in

АҚШ пен Қытай сауда келіссөздерін қайта бастады

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары қайта жанданды. Бұл жайлы Аikyn.kz сайты хабарлайды.

BBC ақпараттық қызметінің мәліметінше, Женевада өткен келіссөздер екі ел арасындағы соңғы жылдары өршіп кеткен тарифтік соғыстан кейінгі алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу болды. 

Диалогке екі тарап та түрлі саяси реңк беріп отыр. Қытай бұл кездесуді АҚШ-тың сұранысымен өтті деп көрсетсе, Трамп әкімшілігі Қытай экономикасының әлсіреуін алға тартып, бастамашы тарап Бейжің екенін меңзейді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бастысы –  қос тараптың да мәмілеге келуге мүдделі екенін ашық білдіруі.

Сауда соғысы екі елдің де экономикасына салмақ түсірді. Қытайда өндіріс пен қызмет көрсету секторы бәсеңдеді, ал АҚШ-та инфляция мен жабдықтау тізбегіндегі дағдарыс ішкі наразылықты күшейтті. Кәсіпкерлер мен қарапайым тұтынушылар да бұл жағдайдың кері әсерін сезініп отыр.

Қарым-қатынасты реттеуге бағытталған бұл бастама нақты шешімдерге әкелмеуі мүмкін. Алайда диалогтің қайта жандануы –  екі ел де өзара қысымды азайтуға ұмтылып отырғанының белгісі. Сарапшылар мұны ұзақ әрі күрделі сауда келісімдерінің алғашқы қадамы ретінде бағалап отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз