in

Қара темірдің салмағы – маңдай тердің бағасы

20 шілде – металлургтер күні. Бұл күнді атаулы дата ретінде еске алған сайын, пештің жалынында жұмыс істейтін, шойын мен болатты балқытып жүрген қарапайым еңбек адамдарының өміріне бір сәт үңілу – парыз. Себебі бұл мамандықта даңғазалыққа толы сөзден гөрі, маңдай тер мен нақты іс сөйлейді.

Осы мереке қарсаңында «RG Gold» серіктестігінің учаске бастығы Амангелді Мұстафинге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау табысталып, Мемлекет басшысының атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

«Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Бастапқыда жай қара жұмысшыдан бастағанмын. Содан әрі қарай көтерілу үшін қаншама еңбек еттім. Бұл құттықтау менің отбасым үшін де, менің коллективім үшін де өте биік дәреже», – дейді ол.

Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас еңбек ұжымының мойындалуы.

Амангелді Мұстафиннің кәсіби жолы – Қазақстандағы металлургия саласындағы әлеуетті көрсететін айқын мысал. Ол жұмысшы қатарынан өндіріс басшылығына дейін өскен. Қазір өзі секілді жас мамандарға қарапайым кеңес айтады:

«Металлургия саласы – өте жақсы сала. Өсуге болады. Жастар соған мән берсін, ізденсін. Бұл кәсіптің болашағы бар», – дейді металлург.

Осы тұста өткен ғасырдағы тарихи контекске де көз жүгіртпеске болмайды. 1960 жылы Қазақстанда алғашқы домна пешінен шойын алынған күн бүгінде ресми түрде металлургия саласының туған күні ретінде атап өтіледі. Сол шақтан бері бұл сала мыңдаған адамға тұрақты табыс пен кәсіби даму жолын ұсынып келеді. Бірақ ауыр да қауіпті жұмыс жағдайы, еңбек қауіпсіздігі, кадр тапшылығы секілді түйткілдер де қатар жүруде.

Бүгінде Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті де 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Алайда оның нақты нәтижесі қай кезде көрінеді? Бұл сұрақтың жауабын дәл  осы Амангелді Мұстафин сынды еңбек адамдарынан іздеу керек. Себебі статистика тек цифрды айтады, ал өмір шындығын пештің жанында жүрген металлург айтады.

Амангелді Мұстафин – бір сәттік марапат үшін емес, ұзақ жылғы еңбек үшін еленген азамат. Оның еңбегі – жеке табыс ғана емес, жалпы саладағы адал қызметтің бейнесі. Сондықтан металлургтер күні – құрғақ құттықтауларға емес, нақты қолдауға негізделуі тиіс күн. Себебі өндіріс пен экономиканың іргесі дәл осындай адамдардың арқасында қаланып отыр.