in

Бүгін Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай, дауыл және өрт қаупі күтіледі

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 24 мамырда еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы болатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бірқатар облыста жаңбыр, найзағай, қатты жел, тұман және үсік күтілсе, көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Ескерту жасалған өңірлер қатарында Ұлытау, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары бар.

Астанада түнде жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Сонымен қатар желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан мен Жетісу облыстарының таулы аудандарында түнде үсік жүруі ықтимал. Ал Алакөл маңында, сондай-ақ бірнеше өңірде желдің күшеюі күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстануға шақырды.