in

«Қазақстан тарихы» көптомдығының I томы жарыққа шығады

Бүгін Қазақстан тарихының академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі редакциялық алқаның кезекті отырысы өтті. Жалпы дауыс беру нәтижесінде «Қазақстан тарихы» көптомдығының бірінші томының қолжазбасы бекітіліп, басып шығаруға ұсынылды.

Отырыста Түркі дәуіріне арналған екінші томның мазмұны кеңінен талқыланды. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков баяндама жасады. Сонымен қатар белгілі тарихшылар – Ұлттық ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелдиев пен Оразақ Смағұлов, сондай-ақ тарих ғылымдарының докторлары Еркін Әбіл, Айболат Көшкімбаев және Галина Ксенжиктің рецензиялары тыңдалды.

Редакциялық алқа құрамындағы Меруерт Әбусейітова, Бүркітбай Аяған, Айгүл Сәдуақасова, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев, Дихан Қамзабекұлы, Ақан Оңғар, Күлғазира Балтабаева, Нұрсан Әлімбай, Зиябек Қабылдинов және Жәкен Таймағамбетов сынды ғылыми қауым өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, мазмұн мен құрылымға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында екінші томды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру және келесі отырыста «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты көптомдықтың үшінші томын талқылау туралы шешім қабылданды.

Қазақстан тарихының осы академиялық басылымы ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, терең әрі кешенді зерттеулер негізінде отандық тарих ғылымын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жоба болып табылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.