Адамзат өркениетінің өзгерістер алдында тұрғанын Aikyn.kz осы аптада өткен Axios компаниясы ұйымдастырған саммитіне сілтеме жасай отырып, талдайды.
Дэнни Аллан: «Жасанды интеллект бағдарламалық жасақтаманың өзін жұтып жатыр». Фото axios.com сайтынан алынды
Сарапшылар адамзат өркениетіндегі бетбұрысты кезең туралы Axios компаниясы ұйымдастырған AI+ саммитінде (Нью-Йорк, 4 маусым) айтқан. Оның бірінші көрінісі бағдарламалық қамтамасыз ету саласында (код жазу) ЖИ-дің ықпалының өсуінен анық байқалды. Жасанды интеллект бағдарламалық жасақтама индустриясын түбегейлі өзгертуде. Енді компаниялар ЖИ-дің өзін дамыту үшін ЖИ құралдарын пайдалана бастады.
«Бұрын біз «бағдарламалық қамтамасыз ету әлемді жұтып жатыр» деп айтатынбыз. Енді жасанды интеллект бағдарламалық жасақтаманың өзін жұтып жатыр», – дейді Snyk киберқауіпсіздік компаниясының техникалық директоры Дэнни Аллан.
Екінші өзгеріс. Чат-боттар адамдар арасындағы өзара әрекеттесуді, коммуникацияны өзгертуде. Boston Consulting Group компаниясының басқарушы директоры Владимир Лукич қызметтер чат-боттарды келіссөздер үшін қолданатынын айтады. Ол бас директорлармен кездесер алдында, олардың қандай сұрақ қоюы мүмкін екенін ЖИ-ден сұрайды. Бір қызығы, бас директор сайып келгенде дәл осы сұрақтарды күн тәртібіне шығаратын болған.
Үшінші бетбұрыс. Үкімет ЖИ-мен байланысты тәуекелдерді шектей алмауы мүмкін. Мысалы, Трамп әкімшілігі мен АҚШ Конгресі ЖИ-ді реттеуден бас тартқан. Бұл жағдай қоғамдық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық тудыруда.
Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хоукул АҚШ Өкілдер палатасы мақұлдаған Трамптың бюджеттік заң жобасына наразылық білдірді. Аталған заң штаттарға ЖИ-ді реттейтін жаңа ережелер енгізуге 10 жылға тыйым салуды көздейді.
«Бұған жол беруге болмайды. Бірақ мен Вашингтонның бағытын өзгертетініне үміттенбеймін», – дейді Хоукул.
Төртінші бетбұрыс. ЖИ шығармашылықты құнсыздандырады деген қауіп күшейді. ЖИ үлгілерін оқыту үшін оны жасаушылар адамзаттың шығармашылық мұрасынан жиналған барлық «ашық деректерді» пайдаланған. Алайда осы деректерді пайдалануға келісім сұрамау және авторларға өтемақы төлемеу мәдени үлеске деген құрметтің төмендеуіне алып келуде.
«Егер бұл жағдай өзгермесе, адамдардың алға ұмтылуға, үздік болуға, шығармашылыққа және идея тудыруға деген экономикалық ынталары жоғалады», – дейді кинорежиссер, актер Джозеф Гордон-Левитт.
AI+ саммитінде айтылған пікірлер ЖИ-дің тек технология ғана емес, әлеуметтік, экономикалық және мәдени фактор ретінде де үлкен ықпалға ие бола бастағанын көрсетті. Ол бизнесті өзгертеді, адамдар арасындағы коммуникацияны трансформациялайды, мемлекеттің рөлін қайта қарауға мәжбүр етеді. Бұдан қорқу керек па, әлде қуанған дұрыс па?!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.