in

Боччадан жеңімпаздар марапатталды

Мәулен Әшімбаев спортшыларды дүбірлі доданың аяқталуымен құттықтай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инклюзивті қоғам қалыптас­тыруға арналған бастамасының арқасында елімізде параспорт қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол боччадан Әлем кубогының Қазақстанда өтуі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі екенін айтты.

«Соңғы жылдары Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде елімізде параспорт қарқынды дамып, қазақстандық параатлеттер халық­аралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Сонымен қатар елімізде бочча­дан Әлем кубогы сияқты халықаралық деңгейдегі жарыстар да ұйымдастырылып жатыр. Осы сайыста барлық спортшы чемпионға тән жоғары шеберлік пен кәсібиліктің биігінен көріне білді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Қазақстан бочча федерациясының Президенті Әлем кубогының басты жетістігі жүлде ғана емес, жаңа достар табу және инклюзия мәдениеті мен спорттың адамдарды біріктіретін қасиетін дәріптеу екенін атап өтті. Ол Федерация атынан турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға, еріктілерге, төрешілерге және World Boccia команда­сына алғыс білдірді.

«Боччадан Әлем кубогының негізгі құндылығы жүлделер мен нәтижелерден әлдеқайда ауқымды. Бұл жарыс достықтың, өзара құрметтің және спорттың әртүрлі елдер мен мәдениеттер өкілдерін біріктіретін күшінің жарқын символына айналды. Турнир боччаның жай ғана спорт емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – асқақ рухтың, тең мүмкіндіктердің және жеңіс жолындағы ерік-жігердің озық үлгісі. Командалар, спортшылар мен жаттықтырушылар арасында орнаған достық ұзақ жылдарға жалғасып, жарысқа қатысушылардың жүрегінде Қазақстан туралы ең жылы естеліктер сақталады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық сайыста ВС1 санатында Индонезия құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Португалия мен Корея құрамалары өзара бөлісті.

ВС3 санатында Франция құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлдеге Италия спортшылары ие болса, Сингапур құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Ал, ВС4 санатында Ұлыбритания құрамасы боччадан Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Екінші орынды Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданы иеленсе, үшінші орын Қытай Халық Республикасының құрамасына бұйырды.

Айта кетейік, Astana 2026 World Boccia Cup сайысы 1 маусымда басталды. Бұл халықаралық турнир ресми рейтингтік жарыстар жүйесінің қатарында және алдағы Паралимпиада ойындарына жолд­ама беретін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Дүбірлі додаға Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция және Португалия бастаған көптеген елдің спортшылары қатысты. Бүгінде боччадан Қазақстан ұлттық құра­ма­сының сапында 50-ге жуық параспортшы бар екенін де атап өткен жөн.