in

Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектеп жабылған – Нартай Сәрсенғалиев

«AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстан  Премьер-Министрінің орынбасары Е.Көшербаевқа еліміздің аймақтарында мектептердің жабылып,  таратылып жатқанын көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетінін мен айтпай-ақ білесіздер. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектеп жабылған. Ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің таратылған (Жәнібек ауданы – 1, Теректі ауданы – 1, Сырым ауданы – 1, Қаратөбе ауданы – 1) екен. 

Мемлекет басшысының ауыл мектептері туралы:  “Мектебі бар ауылда тіршілік бар” деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады» дегені есімізде. Ендеше, қағазға хатталған нормативтің кесірінен бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге? Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім. Мектеп жабылғанда жұмыссыз қалған ұстаздардың хәлі нешік? Олар да ауылдан ауылға көшіп жүруі керек пе?, – деді депутат. 

Нартай Аралбайұлы ауылындағы мектеп жабылғандықтан, басқа елді мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатқанын сөз етті.

– Ал адамы көшкен  ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын: соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек, бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді, – деді Нартай Аралбайұлы.

Оның айтуынша,   Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесе, тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмайтынын айтты.