in

Терезеден сақтан, ата-ана!

Биылғы жылдың бірінші тоқсандағы көрсеткіш одан да асып кеткен. Балалар қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың ушыққанына қа­ра­мастан, қоғам бұл мәселеге селқос қарап отырғандай.

Астана қалалық Полиция департамен­тінің мәліметінше, биыл алғашқы 6 айда балалардың терезеден құлап кетуіне қатыс­ты 46 оқиға тіркелген. Оның 13-і өліммен аяқталды. Бұл өткен жылдың дәл осы ке­зеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп. 

– Өкінішке қарай, биыл тіркелген оқиғалардың ішінде бала өлімімен аяқтал­ған жағдайлар болды. Ал 2024 жылдың қо­рытындысы бойынша 40 жағдай тірке­ліп, оның ішінде 7 бала қаза тапқан еді, – дей­ді Төтенше жағдайлар басқармасы бас­тығының орынбасары Сағдат Әнес.

Оның айтуынша, терезеден құлау деректері негізінен 2-4 жас аралығындағы балалар арасында жиі кездеседі. Бұл жас ерекшелігі балалардың қызығушылығы жоғары, қозғалыс белсенділігі дамыған, бірақ қауіп-қатерді толық сезіне алмайтын кезеңімен байланысты.

– Көп жағдайда мұндай оқиғалар ата-ананың баланы бірнеше минутқа қараусыз қалдыруынан болады. Сонымен қатар москит торына жалған сенім, терезе маңындағы жиһаздың орналасуы және қауіпсіздік құлыптарының болмауы негізгі себептердің қатарында, – деді ол.

Бүгінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір шаралар қолға алынған. Құрылыс нормаларына енгізілген жаңа талаптар бойынша, енді жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің терезелері міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуға тиіс. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының Құрылыс нормаларының (3.02-01-2023) шеңберінде енгізілген. Яғни, терезе конс­трукциялары абайсызда адамдардың, соның ішінде балалардың құлап кетуін болдырмауға бағытталуы қажет. Сағдат Әнес бұл нормалар қазір қолданысқа енгенін айтты.

Оның сөзінше, Астана қаласының бар­лық ауданының төтенше жағдайлар қызме­ті жергілікті әкімдік, полиция және ерікті­лер ұйымдарымен бірлесіп күнделікті про­филактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың қатарына тұрғын үй ке­шендерін аралау, ақпараттық парақ­­ша­лар тарату және түсіндіру кездесулері кіреді.

Ал Полиция департаменті болса, терезеден құлауға байланысты деректер көбінесе баланың жалғыз қалуымен немесе ата-ананың қауіпсіздікке немқұрайды қарауымен байланысты екенін айтады.

– Көптеген жазатайым жағдайда терезеден құлау москит торларымен байланысты. Былтыр елордада балалардың терезеден құлау фактісі бойынша 30-ға жуық оқиға тіркелді, – дейді Полиция департаменті.

Департамент өкілдері осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналарға бірнеше кеңес ұсынады. Айтуларынша, бала терезені өз бетінше аша алмайтындай бекіткіштер орнату қажет. Сонымен қатар терезе маңындағы жиһазды алып тастап, баланы жалғыз қалдырмау маңызды. «Балалардың өмірі мен денсаулығын сақ­тау – ересектердің басты міндеті», – дейді полиция қызметкерлері.

Бала психологиясына әсер ететін фактор көп. Психолог мамандардың айтуынша, кейбір балалардың терезеден секіруге немесе өз-өзіне зақым келтіруге баруы – күрделі ішкі жағдайлардың, эмоциялық дағдарыстар мен түсінілмеген сезімдердің салдары болуы мүмкін.

Психолог Балабек Кеніштайұлының айтуынша, мұндай әрекетке итермелейтін негізгі себептердің бірі – баланың өзін ешкім түсінбейді деп сезінуі. Оның ай­туынша, кейбір балалар айналасындағы ортадан эмоционалдық қолдау көрмей, ішкі дүниесін сыртқа шығара алмайды. Салдарынан түрлі экстремалды әрекеттер арқылы өзіне назар аудартуға тырысады.

– Терезеден секіруге немесе қауіпті әрекетке баруға көптеген фактор әсер етеді. Соның ішінде баланың өзін өзгелер түсінбейді деген сенімі жиі кездеседі. Кей жағдайларда балалар бір-бірімен бәсекеге түсіп, қауіпке бас тігеді. Мысалы, «Көпір­ден секіре аласың ба?» деген тәрізді сынақ­тар – өкінішке қарай, ойыннан қайғылы жағдайға ұласып кетуі мүмкін, – дейді маман.

Оның сөзінше, 3 пен 6 жас аралығындағы балалар өлім ұғымын толық түсінбейді. Олар үшін терезе – қызықтың бір түрі болуы мүмкін. Яғни, бұл жаста баланың құлап кетуі көбіне байқамай, ойнап отырып орын алады.

Ал 13–17 жас аралығындағы жасөс­пірімдерде тұлғалық мені қалыптасып, өзінше ойлау мен сезіну қабілеті күшейеді. Бұл кезеңде «менің пікірім маңызды», «мен де тыңдалуым керек» деген ішкі қажеттілік алға шығады.

Осы ретте ол ата-аналарға баламен бала кезден бастап жылы әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын ескертеді. Баланың әр сөзіне құлақ асып, өз пікірін айтуға мүмкіндік беру отбасылық байланысты бекітеді.

Баланы бақылаусыз қалдырмау қа­рапайым қағида екенін түсінгеніміз жөн. Бұл – ойлануға, әрекет етуге шақыратын нақты белгі. Осындай жауапсыз әрекеттердің  арты орны толмас өкінішке алып келеді. Терезе ашық тұрған сайын қауіп те ашық тұрады. Ал оны жабатын тек ересектердің жауапкершілігі.

 

Әсет ҚАЛИ