in

Дина Нұрпейісова қартайған шағында ауылдан Алматыға неге көшті?

Екі ғасыр куәгері Дина Нұрпейісова солардың қатарында. Ұлы Құрманғазы күйшінің шәкірті атанып, кейін өзінің күйшілік мектебін қалыптастырған домбырашының өмірін қарасақ қызығы мен шыжығы көп. Бүгінгі мақалада сол өмірі жайлы кеңінен тоқталып, белгілі де белгісіз тұстары жайлы жазып өтпекпіз.

Дина жайлы жазғандар аз емес. Ахмет Жұбановтан бастап бірқатар зерттеушілер күйші туралы зерттеу жазды. Әрқайсысы өз дерегін қосып, өнерпаз биографиясын түгендеді. Десе де, бір-біріне қарама-қарсы пікірлер жоқ емес. Сондықтан біз бұл мақаламызды жазу үшін ғылыми сараланған материалға жүгіндік. Ал ғылыми материал жазылғанда барлық деректер сараланып, «майдан қыл суырғандай» берілетіні бесенеден белгілі. Сондықтан мақсатымызға жету үшін Айтолқын Тоқтағанның Дина күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайындағы философия ғылымдарының докторы (PhD) атану үшін жазылған диссертацияны негізгі көз ретінде алдық.

 

Дина Нұрпейісова Батыс Қазақстан облысы Еділ-Жайық өзендерінің аралығында орналасқан Бөкей Ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде (қазіргі Жаңақала ауданы) 1861 жылы дүниеге келген екен. Руы жайлы екі пікір бар. Бірі «төре», екінші деректер «төлеңгіт» дейді. Екі пікір иелерінің өз дәлелі мен өзгенің ойын жоққа шығаратын дәлелі бар. 

Динаның әкесінің есімі – Кенже, анасының есімі – Жәниха. Күйшінің Дина атануы да қызық. «Динаның шын аты, дұрысында, Мәдина болу керек-ті. Алайда осы аттас сүйген қызын түн асыра сайда күткен жас жігіт Төремұрат елең-алаңда «өмірге келген сәбидің атын қойып кет!» деп қолқалаған қос кемпір мен анасы Жәниханың көңілін қалдырмай, тіл ұшына кеп қалған таныс есімнің тек «…Дина»-сын ғана айтып, «Мә»-сін ішіне сақтап, күдік туғызбай, тездеп аттанып кеткен екен…». Бұл жайлы «Дина мен Сейтек» мақаласында Ләтифолла Қапашев жазған екен.

Динаның өзі айтқан деген келесідей сөз қалған екен. Ол үш жасынан домбыра  тартумен айналысқан, ал 9 жасынан бастап күйші Құрманғазыдан сабақ ала бастаған. Бұл қызығушылық бала өскен сайын арта берді. Әкесі кешкісін үйге келіп, сәл тынығып алғаннан кейін қолына алып, күй тартатын әдетін қызы Дина жақсы білетін және сол сәтті әдеттегідей күтіп отыратын. Домбыра босай салысымен кішкентай қыз отыра салып, әкесі орындаған күйлерді өз бетімен қайталап тартуға барын салады екен.

 

Айтолқын Тоқтаған: «Кіші қызына бар білгенін үйреткен Кенже оның домбыраға деген ерекше ықыласын естен бір сәт шығармайтын. Кезінде өзі меңгере алмаған дүниені қызының үйренгенін қалап, Динаның домбыраны әлдеқайда мықты күйшіден үйрену қажеттілігін іштен түйіп жүрді. Сөйтіп жүргенде, Кенженің ауылына біраз уақыт көріспеген досы, әйгілі Құрманғазы келеді. Мұны естіген Кенже шаруаларының барлығын тастай салып Құрманғазыны, әдеттегідей үйінің қадірлі қонағы ретінде қарсы алады. Кенже Құрманғазыдан қызын тыңдап, бойында күйге деген ыңғайы болса қол ұшын беруін сұрайды. Ал Құрманғазы «домбырашы қыз» атанған Динаны өзі де бұрыннан тыңдағысы келгенін білдірді».

Дина сол кезі туралы музыкатанушы ғалым Ғафура Бисеноваға келесідей аса қызықты әңгіме айтқан екен: «Құрманғазы бізге жақын ағайын болатын. Біздің үйге жиі келіп жүргенде күйлерін талай  тыңдадым. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қол ұшын беруін өтінді. Осыдан кейін той-думан, жиындарда онымен жиі кездесетін болдым. Әрине, бала кезімнен Құрманғазының өнеріне тәнті болып, ерекше еліктегенмен, сол кезде оның күйшілік құдіретін, асқақ шабытын түбегейлі түсініп, тереңіне бойладым деп айта алмаймын».

Күйші Дина Нұрпейісова тұрмысқа 19 жасында шықса керек. Бұл 1880 жыл. Күйеуі Нұрпейіс Мақатұлы. Бұл бірінші күйеуі. Ол 1894 жылы жөтелден қайтыс болып, Дина оның інісі Нұралыға әмеңгерлік жолмен некелеседі.

Осы ретте Дина неге Нұрпейісова атанып кеткені жайлы тоқталып өтейік. Жоғарыда жазғанымыздай әкесінің есімімен аталса Дина Кенжеқызы (орысша жазсақ Кенжина) болушы еді. Күйеуінің атына шықса Дина Мақат келіні (орысша Мақатова) деуші еді. Бұның жауабы оңай. Ахмет Жұбанов  келесідей жазады: «Бір күні елде өткен халық санағы, не сайлау, әйтеуір бір тізімге алу жұмысы жүргенде Дина өзіне тегі етіп 19 жасында қосылған күйеуі Нұрпейістің атын алады. Дәстүр бойынша қазақ келіндері атасының атын айтуға ұялып, күйеулерінің атына жазылып кеткені белгілі жағдай».

Айтолқын Тоқтаған: 1888 жылы (Динаның жасы 27-де) Дина қатысқан бір жиын мерекеге Құрманғазы да келеді… Құрманғазы көпшіліктің сұранысы бойынша қолына домбыра алып, бірнеше күйді бір сыдырта орындады. Динаның естелігі бойынша: «Құрманғазы едәуір уақыт домбыра тартып отырып, менің сол қолымды өзінің оң қолына ұстап отырып, егер осы екі қол бір адамға біткен болса, онан асқан дүниеде домбырашы болмас еді», – деп айтуының өзі жай емес… Осы жолы ол шәкіртіне өзінің жаңа күйлерін үйретумен қатар, Динаның өз жанынан күй шығаруына ақыл береді. Дина өзі де бұрыннан күй шығаруға әуестеніп жүрді. Бірақ ұстазының бұл айтқан сөзі Динаға өзінің күй шығаруына дайын екенін сезіндіре түсті. Бұдан былай Дина ерекше шабыттанып, күй шығарудан қымсынбайтын болды».

Жазушы Л.Қапашев Динаның барлығы 13 құрсақ көтергенін айтты (8 ұл, 4 қыз бала). Соның ішінде Нұрпейістен – Жамал, Қайырлы (Қайрош) және Жұрынбайды атайды. Дегенмен Айтолқын Тоқтаған зерттеу барысында Нұрпейістің «Жамал мен Қайрош балалары Динадан бұрынғы әйелінен қалған» деген деректер табады. Сонда Нұрпейіс пен Динаның өз баласы тек Жұрынбай ғана.  Ал екінші күйеуінен (Нұралы) Б. Жұрынбайқызының айтуынша, он бір құрсақ көтерген. Динаның немересі Балжан Жұрынбайқызының есінде қалғанын айтып берген: оның қыздары – Бақтылы, Салиха, Қоңыр (Қожа).

1920 жылдары бүгінгі Астрахан аймағына көшуге бел буады. Өйткені тұрмыс нашарлап, аштық пен кәмпеске жайлаған кезге тап болады. Айтолқын Тоқтаған: «…Біршама уақыт өткен соң Дина отбасымен Володар ауданындағы Козлово ауыл советіне қарасты бір шағын ауылға қоныстанады. Козлово ауылынан бар-жоғы бір жарым шақырым жерде орналасқан сол елді мекен кейін «Дина ауылы» (Диановка с.) атанып кеткен екен». Бұл жерде ғалым «Диановка» деп Дина Нұрпейісованың құрметіне аталып кеткен болуы мүмкін дейді.  Ал жалпы көшу себебі жайлы: «Динаның ашаршылық кезінде отбасымен осы жерге көшуі, біріншіден, табиғат қолайлығы, екіншіден басшылар мен жергілікті халықтың басым бөлігінің қазақтар болуы себебінен деп ойлаймыз” – дейді. Осылайша, күйбең тіршілік жалғаса береді.

1934 жылы алдымен ауылдық, кейін облыстық деңгейде көркемөнерпаздардың байқауы өтеді. Дина осы бәйгелерге де қатысады. Кейін күйші Қали Жантілеуовтың тікелей айтуымен Ахмет Жұбанов Динаны Алматыға алдыруға бел буады. Ол үшін сол Алматыдан Астраханға жас домбырашы Смағұл Көшекбаевты аттандырады. Іздеп әрең тапқан соң, Алматыға шақырып қолқаласа күйші Дина жоқ бармаймын дейді. Бұл жайлы Л.Қапашев жазған келесідей дерек бар. «Алматыға жүріңіз, сізді шақырып жатыр» деген сөзге Дина алғашында көнбеген. «Маған ештеңе керек жоқ, тыңдаушыларым осы жерде де бар. Жасым ұлғайған шағымда жылы орнымнан мені қозғап қайтесің? Одан да мен өз ауылымда, елімнің ортасында қала берейін. Мені қинама, шырағым» деп жауап берсе керек. С.Көшекбаев Динаны көндірем деп көп әрекеттенеді. Соның бірінде Дина Смағұлға «Өзің домбыра тартасың ба?» деп кенеттен сұрайды. Смағұл бірнеше күй орындап болып, «Апа, Алматыға келсеңіз сізден үйренетін адамдар көп. Бірінші оқушыңыз мен болар едім» деп тілек білдіреді. Сонда Дина: «шынымен де үйренетіндер көп пе?» деп, ұстазы Құрманғазының мұрагері ретінде сол кісінің өнерін үйретсем деген, ұстазының мерейін үстем етсем деген ішкі ойын жасырмай, Смағұлға айтып салады. «Егер де шынында да Алматыда менен үйренетін адам көп болса, ұстазымның маған берген өсиетін, күйлерін ол жақтағы домбырашыларға үйретуге мүмкіндік болатын болса, онда мен барамын» деп кесімді сөзін бір-ақ айтады. Сөйтіп, ауыл-аймағымен, туған-туысқандарымен қоштасып, С.Көшекбаевқа еріп, Дина Алматыға қарай тартады.

1937 жылы Дина Алматыға келіп, үлкен сахнаға алғаш көтерілгенін Ахмет Жұбанов жазып кеткен. «Сахнада иықты, ұзын бойлы, ер нұсқалас, басына үлкен жаулық тартқан әйел шықты. Жасы 76-ға жеткен, ұлғайған адам болса да, әйелдің жүрісі ширақ, бойы тіп-тік. Оң қолында ұзын сапты домбыра, үстінде кең, ұзын көйлек, иығына өңіріне зер төккен қызыл мақпал бешпет жамылыпты. Аяғында кебіс-мәсі. Сахна  кенересіне төгілте түкті кілем төселген. Әйел ыңғайсызданып, халыққа тәжім етті де кілемнің шетіне отырды. Шамасы, сахнаға шығу жайын оған жаңа ғана түсіндірген болу керек. «Ескі жолдасымен әңгімелескендей» домбырашы әйел пернеге қарай басын ие, бірден домбырасының құлақ күйін келтіре бастады. Ойын бастаушы Құрманғазының «Қайран шешем» орындалады деп жарияласымен, ол сахнадан кетіп үлгергенше, домбырашы домбырасының ішегін қағып та жіберді. Перне басылып, домбыраның үні шығысымен зал құлаққа ұрған танадай тына қалды. Домбырашы әйел домбырасын дыңғырлатып біраз отырды. Бұл ауыл адамдарының арасында күй тартқанда, жұрттың тынышталуына мұрсат бере, перне басып, домбыраны біраз қағып-қағып алатын әдеттен туған жағдай еді. Залдың тынышталғанын көрген әйел «Қайран шешем» күйін тарта жөнелді». 

Осылайша, Динаның қартайған шағында өнер жолындағы екінші тынысы  ашылады. Республика ішіндегі сахналардан бөлек, Мәскеудің атақты сахналарына дейін бағырдырған. Мысалы, 1939 жылы Мәскеуде өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық бірінші конкурсына қатысып, бірінші бәйгені алады. 1944 жылы Динаға ұзақ жылғы шығармашылық жетістіктері үшін және Қазақ филармониясында атқарған қызметіне байланысты Қазақ КСР-ның Халық артисі атағы беріледі. Күйші Дина Нұрпейісова 1955 жылы 94 жасында қайтыс болады.

Рүстем НҮРКЕНОВ