in

Серпінді стартаптар мекені

Ғылым мен технологияны ұштастырған бастамалар қоғамдағы әлеуметтік, экологиялық және технологиялық өзекті мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Инклюзияға – инновациялық қадам

Сондай жобалардың бірқа­тары Amanzholov University жанындағы Shygys Bastau технопаркінде жүзеге асырылуда. Технопарк қабырға­сын­дағы грант жеңіп алған жо­балар­дың бірі – ерекше бі­лім беру қа­жет­тіліктері бар ба­лаларды пси­хо­логиялық-пе­да­го­гикалық даяр­лау, оңалту жә­не әдістемелік-техно­ло­гия­­лық сүйе­мелдеу бойынша құ­зы­­реттілік орталығы. Жоба ая­сын­да психолог-дефектолог ма­­­­мандарына арналған кәсіби үс­телдер, тірек-қи­мыл ап­па­ра­ты бұзылған ба­ла­ларға арнал­ған вертикализаторлар, парталар, сон­дай-ақ реабили­та­ция­лық және дамытуға бағыт­тал­ған тех­никалық құралдар жасалуда. Қа­­зір осы жоба барысында 5 пай­далы модельге патент және 12 оқу-әдістемелік құрал­ға, ин­терактивті тренажер­лар­ға, аль­бомдарға, бағдарла­ма­ларға ав­тор­лық куәлік алынған.

– Ерекше өнімдеріміздің бі­рі – сал ауруына шалдыққан ба­­­­лаларға арнап жасаған вер­ти­ка­лизаторлар (отырып-тұруға ар­налған арба). Бұл құрылғы ба­ланы отыру, жату, тік тұру не­месе еңкею жағдайында дұ­рыс орналастыруға мүмкіндік бе­реді. Оның барлық бөлшегі рет­те­ліп, баланың бойы мен де­не өл­шеміне сәйкес оңай бейім­деледі. Ба­ла өскен сайын аяқ тірегі мен ар­қалығын үлкен өлшемге ауыс­тырса жеткілікті, жаңа­дан арба са­тып алудың қа­жеті жоқ. Құрыл­ғының жаңа­­­шылдығы – оның авто­мат­тандырылған верти­ка­ли­за­ция­лау және арқалықты ең­кей­ту ме­ханизмдерімен жаб­­дық­талуында. Бұл функциялар пу­льт арқылы басқарылады және пе­дагог не қам­қоршының жұ­мы­сын едәуір жеңіл­детеді. Шет­елдік балама­лар­мен салыс­тыр­ғанда, бұл өнім 4-5 есе ар­зан, – дейді жоба жетекшісі До­сым Ерболатұлы.

Бастапқы кезеңде өнімнің бар­лық үлгілері Dana bala үздік­сіз жә­не инклюзивті білім беру орта­лы­ғы мен церебралды сал ауруына шал­дыққан балаларды оңалтуға ар­налған Demeu қолдау орталы­ғы­ның базасында сынақтан өткен.

Біздің назарымызды аудар­ған тағы бір дүние – сенсорлық мо­ноб­локпен жабдықталған, ең­кейе­тін үстелі, жарық шамы мен ло­го­педиялық айнасы бар заманауи көпфункциялы ке­шен болды. Оның биіктігі мен орналасуы ба­ланың бойына қарай автоматты түр­де реттеледі. Оның тағы бір бас­ты артық­шы­лы­ғы – қазақ тілін­де­гі логопе­дия­лық түзетуге арнал­ған автор­лық әдістемелер мен жат­­­тығулар. Елі­мізде баламасы жоқ бұл ин­те­рак­тивті үстел дефек­то­логтар мен логопед мамандар үшін ар­найы әзірленген. Оның құра­мы­на сен­сорлы моноблок, ин­те­рак­тивті панель, кәсіби ло­­­­гопе­дия­лық айна, логопедиялық кар­то­ч­­калар мен әдістемелік ма­­­­те­риалдар кіреді. Атап айт­қан­да, ды­быс­тарды автоматтандыру мен қа­ра­пайым математикалық түсі­нік­терді қа­лып­тастыруға арналған 100-ден а­стам тапсырма қамтыл­ған.

– Бұл құрылғыны ондаған жыл­­­ғы жұмыстың нәтижесі деп ай­туға болады. Оқу-әдістемелік құ­рал фонематикалық қабылдау, көру және вербалды жад, сөздік-ло­гикалық ойлау, дыбысты дұрыс айту, екпін қою секілді мәсе­ле­лерді шешуге көмектеседі. Құрыл­­­ғыны жасау үшін арнайы пе­дагог, де­фек­толог, педагог, пси­холог, ІТ ма­ма­ны, физик, тех­нологтар тізе қосып жұ­мыс істе­ді. Қазір бұл үстел мек­теп­ке дейінгі ұйымдарда, түзету ба­­ла­бақшаларында, оңалту орта­лық­тарында және түзету каби­нет­те­рінде сынақтан өтті, – дейді ло­­­­­­гопед-дефектолог, психология жә­не коррекциялық педагогика ка­федрасының сениор-лекторы, дефектология магистрі Рауан Бай­чинов.

Орталық жетекшісі Алима Әлі­пованың айтуынша, елімізде 200 мың­нан астам бала инклю­зивті білім беруді қажет етеді, ал Шығыс Қа­зақстан об­лысы бойын­ша бұл көр­сеткіш 11 мың­нан асады. Ға­лым­дар бұл мә­се­лені зерттеп, тал­дай оты­рып, жаңа әрі тиімді ше­шім­дерге қол жеткізіп отыр.

Сапалы сүзгі – сау ағзаның кепілі

Технопарк қабырғасында коммерцияландырылып жат­­қан тағы бір маңызды жоба – су көздерін тазартуға ар­нал­ған композициялық сүзгі ма­те­риал­дарын өндіру технологиясы. Жоба жетекшісі, университеттің аға ғы­лыми қызметкері Тілек Қуа­ныш­беков­тің айтуынша, бұл техно­ло­гия экологиялық жағы­нан пайдалы болуымен қатар, ком­мерциялық тұр­­ғыда да тиім­ді, себебі ол им­порт­тық шикі­зат­қа тәуелді емес, қымбат жоғары тех­нологиялық жаб­дықтарды, реа­генттерді және күр­делі өн­ді­рістік тізбектерді қа­жет етпейді, ша­ғын үлгілерде оңай іске асы­рылады.

– Жобаның экономикалық пай­­дасы орасан зор. Біріншіден, ол ауызсу сатып алу шығындарын азайтады, бұл, әсіресе бөтел­кеде­гі немесе тасымалданатын суы қым­бат өңірлерде өзекті. Екін­ші­ден, тұр­мыстық техника мен ин­же­нерлік жүйелерді күтіп ұс­тау шы­ғындарын төмендетеді: сүзгілер құ­рал-жабдықты әк, кор­розия жә­не бітелуден қорғап, олардың қыз­мет ету мерзімін ұзар­тады. Үшін­шіден, меди­ци­на­лық шығын­дар­ды үнемдейді, яғ­ни таза су са­пасыз судан туын­дайтын аурулар­дың алдын алады. Төр­тіншіден, нысандардың ин­вес­тициялық тар­­­­тымдылығын арт­тырады: сүз­гілеу жүйелері тұр­ғын үйлердің, кә­сіпо­рын­дар­дың және агроны­сан­дардың құ­нын жоғарылатады, – дейді жоба же­текшісі Тілек Қуа­ныш­беков.

Жаңа технология дағ­да­рыс жағ­­дайында да тиім­ді бол­мақ. Атап айтсақ, тө­тен­ше жағдай­лар­да (та­биғи апат­тар, су құбырларын­дағы апаттар, лас­тану) қауіпсіз суға қол­же­тім­ді­лікті қамтамасыз етеді, ор­­та­лық­тандырылған сумен жаб­дық­тау бұзылғанда аурулардың та­­­­­ралуына жол бермейді, жер­гі­лік­ті тазарту жүйелері елді ме­кен­дер мен мекемелерді сыртқы инф­ра­құрылымға тәуелділіктен бо­са­та­ды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қор­ғауда да пайдасы біршама. 

– Бұл сүзгілерге арзан әрі қол­­­жетімді шикізат – КМЦ био­по­­лимері, шунгит, активтелген кө­мір және графит пай­да­ла­ны­лады. Бұл материалдардың ад­сор­бциялық қабілеті жоғары, ио­н алмасу және нанофильтрация қасиеттері бар, нәтижесінде су ең жоғары деңгейде та­зартылады. Біздің сүзгілер зиян­ды қос­па­лар­дың 99,9%-на дейін, соның ішін­де бактериялар, вирус­тар және ауыр металдарды ұстап қа­лады. Ойластырылған құрылы­мы суды үнемдеуге және карт­ридж­­­­дердің қызмет ету мерзімін ұзар­туға мүм­­кіндік береді. Сүз­гілерде қол­­­­данылатын материалдар ха­лық­аралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес ке­леді, – дейді Тілек Қуаныш­беков.

Апаттың алдын алар «ақылды» жүйе

Технопарк ғалымдары қол жеткізген тағы бір тама­ша же­тістік – қашықтан зондтау де­рек­терін, географиялық-ақ­парат­тық жүйе технологияларын және машиналық оқытуды пай­да­лану не­гізінде Шығыс Қазақ­стан облы­сын­да су тас­қынын болжау жүйесін әзірлеу жобасы. Технопарк же­текшісінің орынбасары Алмас­бек Мәуліттің айтуынша, бұл жоба үш ғылыми мәселені шешеді.

– Біріншіден, бұл жоба же­рүс­ті бақылауларын, аэро­фо­то­тү­сірі­лімдерді және спутниктік қа­шық­тан зондтауды пайдалана отырып, өзен бассейндеріндегі қар қорын ба­ғалайды. Екіншіден, гид­ро­ме­теорологиялық, то­пог­ра­фиялық жә­не антропогендік про­цестерді ес­кере отырып, көк­тем­гі қар еру ке­зінде су басуға бейім аудандарды зерт­тейді. Үшін­шіден, климаттың, эко­ло­гия­лық жағдайлардың және Жер­ді пай­даланудың әртүрлі сце­нарийі ке­зінде су режимінің өз­геруін мо­дель­деп, болжайды, – дейді Алмасбек Мәуліт. 

Бұл жобада су тасқыны қау­пін бағалау және бол­жау үшін әртүрлі ғылыми тәсіл қол­да­нылады. Ол үшін ұзақмер­зім­ді ауа райы, өзен суы және жер бедері ту­ралы мәліметтер, сондай-ақ жер­ді қашықтан зонд­тау мен ұш­қышсыз ұшу ап­па­рат­тары арқылы алынған деректер пай­даланылады. Сонымен қатар ай­мақтың даму жос­парлары да зерт­теуге енгізіледі – бұл су тас­қыны қаупі бар аумақтарды анық­­тау­ға көмектеседі.

Айтпақшы, былтыр осы жоба ая­­сында Батыс Алтай мем­ле­кет­тік та­биғи қорығы аумағында ор­на­ласқан Қара оба өзеніне жә­не Ог­нев­ка ауылы аумағында ор­на­лас­қан Тайынты өзеніне OTT Hydromet ком­паниясының гид­ропостттары қойы­лып, бү­гін­де олар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Батыс Алтай мем­ле­кеттік та­биғи қорығы аумағында ор­­на­ласқан Линейский асуында және Самар ауданында орналасқан Ұмыш асуында Vaisala компания­сы­ның метеостансасы қойылып, өл­шеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал биыл ақпан-наурыз ай­ла­рында Amanzholov University ға­лым­дары ресейлік әріп­тес­тері­мен бірге Шығыс Қазақстан об­лысы ау­мағында орналасқан Сауыр-Тар­бағатай таулары, Қал­ба тау­ла­ры­ның, Қара оба және Ақ оба өзен­де­рінің сағаларында қар­дың қа­­­лыңдығын өлшеу, ыл­ғал көлемін есеп­теу жұмыстарын атқар­ды. Алын­ған мәліметтерді то­погра­фия­лық және топырақ, өсімдік ерек­шеліктерімен бай­ла­ныстыра оты­рып, ғылыми не­гіз­дегі тұжы­рым­дамалар жасауға қол­дануға болады. 

Бүгінде Shygys Bastau ғы­лыми орталығы Үндістан, Ма­лайзия, Түркия, Қытай ел­де­рі­нің серіктес жоғары оқу орын­да­ры мен компанияларымен ты­ғыз жұ­мыс істеп жатыр. Серік­тес уни­вер­с­итеттердің үздік тә­жірибелерін зерт­теу аясында олар бірлескен ғы­лыми кол­ла­борациялар әзірлеп, Ғы­лым жә­не жоғары білім ми­нист­р­лігінің ғылыми гранттарына өті­німдер беру­ге мүмкіндік алуда.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,

Астана – Өскемен – Астана