in

Ұлы дала жорығы: Жарыс жолынан 9 ат шығып қалды

Сонымен бүгін “Ұлы дала жорығы” халықаралық ат бәйгесінің екінші күні басталды. Бүгін жарыс жолына барлығы 85 аттың 76-ы жолға шықты. Демек 9 ат жарысқа қатыса алмайды деген сөз. “Жорық ат спорты” федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбековтың айтуынша, жарысқа шыға алмаған аттардың денсаулығы сыр берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Айталық, Қарашай-Черкесс командасынан 1 ат, Ақмола облысының қыздар командасынан 1 ат, Түркия командасынан 2 ат, Венгриялық 1 ат, Ирандық 2 ат, Татарстан командасынан 2 ат жарыс жолынан шығарылған. Бәйге жолына шыға алмай қалған сәйгүліктердің дені аяқтарынан ақсап қалғанға ұқсайды. 

“Жол қиын болды. Атым тұяғынан ауырсынып тұр. Бірде борпылдақ, бірде тастақты жермен жүргендіктен аттар жер қыртысына бейімделе алмай қалды деп ойлаймын. Алғашқы 50 шақырымды жақсы еңсергенмен соңғы елулікте жаңбыр жауып, жол тайғақ боп кетті. Астымдағы ақ бозым осындай кезде табанын тасқа тілгізіп алды”, – дейді Қарашай-Черкесс командасында жолдан шыққан шабандоз Катя Горбунова. 

Ұзақ жолда аттардың нағыз бабы мен жарамдығын бағалау енді басталғандай. Атбегілер мен шабандоздар алғашқыдай емес, өте сақ. Аттың әр қимылы мен оның мінез көрсету әрекеттерін қалт жібермеуге көшкен. Венгриялық атбегі Қуат Үсеновтің айтуынша, жарыс жолынан шығарылған аттарының тамыр соғысы жиілеп кеткен көрінеді. Оған ауа райы қатты әсер етуі де мүмкін екенін айтады атбегі.

“Менің аттарым Алматылық асыл тұқымдылар. Венгрлік шабандоздардың таңдауы біздің жүйріктерге түскен соң екеу ара келісіп жарыс жолына шықтық. Ат пен шабандоз бірін-бірі түсініп, үйренісіп кеткенше уақыт қажет. Енді барлығы дұрыс болады деген ойдамын”, – дейді атбегі Қуат Үсенов.  

Келесі 50 шақырымды басып өткеннен кейін де аттардың денсаулығы тексеріліп, барлық жағынан сараланатыны белгілі. Көрейік. 

Бердібек Хабай

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.