in

Келіп газ, ел-жұрт мәз

Бүгінде балталап отын жарып, шелектеп көмір тасып жүрген тұрғындардың қатары сирек. Бұл үрдіс қала маңындағы кенттерді былай қойғанда, шалғайдағы ауылдарда да жиі байқалады.

Дерекке жүгінсек, бүгінде өңір­лік сызба аясында 157 елді ме­кен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адам табиғи отынмен қам­тылыпты. Ал бұл облыстағы жал­пы халықтың 77 пайызын құ­райды деген сөз. Атап айт­қан­да, былтыр 17 ауыл газбен қам­тыл­ды. Ал осы жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 59,5 пайызға дейін жеткізу жос­пар­ла­нып отыр екен. Яғни, тағы 169 ел­ді мекенге көгілдір отын же­­кізілмек. Бұл мақсатта биыл жаңа жобаларды іске асыруға 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қа­­растырылды. Тағы 1,4 млрд тең­гесі жобалық-сметалық құ­жат­­таманы дайындауға бағыт­тал­ды. 

Қазіргі сәтте газдандыру жұ­­­­мыстары Қонаев, Балқаш, Жам­был және Іле аудандарында жүргізіліп жатыр. Ал өңірді газ­дан­дыру 2030 жылға дейін то­лық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл тұрмыстық жағдай­лар­ды жақсартуға ғана емес, со­нымен қатар экологияға жүк­темені азайтуға, экономикалық өсуге және ауылдық жерлерге ин­вестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Шалғай ауылдарды газдан­ды­рудың арқасында тұрғын­дар­дың тұрмыстық мәселелері ше­шімін табатыны сөзсіз. Мы­­салы, жақында Жамбыл ауда­нын­дағы Қазыбек бек ауылында газ тарату желісі іске қосылды. Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл мыңдаған адам­дар­дың өмір сүру сапасын жақ­сартуға жасалған қадам болды. Осы құрылыстың ашылуына қа­тысқан облыс әкімінің орын­басары Әсет Масабаевтың ай­туын­ша, тұрғындарды тұрақты газ­­бен жабдықтау – бұл тек жай­лылық қана емес, ауыл эко­но­микасының жарқын бо­ла­­шағына ықпал етеді.

– Шалғайдағы шағын ауыл­ға газдың келуі шағын бизнесті да­мытуға, өндіріс ашуға, инвес­ти­ция тартуға мүмкіндік туғы­за­ды. Бұл – тұрақты өсу мен жұ­мыспен қамтуға бағытталған қадам. Бұл газ желісі Қазыбек бек ауылынан бөлек, тағы да бес ауылды қамтиды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Ма­са­­баев.

Жалпы, газ құбырларын жүр­­гізу жұмыстары 2023 жыл­дың желтоқсанында басталып, 2024 жылдың соңында аяқтал­ды. Негізінен, кесте бойынша құ­рылысқа 26 ай берілген бола­тын. Жұмыс жоспарланған у­а­қыт­тан да ерте аяқталды. Жоба­ның жалпы құны 4,2 млрд тең­ге­ні құрады.

Айтпақшы, бүгінде аймақта бір­неше бағытта газ тасымал­дай­тын ірі магистралды газ құ­быр­лары жұмыс істейді. Ол қа­тар­да «Алматы – Талдықор­ған», «Алматы – Байсерке – Тал­ғар», «Алматы – Байсерке-Тал­ғардың» 2-ші желісі, «Бай­серке – Қапшағай», «Ташкент – Біш­кек – Алматы» газ құбыры желісі және өңір аумағынан өте­тін «Қазақстан – Қытай» құбыр же­лісі бар. Сондай-ақ «ғасыр жо­басы» атанған «Шелек – Ке­ген – Нарынқол» бағытындағы табиғи газ тарту желісінің құры­лы­сы қарқынды жүріп жатыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Алматы облысы