Бүгін елордаға Сингапур қаласында өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионатына қатысып, ел мерейін асқақтатқан Астана қаласының спортшылары оралды. Жеңімпаздарды «Астана Нұрлы жол» теміржол вокзалында №1 Балалар-жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Қуат Тілегенов, ата-аналар, жанкүйерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған гимнастшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, астаналық спортшылар байрақты бәсекеде барлығы 11 медаль иеленді: 5 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлде.
Азия чемпионы Айбота Ертайқызы жарыс қорытындысы туралы өз әсерімен бөлісті: «Азия чемпионаты, меніңше, өте жақсы өтті. Біздің команда тамаша нәтиже көрсетті. Бұл жолы да қарсыластарымның деңгейі жоғары болды – Қытай, Өзбекстан, Жапония спортшыларының шеберлігі мықты. Соған қарамастан біз бар жаттығуды қатесіз орындауға тырыстық», – деді ол.
Айта кетейік, Азия чемпионатына 19 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысты. Осындай ауқымды додада топ жарған елордалық гимнастшылар ел абыройын асқақтатты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.