Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп жазылған. Қағазға түскен жай жазу ғана емес, әр адамның өзіндік мінезі болатыны сияқты, демократияға ұмтылған мемлекетті өзгелерден ерекшелендіріп тұратын белгісі. 1948 жылы БҰҮ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған «Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясындағы» заң алдындағы теңдік, ар-ождан, дін бостандығы, сөз еркіндігі бас құжатымыздың негізіне айналған. Адвокат қызметінің күшейіп, «Миранда құқығының» енгізілуі кінәсіздік презумциясы барлығын нақтылай түседі. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бюджетінің шамамен 37-38 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп, 9,6-9,8 трлн теңгені құрайды екен. Бұл біздің әлеуметтік мемлекет екенімізді айғақтап, сөз бен істің арасында алшақтық жоғын аңғартады.
Елімізде демократиялық институттың үш тармағы, яғни заң шығарушы, атқарушы және сот билігі бар. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» концепциясы олардың тепе-теңдігін сақтап, басқару үлгісін жетілдірді. Соңғы саяси өзгерістер бір палаталы Парламент жүйесін енгізіп, унитарлы мемлекетке тән сапалы секіріс жасады. Кейінгі уақытта Парламент Сенаты мақұлдаған Конституциялық заңдар пакеті, «Салық кодексіне», «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бізді әлемдік стандарттарға жақындатты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға ауысып, аралас меншік формасын қабылдап, сырттан инвестиция тартып, реформаларды жеделдету үшін әлеуметтік-саяси салада тез шешімдер қабылдау қажеттілігі туды. Осы тұста Парламент Сенатының рөлі күшті болғанын мойындауымыз керек. Қазіргі даму эволюциясы бұл институт қызметінен бас тартып жатса, ұлттық заңнамамыздың негізгі базасы жасақталып үлгерді деген сөз.
Автократиялық режимде микрофон еркіндігі шектеліп, демократия акустикасы әлсірейді. Биліктің монологы ғана тыңдалып, диалогқа орын берілмейді. Осы сең бұзылғаны көңілге демеу береді. Әділетті Қазақстанның «Естуші Үкімет» идеясы елдік мегажобалардың, инновациялық бастамалардың, тұрмыстық мәселелердің қоғамдық талқылауға түсуіне жол ашты. Цифрланған eGov платформасында 50 мың дауыс жинаған кез келген петиция Үкімет отырысында қаралып, кәсіби мамандардың сүзгісінен өтеді. Мемлекет басшысы әрбір билік өкілі өзін халықтың қызметшісі сезініп, менеджерлік қабілетін танытуын баса ескертіп келеді. Пікірталас, ой алуандылығы бар жерде біржақтылық азайып, дұрыс шешім қабылданады. Бұған Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың подкаст жобасы жарқын мысал. Ол: «Біздің міндетіміз – күрделі мәселелерді халыққа ұғынықты форматта жеткізу. Бұл арқылы әр азаматқа пайдалы ақпарат бере аламыз деп сенеміз», – деген болатын. Қозғалған жайтқа ішінен үңіліп, әр істің төркіні неде жатқанын айыра алатын сала мамандарынан көрерменнің алары көп. Жасыратыны жоқ, біз кейде журналист көтерген мәселемен емес, оның авторымен күресіп кетеміз. Ал қолында тізгіні бар топ арасындағы түрлі талқының түйіні тез шешіледі. Осы тәжірибені басқа әріптестері де қолға алса, ашықтық пен жариялық принциптері өміршең болар еді.
Алдымызда билік иерархиясы да, халық таңдауы да сыналатын сайлау науқаны келе жатыр. Кез келген елде экономика нарығы жылдам қалыптасқанымен, сайлау нарығының орнығуы оңай болмайды. Демократия талаптарына төзімділік сана сілкінісіне, заң үстемдігін мойындауға тікелей байланысты. Құрылтайдың партиялық тізіммен, яғни пропорционалды тәртіппен жасақталуы менталды ерекшелігімізді ескергеннен барған қадам екені түсінікті. Рулық-жершілдік, кландық мүддені алға шығарып, заң шығару органына кездейсоқ адамдардың кіріп кетуі қауіпті. Бірақ дауыс көп жинаған партияның қатарында аты-жөні көпшілікке танымал, қоғамдық өмірде белсенді азаматтардың болғаны маңызды. Заң мен экономикадан хабары мол, әлеуметтік ойдың бел ортасында жүрген кәсіби мамандардың шоғырын көргіміз келеді. Популистік мәлімдемелерге әуес, қой мен қоянның ізін айыра алмайтындар абырой әпермейді. Жалақыны сіз бен біздің салығымыздан алатын депутат сапасын талап етуге құқылымыз.
1937-1938-жылдардағы сталиндік қуғын-сүргінге қатысты орыстың тарихшы ғалымы Юрий Жуков тосын түйін жасайды. «Неге қанды қасаптың едәуір үлкен бөлігі осы екі жылға келді?» деген сұраққа жауап іздейді де, оны 1936 жылы қабылданған конституциямен байланыстырады. Билікке керзі етіктің күшімен келгендер альтернативалы сайлау жүесінен қорқып, сауатты жаңа буын ішіндегі оппоненттерін «халық жауы» тізіміне қосуға асыққанын айтады. Сөзінің дәлелі ретінде архив құжаттарын ұсынады. Бүгінгі сайлауда да әділ бәсеке болмаса, қарсылас тараптар ақпараттық ресурстарда түрлі троллинг, манипуляцияға құрылған материалдар ұйымдастырып, бір-бірін кемсітіп, мұқатуы мүмкін. Сол үшін де құқықтық иммунитетіміз мықты болуы қажет.
Білім мен ғылым өркениет көшіне ілесудің басты локомативі саналады. Кез келген реформа – сырты бүтін, іші түтін жылтырақ дүние емес, мемлекеттік саясатты түбірімен өзгіртіп, жаңару мен жаңғыруға бастайтын қадам. Таяу жылдары бұл саланың заңдың іргетасы нығайып, қаржылық әлеуеті артты, мақсатты гранттар бөлініп, ғылыми ортаның ынтасы мен құлышынысы өсті. Ескі Қазақстанның «ережесіз күрестері» Қаныш Сәтбаев негізін қалаған қара шаңырақтың тоз-тозын шығарып, бұтарлап тастағаны өтірік емес. Дүниежүзін дүрмекке салған пандемия, ғаламдық жылымық, табиғи және техногенді апаттар ғалымдар қауымдастығының маңызын көрсетті. Тіпті, кез келген заң жобасы ғылыми ортаның сүзгісінен өтсе, лоббизмнің лабиринтіне түспей, қарапайым халық үшін жұмыс істейтіні белгілі. Бір қуанарлығы, біздегі Ғылым ордасының мемлекеттік мәртебесі қайтарылып, қазына қамқорлығына алынды. «Ғылым және технологиялық саясат», «Педагог мәртебесі туралы» заңдар қабылданып, оқытушы-профессорлық құрамның материалдық жағдайы дұрысталды. Мысалы, академик атағын алғандарға өмір бойы мемлекеттік стипендия тағайындалуының өзі сүйіншілейтін жаңалық емес пе?! Мектеп мұғалімдері де жаяудың қасындағы атты кісідей еңсесін тіктеп алғаны көңілімізді марқайтады.
Иә, болашақ кілті білімде. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға», «Келешек» жинақтаушы жүйелері құрылып, «Жайлы мектеп» бағдарламасы қарқынды іске асуда. Үш ауысымды білім ошақтарынан біртіндеп құтылып, заманауи үлгіде жабдықталған жаңа ғимараттар кілті жиі табысталуда. Астана мен Алматы секілді қалаларда «24 те 7» үлгісіндегі кітапханалар жұмыс істеп, оқырмандар сұранысын өтеуде. Бұл – Америка мен Еуропада бұрыннан бар тәжірибе, соны өзімізге сіңіріп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру әрекетіндеміз. Жақында ғана «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» қаулыға қол қойылып, алдағы мақсатымызға жақындай түстік. Осы орайда классик жазушымыз Әбіш Кекілбайдың: «Кітап адамды, кітапхана адамзатты тәрбиелейді», – деген тәмсілі еске түседі. Қазақстанның әлемдік жағымды имиджі мәдениеттердің жақындасуымен іске асып, сол арқылы бейбітшіліксүйгіш бейнеміз айқындалады.
Жаңа медиа дәуірі азаматтық журналистика, блогсфера қызметін жаңа сатыға көтерді. Гаджеттер газеттер аудиториясынан үлкейіп, автоматтар мен ақпараттар соғысы қатар жүріп жатыр. Ешқандай медиаиндустрияда тәжірибесі, кәсіби дайындығы болмаса да, кез келген адам тікелей эфирге шығып, трансляция жасап, өз ойын бөліседі. Осыдан туатын қауіптің бетін қайтару мақсатында «Масс-медиа туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдап, жаңа Конституцияның 23-бабының 6-тармағында: «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді», – деп жазылған. Бұл бапта цензураға тыйым салынатыны айтылған, бірақ қисық ауыз, желөкпе сөздерге жол берілмейтіні де ескертілген. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің: «Ас-ауқаттан улансақ, дәрігерге барамыз, ал ақпараттан улансақ, қайда барамыз?» – деген риторикалық сауалы бәрімізді ойландыруға тиіс.
Қазақстан әлемде сауаттылық деңгейі өте жоғары елдердің қатарына жатады. Қоғамның барлық қабатының хат тануы, оқи алуы 99, 8 пайызды құраса, ол – орта және тегін білімге кепілдік берудің нәтижесі. Бірақ осы артықшылықты жете түсінбей, оны судың ағуы, желдің тұруы, оттың жануы сияқты табиғи құбылыс ретінде қабылдайтындар бар. Мұхиттың арғы жағындағы Сэм ағайдың елінде функционалды сауатсыздар шамамен 20-21 пайызды құрайды екен. Өкінішке қарай, бізде мектеп оқушылары мен ЖОО студенттерінің көбі 14 ақпандағы «Әулие Валентин күнін» бар салтанатымен атап өтіп, оқу-білімге қолжетімділік берген Конституция мәнін жете түсіне бермейді. Әрине, ресми шаралар ұйымдастырылып, құттықтаулар жолданғанымен, жүрекпен қабылдап, шын тебіренген сәттерді аз байқаймыз. Осы ретте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мектеп бағдарламасына «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» пәндерін енгізу бастамасын құптаймыз. Егер бастауыш сынып оқушыларының сөмкесінде «Отантану» оқулығы жүрсе, патриоттық тәрбие күшейіп, жас жеткіншектер ұлы даламыздың бағасын біліп, бір жұтым ауасының қадірін сезер еді. Ренессанстық дәуірдің басында тұрған Алаш көсемдері төл мәдениеті мен дәстүріне сүйенген жапондық үлгіге бекер басымдық бермеген. Біз де тарихи жадымызды тірілтіп, жас ұрпақ санасын оятып, сакралды ерекшеліктерімізді ұлықтауымыз керек.
Саясаттанушылар отарлық езгіде болған елге толық тәуелсіздік екі ұрпақ ауысқасын келеді деп болжайды. Қазіргі сын-қатерлер мен тәуекелдер, әлемдегі турбуленттілік, орналасқан геосаяси жағдайымыз «орта держава» ретіндегі позициямызды күшейтуге итермелейді. Конституциямызды жаңа редакцияда қайта қарап, ұлттық заңнамаларымызды оған сәйкестендіру – райы мен реңі өзгерген заманға бейімделу амалы.
Бекжан ӘШІРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері