in

Шертердің қобыздан айырмашылығы бар ма?

Ешкім де бастан-аяқ «болды, бәрі зерттелді, табылды» деп айта алмайды. Бұл қағиданы ұстанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Болат Сарыбаев есімін мысалға алсақ өзі-ақ жетеді. Өткен ғасырдың орта тұсынан бастап, «қайтсем де ұлт тарихын түгендеймін» деген оймен ізденіс жасай бастайды. Нәтижесін бүгін бәріміз де көріп отырмыз.

Өткен ғасырда «қазақта тек домбыра мен қобыз ғана бар» деген ұстаным болды. Бәрі осы ұстаныммен жүрді. Тек Болат Сарыбаев қана бұл тұжырыммен келіспеді. Тарих қойнауына кеткен дүниелерді іздей бастайды. Біртіндеп нәтиже де көрінеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз деп жүрген – сазсырнай, жетіген, шертер секілді ұрмалы, соқпалы, шертпелі, үрлемелі музыкалық аспаптардың барлығы Болат Сарыбаевтың еңбегі. Біз бүгін тек бір еңбегі – шертерге тоқтамақпыз.

Шертер – домбыраға ұқсас музыкалық аспап. Ішек саны үшеу. Көлемі домбырадан екі есе қысқа. Шамамен қобыздың көлеміндей. Бетінің жартысына тері қапталады. Орындаушылар күй тартады, фортепианоның сүйемеудеуімен пьесалар да ойнайды. Тіпті бүгінгі күнде кейбірі шертермен ән салып жүргенін де байқадық. Бүгінгі күнгі шертердің түр-сипаты төмендегі суреттегідей:

 

Сөз басында айттық, шертердің атасы – Болат Сарыбаев. Бұл жерде ешқандай әбестік жоқ. Қазақ ұлт аспаптар тарихы Сарыбаевқа дейін және Сарыбаевтан кейін деп бөлінетінін кәсіби музыканттар жақсы біледі. Енді Болат Шамғалиұлының шертер жайлы жазғандарына тоқталайық. «Қазақтың музыкалық аспаптары» еңбегінде аспаптың алғашқы суреті жайлы жазады.

«Шертердің екі суретін біз суретші Бронислав Залесскийдің 1865 жылы Парижде басылып шыққан альбомынан кездестіріп отырмыз. Біреуінде аспапты шертіп ән салып отырған әнші бейнеленсе, екіншісінде сол аспаптын, өзі басқа үй мүліктерімен бірге көрсетілген. Б. Залесский қобыз деп атағаны болмаса, басқа жағынан шертер екендігі көрініп тұр. Әнші шертерді алдына алып шертіп отыр. Мойны қысқа, үш ішекті және аспап пернесіз екендігі көрініп тұр», – деп жазады Болат Сарыбаев. Ол суретті де ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар Сарыбаев: «XIX ғасырдың орта шенінде өмір сүрген орыс этнографы С. Болотов «Сырдарияда» деген еңбегінде шертіп ойнайтын бір аспап жайында мәлімет береді» деп тағы бір жерде «1967 жылы Ленинградтың көптеген музейіндегі музыка құралдарымен танысып, қазақтың және басқа көршілес халықтардың біраз аспаптарын суретке түсіріп алдық. Бұл да шертердің құрылысына ұқсайды… Бұл аспапты суретші С. М. Дудин 1902 жылы Сырдария облысынан тауып музейге өткізген» деген мәлімет жазып кетеді.

Осы мәліметтердің негізінде ғалым шертерді реконструкция (қайта жаңғырту) жұмысына кіріседі. Ағаш шеберлерімен қосылып, түрлі эксперименттер жасайды. Соның нәтижесінде, күй тартуға келетін музыкалық аспап дүниеге қайта келеді. Төмендегі видео сол еңбектің нәтижесі. Білуімізше, халық алдына шығып, телеэкраннан көрсетілген шертердің алғашқы таныстырылымы осы болса керек. Бұл 1969 жыл.

 

Бұл уақыт жайлы Б. Сарыбаев келесідей еске алады. «1968 жылы Республикамыздың Радио студиясы көне аспаптардың орындауында алғашқы халық ән-күйлерін жазып алған еді. Солардың ішінде …шертермен орындалған Ақан серінің әні «Қараторғай», Тәттімбеттің күйі «Саржайлау», «Көкей кесті», Сүгірдің күйі «Кертолғау» сол сияқты т б. күйлер жаңа формалы екі және үш ішекті домбырада ойналған.

1969 жылғы 25 октябрьде О. Бейсембаев жасаған асатаяқ тұңғыш рет филармония сахнасынан көрінді. Арада екі ай өтпей сол зал сахнасынан үш ішекті шертердің әсем үні естілді. Бұл жолы домбыра, сыбызғы, асатаяқ және шертерден құралған квартет халық күйі «Бозінгенді» орындады», – дейді Болат Шамғалиұлы.

Әрине, бұған дейін де бірқатар жұмыс атқарылғаны анық. Мысалға, ғалым беті түгелдей терімен қапталды деген мәліметті негізде алып, шертер жасап шыққан екен. Ол шертер қолданысқа енгізілгені не енгізілмегені жайлы еш дерек жоқ. Тек Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейін де сақталды деген шертердің эксперименталды нұсқасының фотолары бар. Бұл суреттер З. Жәкішева құрастырған «Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары» жинағынан алынды.

Бүгінде шертер жан-жақты насихатталып жүр. Жоғарғы білім беретін музыкалық оқу орындарда, орта білім беретін колледждерде, тіпті өнер/музыка мектептерінде шертер арнайы мамандық ретіндегі оқытылады. Шертерді зерттеп, репертуарында байытып жүргендер аз емес. Мысалға Құрманғазы атындағы консерваторияның профессорлары Ерсайын Басығараев пен Зәмзәгүл Ізмұратова еңбектері айтарлықтай. Сонымен қатар Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы және докторанты Ербол Мұхамедиев те шертер теориялық және практикалық түрде ғылыми түрде зерттеп жүр.

Бұған дейін “Месқобыз қазаққа керек емес пе?”  деген мәселені жазған болатынбыз.