in

Трамп пен Маск қарым-қатынасы 10 күн ішінде қалай бұзылды?

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп пен әлемдегі ең бай адам Илон Маск арасындағы одақ соңғы 10 күн ішінде толық күйреп, ашық текетіреске ұласты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

BBC мәліметінше, бұрынғы одақтастар экономикалық саясат пен мемлекеттік шығындар туралы келіспеушіліктен кейін бір-біріне қарсы мәлімдемелер жасай бастады.

Илон Маск алғашында Трамптың жаңа салық және шығындар туралы заң жобасын «көңілден шықпады» деп сынады. Кейін ол «масқара және қорқынышты» деп бағалап, бұл заң жобаның елді банкротқа ұшырататынын мәлімдеді. Маск Трампты екіжүзді деп айыптап, оның ескі жазбаларын еске салып, “қазіргі Трамп бұрынғы Трамп емес” деген ой тастады. Ол тіпті жаңа саяси партия құру туралы сауалнама жариялап, Трамптың аты-жөні Джеффри Эпштейн ісінде кездеседі деп мәлімдеді.

Трамп өз кезегінде Маскты “ақылынан адасқан адам” деп атап, оны Ақ үйден кетіргенін айтты. Ол сондай-ақ Масктың компанияларымен мемлекеттік келісімшарттарды тоқтатуды ұсынды. Жауап ретінде Маск SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесін пайдаланудан бас тартатынын хабарлады. Бұл АҚШ-тағы екі ықпалды фигура арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлағанын көрсетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз