in

Қауіпсіздік жоқ жерде қасірет бар

 Куәгерлердің айтуынша, Әнуар жо­ғарыға ілініп қалған допты аламын деп қосалқы электрстансаның төбесіне шық­қан. Сымға ілініп тұрған допты аламын деген сәтте баланы тоқ соғып, құлатқан. 

– Кешкі 19:00-де үйден шығып кетті, әдеттегідей аулада балалармен ойнайды ғой. 19:20-да менің үлкен балама ауладағы балалар хабарласып, інісі құлап қалғанын, жедел жәрдем шақырғанын айтқан. Құлап қалды дегенді естіп, бәріміз шықтық. Сөйт­сем, ұлым қап-қара болып өртеніп кеткен, денесінің сау жері жоқ. Жерде жатыр. Бірақ ол кезде ұлым тірі болды, – дейді қапыда ұлынан айырылып қалған Тұрсынгүл Бисекенова. 

Тоққа соғылып қалған 9 жасар Әнуарды аулада жүрген ер адам құтқармақ болған. Ол дереу ілініп тұрған баланы жерге түсір­іп, киімдерін шешіп, қолдан келгенді жасаған. Алайда қуаты 10 мың Вт тоқ баланың сау жерін қалдырмаған. Дереу жеткен жедел жәрдем жақын жердегі ба­ла­лар ауруханасына апарған. Баланы шұғыл апаратқа қосқан. Дәрігерлер баланың өмірімен 2 тәулік күресті. Ауру­хана­ға жеткен алғашқы күні баланың оң қолы мен аяғын кесіп тастаған. Ал екінші күні 22:30-да бала өліп кеткен. 

– Балалар шулап, айқайлап жатқасын бардым. Мен досымды күтіп тұр едім. Ағашқа өрмелеп баланы түсіріп алдым. Мен оны өліп қалды деп ойладым. Бір кезде ол дыбыс берді. Дереу жедел жәрдем­ді, құтқарушыларды, полицияны шақыр­дым. Алдымен құтқарушылар келді, сосын полиция, сосын барып жедел жәрдем кел­ді. Бар проблема – біздің үйдің ауласын­да балалар ойнайтын алаң жоқ. Сондықтан да балалар осылай далада ойнайды, – дейді Әнуарға алғаш көмек көрсеткен қала тұрғыны.

Бұл пікірді Әнуардың анасы да құптап отыр. 

– Бірнеше жыл бұрын осы үйдің ауласына балалар ойнайтын алаң салды. Бірақ ол жерге ересек балаларды ойнатпай­ды. Әйел-

дер ұрсысып, кішкентай балалар ойнайды деп ересектерді жақындатпайды. Амал жоқ, ересек балалар осылай көрінген жерде доп ойнайды. Мына жерде доп ой­найтын тым құрығанда 4 метрлік тор құрып қоюға болады ғой, сонда доп ұшып кетпес еді. Не тым құрығанда мына элек­тр­остансаны қоршап қоймаған. Егр ол қоршалғанда балалар бармас еді ғой, – дейді Тұрсынгүл Бисекенова. 

Ең өкініштісі, баланың тоққа соғылуы БҚО-дағы алғашқы жағдай емес. Осыдан үш жыл бұрын Жаңақала ауданында 4 жасар Алпамыс тоққа соғылып қалған бола­тын. Қазір баланың екі қолы жоқ. Мек­тепке бара алмайды, үйден оқиды. Ал 9 жасар Әнуардың өліміне қатысты полиция қылмыстық істі тергеп бастағанын мәлімдеді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы