in

Миллиардер президентке импичмент жариялап, жаңа саяси партия құруға шақырды

Aikyn.kz екі ықпалды адамның арасындағы даудың хронологиясын axios.com сайтының хабарламасына сүйеніп талдайды.

АҚШ-тың ең ықпалды екі азаматының арасындағы қарым-қатынас бұзылды ма? Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press / Evan Vucci

Жақында Президент Трамп өз досына, кеңесшісі әрі демеушісі миллиардер Илон Маскқа Ақ үйдің алтын кілтін табыстады. Алты күн өтпей жатып, Маск кілтті жоғалтып алды.

Адамзат тарихындағы ең ықпалды азамат АҚШ президентіне іс жүзінде соғыс жариялап, арадағы қарым-қатынасты бұзды. Бұл оқиға саяси тарихтағы ең тосын әрі ерекше құлдыраулардың бірі ретінде есте қалуы ықтимал. Көптен бері болжанған бұл шиеленіс бірнеше ай бойы пісіп-жетіліп, ақыры санаулы сағаттар ішінде шегіне жеткен. Оқиғалар Ақ үйде, Truth Social желісінде және ең алдымен, X платформасында өрбіді.

Сарапшылар MAGА+Технология коалициясының іргесі шайқалып, Трамптың үлкен жоспарларына қауіп төндіреді деп санайды. Осы аптада Маск Трамптың бюджет тапшылығын миллиардтаған долларға ұлғайтады деп күтілетін салық заң жобасын қатты сынады. Жағдай бірден шиеленісіп кетті.

Бейсенбі күні (5 маусым) Трамп Tesla бас директорын электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктерді жою туралы заң жобасын сынағаны үшін айыптады. Маскты «Трампқа қатысты психоз синдромына» шалдыққан деді. Маск бұған жауап ретінде Трамп кешірмейтін сөздер айтты. Ол Трамптың 2024 жылғы президенттік сайлаудағы еңбегін бұлдап, өзінің саяси ықпалы Трамптан әлдеқайда күшті екенін жария етті. Трамп болса Масктың компанияларына беріліп келген миллиардтаған долларлық мемлекеттік субсидиялары мен келісімшарттарды тоқтататынын айтып, қорқытты. Бұрынғы кеңесшісін «ақылынан ауытқыған» деп сипаттады.

Бірнеше сағат ішінде Маск Трампты импичментке тартуға шақырды. Президентті Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланбаған құжаттарға қатысы бар деп айыптап, жаңа саяси партия құру идеясын ұсынды.

Үлкен саясаттың бұлтарыс пен қалтарыстарынан бейхабар сәби Lil X әкесі мен атасындай болған президентті бірдей жақсы көретін сияқты. Фото nypost.com сайтынан алынды

Ол сондай-ақ SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесін «жедел түрде тоқтатуға кірісетінін» мәлімдеді. Бұл қадам NASA жұмысын қиындатып, федералдық үкіметпен арадағы басты байланысты үзуі мүмкін.

Ашуы тарқаған Маск экономикалық тиімділікті ескеріп, бұл қатаң мәлімдемеден бас тартқан. Осылайша,  Трамппен қарым-қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік қалдырды. Ол қаржыгер Билл Экманның татуласуға шақырған үндеуіне оң қабақ танытты.

Бейсенбі кешке (5 маусым) желіде Трамп көмекшілері жұма күні екі тараптың телефон арқылы сөйлесуін жоспарлап қойғаны туралы хабар бастады. Бұл эпизод миллиардердің мемлекеттің маңызды функцияларына қаншалықты ықпал ете алатынын және бұл билікті қалай оңай саясиландыруға болатынын көрсетті.

Әлемдегі ықпалды екі тұлғаның арасындағы қақтығыс өзара жойылуға апаратын жолға түскендей. Маск 2024 жылғы сайлауда Трамп пен республикашыл кандидаттарға 300 миллион доллардай қаржы бөлген. Ол бюджет тапшылығын экзистенциалды қауіп ретінде бағалап, Трамп ұсынған заң жобасына дауыс берген кез келген республикашыларға қарсы шығатынын мәлімдеген.

Кейбір Трампты қолдаушылар бұл мүмкіндікті MAGA мен технологиялық альянстың әлсіз тұстарын сынға алу үшін пайдаланды. MAGA белсендісі Стив Бэннон Масктың Оңтүстік Африка Республикасының тумасы екенін ескертіп, миллиардердің АҚШ үкіметі тарапынан тергеліп, елден шығарылуын және SpaceX-ті мемлекеттік меншікке тәркілеуді талап етті.

Бейсенбі күні (5 маусым) Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты талқылай отырып, таңғаларлық салыстыру жасаған:

«Екі бала саябақта төбелесіп жатыр. Олар сәл жұдырықтасып алуы керек, содан кейін келіседі».

Вашингтондағы республикашыл көшбасшылар дәл осындай жағдайдың Трамп пен Маск арасында да орын алғанын өзара талқылап жатқаны қызық. Олар бұл жағдайдың өзінен-өзі басылуын күте ме? Әлде «ойын алаңындағы екі үлкен бала» соғысты жалғастырып, бүкіл қозғалысқа нұқсан келтіре ме? Бұл шиеленістің жалғасы бар.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.