in

Ақтөбеде тараған жағымсыз иістің қайдан шыққаны анықталды

Табиғатты қорғау прокуратурасы, облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті, Экология департаменті зертханалық бөлімінің мамандарымен бірлесіп, жұмыс жүргізген, – деп хабарлады Қазақпарат. Облыстық Экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, жағымсыз иістің шығу ошағы құстың саңғырығын органикалық тыңайтқыш ретінде қолданған шаруашылық аумағы болып отыр.

«Алға ауданының Бестамақ ауылы мен Ақтөбе қаласының арасында орналасқан “Ақтөбе агро” шаруа қожалығы Ақтөбе қаласының 41-разъезд аумағындағы құс фабрикасынан көп көлемде құстың саңғырығын органикалық тыңайтқыш ретінде алып, 120 гектар жерді тыңайтуға пайдаланған.  Тыңайтқышты жайған кезде оның иісі желдің екпінімен қаланы түгел алып кетіп отыр. Бұл анықталған бойда біздің мамандар орынға шығып, шаруа қожалығының басшылығына ол жерге енді мұны пайдаланбау туралы ескертіп, нұсқама берді», – деді Ербол Қуанов.

Оның сөзінше,  екі-үш күнде тыңайтқыштың қалған қалдығын қаладан және жалпы халық тұратын елді мекендерден алыста орналасқан алқаптарына шығарып тастайтын болды.

Сондай-ақ құс фабрикасына ауаны тазалайтын озонация технологиясын қолдану жөнінде талап қойылды. 

Қазір қаладағы кәріз-сорғы стансасы 70 пайызға тозып тұр. Бұл да жағымсыз иістің бір көзі болып саналады

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.