ралары болды ма?

– Біріншіден, Максим Само­родов – шабуылшы, креативті ойыншы. Ол дриблингке барып, қарсылас қорғанысын жарып өтуі керек. Мұндай ойыншыларсыз команданың шабуылы ұжымдық әрекетпен ғана алға жылжуы қиын­дайды. Сондықтан бізге дәл осындай ойынды шиеленіс­тір­етін, қорғанысты бұзатын ойын­шылар керек. Әрине, оның доп­тан айырылып қала беретінін білеміз, оны ескеріп жүрміз. Бірақ бұл жерде «өтуші фаза», яғни шабуылдан қорғанысқа бірден ауысу сәті маңызды. Сол кезде бізде қорғаныстағы ойын­шылар осы сәттерді сақтандыруы керек. Егер Максим доп жоғалт­паса, мүлде мінсіз ойнаса, онда ол «Лейпциг» секілді Еуропаның топ-клубтарында жүрер еді. Мысалы, Флориан Виртц сияқ­ты. Бірақ оның басты артықшы­лығы – батылдығы. Ол шабуылға қорықпай барады, допқа таласа­ды. Ең маңыздысы, ол соңғы пас пен соңғы соққыға нақты бағыт­талуы керек. Біз үшін бұл өте маң­ызды, өйткені шабуыл шебін толық жасарттық деуге болады. Қазір бізде Кенжебек, Само­ро­дов, Чесноков, Дастан Сатпаев, Мұхаммед секілді жас әрі жылдам ойыншылар бар. Бәрі жақсы, тек оларға тәжірибе керек және бір-бірімен ойынды үйлестіру қажет. Сонда ғана нәтиже болады.

– Ойын барысында Ғалымжан Кенжебек бірінші таймда жақсы ойнаған сияқты еді, неге оны ал­мас­тырдыңыз? Мүмкін сары қағаз алған Исламбек Қуатты алмастыру керек пе еді? 

– Ғалымжан Кенжебекке келсек, ол біраз уақыт бойы матч­қа қатыспаған. Бірақ ол – бұл жолы келді, ойнады. Ол – қазіргі ғана емес, болашақ та ұлттық құрамада ойнайды. Егер барлы­ғын дұрыс жолға қойсақ, бола­шақ­та Кенжебек те, Дастан да, Самородов та құрамамызға көп ұпай мен гол сыйлайды. Бұл жі­гіт­тердің болашағы жарқын, олар Еуропаның мүлде басқа деңгей­дегі клубтарына ауысуы мүмкін.

Ал Куатты неге алмастыр­ма­дыңыз дегенге келсек, позиция­лық тұрғыда оны ауыстыруға болмайтын еді. Себебі бізге Дас­тан Сатпаевты алаңға шығару қажет болды. Біз команданың шаршай бастаған сәтін нақты біл­дік, сол кезде Сатпаев алаңға шықты. Ол өзінің жылдамдығы­мен ойынға серпін қосты. 

Бәлкім, жеңіске жету үшін сәл ғана шеберлік, яғни орын­дау­шылық деңгейі жетіспеді. Бізге топтық және жекелеген әрекеттер арасындағы үйлесімділік қажет. Егер доппен жеке жүріп, қарсы­лас­тың екі-үш қорғаушысын өзіңе тартсаң, дереу серіктесіңді тауып, пас беруің керек. Өкінішке қарай, бұл жағынан біздің 

Ғал­ым­жанға сәл қырағылық жет­пей қалды. Сондықтан ойын бары­сын бақылап отырып, дұрыс шешім қабылдауға тырыстық. Менің ойымша, уақыт жағынан да, позиция жағынан да ауысым­дарды дұрыс жасадық.

– Құраманы жаңарту, жас ой­ын­шыларды тәрбиелеу туралы жиі айтып жүрміз. Мүмкін, еліміз­дің клуб­тарында ойнайтын талант­ты жас­тарымызды көбірек шақыр­ып, мүм­­кіндік беретін уақыт жеткен шығар?

– Клубтарға талап қоя алмай­мыз. Қазір клубтардың өзіне де нәтиже үшін қысым бар. Олар бір­ден нәтиже беруді қалайды. Сол себепті көбіне тәжірибелі легио­нерлерге жүгінеді, ал біздің жастар алаңға жиі шығу мүмкін­ді­гін ала алмай жатады. Сол се­бепті ұлттық құрамада біз бала­лар­ды жинағанда, кемі екі дай­ын­дықтан өткізіп, ол­ар­ды физикалық және такти­ка­лық тұрғыдан бір деңгейге жет­кізуді көздейміз. Мұны біз Бело­рус­­сия­мен кездесудің алдында жаса­дық. Бұған дейін де Уэльс, Лих­тен­штейн­мен матчтар алдында жүзеге асырдық. Әрине, жастарға мүмкін­дік беру керек. Бірақ бұл кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жасалуға тиіс. Қазірдің өзінде 

Ғал­ымжан Кен­жебек сияқты талантты жастар бар. Олардың дең­гейі жоғары әрі өздерін дәлел­деп келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әсет ҚАЛИ